Қоғам

Тұрғын үйлерге жылу беріле бастады

Облыстағы тұрғын үйлер алдағы жылыту маусымына дайын, барлығының тиісті төлқұжаты бар. Бұл жөнінде бірқатар маңызды мәселе бойынша кеңес өткізген аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.

– Алдағы күндері түнгі ауа температурасы -7 градусқа дейін төмендейтіндіктен 29 қыркүйектен бастап жылытуды бастауға бұйрық бердім. Биыл халықтың көмір сатып алуында еш дүрлікпе болған жоқ, теміржол тұйықтарында қатты отын жеткілікті, қосымша екі тұйық ашылды, қазан айында бұл жұмысты жалғастыру керек, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар қала-аудан әкімдері, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының мамандары әлеуметтік нысандарды электр жылуынан қатты отынға ауыстыру мүмкіндігін мұқият талдауы тиіс.

– Мұны қайта жасауға болатыны және шығын мөлшері туралы нақты техникалық-экономикалық негіздеме болуы керек. Мысалы, Катонқарағай ауданындағы 36 мектептің 32-сі электрмен жылытылады. Бір ай ішінде барлық ақпаратты дайындау қажет, – деп тапсырды Даниал Ахметов.

Өңірде әкімдіктердің, депутаттар мен мониторингтік топтардың әлеуметтік өнімдердің бағасын ұстау бойынша бірлескен жұмысы жалғасып жатыр. Айталық, Өскеменде халықтан бағаның шарықтауына байланысты 32 шағым түсті, Алтай, Күршім және басқа аудандар тұрғындарынан да осындай ақпарат келуде.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button