ҚоғамТОП

Тұрғындар талон таппай қиналып жүр – ШҚО

Облыс халқын қалың қар, қатты аязбен бірге дәрігерге айлап кезек күту мен терапевтке талон алудың машақаты да қысып барады.

Өңірде де, өмірде де аяз былайынша айтқанда. Басы ауырып, балтыры сыздаған өңір тұрғындары арнайы маманға қаралу үшін айлап кезек күтуде, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.

Бет қарыған аязда бүрсеңдеп емханаға барып жатқан аймақ, облыс орталығының тұрғындары тауы шағылып кері қайтуда. Себебі, талон жоқ. Терпаевтке кіре алмаған, арнайы мамандарға қарала алмаған жұрт амалсыздан жекеменшік  клиникалар иелерінің қалтасын қампайтып, ақылы емханаларға барып жатыр. Өскеменде жекеменшік емханалардың ақысы кемі 8000 теңгеден басталады, екінші қайтара қабылдау 6000 мың теңге тұрады.

Екі-үш күннен бері көп адам Өскемендегі амбулаториялық емханаларда жалпы практика дәрігері терапевтке де қарала алмай жатқандарын айтып, хабарласып жатыр. Терапевтке талон алу, арнайы бейінді мамандарға қаралу бұрын да мәселенің мәселесі болатын. Әупірімдеп емханаға әрең жеткен науқастар күннің аязына қарамастан сарсаңға салып қойған дәрігерлердің бұл ісіне наразы.

– Болатов емханасына келіп тұрмын. Терапевтің есігінің алдындағы кезек өз алдына, кіруге талон жоқ. Міне бүгін 21 ақпан, ал терапевтке 28 ақпанға ғана талон бар. Терапевтке қан талдауларын, неврапатолог пен эндокринологқа жолдама алу үшін кіруім керек. Осы жолдама үшін бір апта кезек күтуге тура келеді. Үнемі осылай. Учаскелік терапевт болса аталған мамандарға науқастар алдын ала жазылып қойғандықтан наурыз айының ортасына дейін тіркелу жүргізілмейтінін айтты, – деген қала тұрғыны Рысхан Қабарханқызы мынадай аязда ауырып келіп, дәрігерге қарала алмай үйіне қайтып кетті.

Қаланың басқа  емханаларына барған науқастар да кері қайтып жатыр ма?

Өскемендегі Абай даңғылы 18 мекен жайында орналасқан амбулаториялық емханаға хабарласқанымызда, мұндағы жағдайдың да айна қатесіз дәл сондай екенін естідік. Терапевтке талон жоқ. Келесі аптаның бейсенбісіне ғана  бар. Яғни,    ауыра қалсаңыз арнайы маманды қойып терапевтке бір апта бойы қарала алмайсыз. Осы емханада ақылы терапевт те қабылдау жүргізеді екен. Ақысы – 6 500 теңге. Қай күні келсе де қаралуға болады дейді тіркеу орнындағылар.

Емханаларға барып жатқан елдің хал-ахуалын айтып, облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы Пациенттерді қолдау қызметіне телефон шалдық. Алғашында мен ештеңе білмеймін, деп ат тонын ала қашқан Пациенттерді қолдау қызметінің маманы біраздан кейін қайта қоңырау шалуымызды сұрады.

– Емханаларға тіркелген халық санының көптігіне байланысты қаладағы емханаларда кезек көп. Терапевтерге тұрғындар бір апта бұрын жазылып қояды, талонның болмауы сондықтан. Жазылу бір апта бұрын жүргізілмесе науқастар көбейіп кетеді. Алдағы уақытта министрлік тарапынан бұл жүйеге өзгеріс енгізілуі мүмкін. Егер науқас қатты ауырып келсе, «фильтр» бөлмесі арқылы қабылдайды, науқас емхана қызметкерлеріне өзінің қатты ауырып келгендігі туралы ескертуі керек, – деп жауап берді қайтадан қоңырау шалып сөйлескен қолдау қызметінің  дәрігері Гүлзира Жамишкенова.

Білген адам бір апта бұрын жазылып қояр, ал аяқ астынан ауырып-сырқаса қайтпек? Адам ауыратынын болжап отыра ма әлде? Ауруын асқындырып, апталап, айлап кезек күттіру деген ойға симайтын дүние. Жергілікті емханалардағы дұрыс жүйеленбеген қызмет көрсетудің кесірі осылай қарапайым халықтың арқасына аяздай батуда.

Ауруы жанына батып, терапевтке қарала алмай жүрген қарашаның  жекеменшік емханаларға барудан басқа амалы жоқ. Оның өзінде қолында ақшасы болса барады.

Денсаулық саласын басқаруға жаңа министр келгелі салаға бірқатар жаңашылдық енгізілетіні, енгізіліп жатқаны жазылып жатыр. «Емханада медициналық көмек көрсетуді жақсарту үшін бұйрықтар мен стандарттарға өзгерістер енгізілуде» деген хабарлама шықты министрлік сайтында.

Онда: «Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап бейінді мамандарға тікелей жүгіну тәсілдері жетілдірілетін болады. Пациент келесі жағдайларда жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз бейінді мамандарға жүгіне алады:

1) шұғыл жағдайлар мен жарақаттар, оның ішінде офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа да жарақаттар;

2) шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету;

3) дерматовенерологиялық бейіндегі аурулар;

4) тіркелген жері бойынша акушер-гинекологқа және психологтың қабылдауы;

5) онколог және онкогематологтың қабылдауы;

6) диспансерлік есепте тұрған пациенттерді  кардиолог эндокринологтың, офтальмологтың, невропатологтың, хирургтің қабылдауы;

7) оны тағайындау бойынша бейінді маманның қайта қабылдауы;

8) Жастар денсаулық орталықтарында мамандардың қабылдауы;

9) жылжымалы медициналық кешендер мен басқа да мобильді қызметтердің қызмет  көрсетуі кезінде жүзеге асырылады.

Сәуір айынан бастап динамикалық бақылау тәртібі және жалпы практика дәрігері мен бейінді мамандардың бірлескен жұмыс алгоритмі қайта қаралады, бұл мультидисциплиналық тәсілді қамтамасыз етеді. Осы жұмыстың шеңберінде зерттеулерді жүргізудің еселілігі мен көлемі әрбір пациент үшін жеке тәртіппен айқындалатын болады» делінген хабарламада.

Енгізілетін жаңа өзгерістер халықтың дәрігерге ешқандай кедергісіз қаралуына жағдай туғызатындай тиімді тұрғыда жасалып, тұрғындардың дәрігерге қаралуын жеңілдетсе игі. Әйтпесе, мемлекеттен медицинаға бөлініп жатқан сан миллиард қаржыдан халыққа не пайда?

Осы айдарда

Back to top button