Қоғам

Тұрғындарға қорқудың қажеті жоқ

Азамат Темірбеков

Биылғы  халық санағы осыған дейінгі халық санақтарынан өзгеше болмақ. Бұл туралы Өскемен қалалық статистика басқармасының басшысы Баянсұлу Тоқұшева хабарлады.

Елімізде өтетін халық санағы биыл екі кезеңде өткізілмек. Қыркүйек айының бірінен бастап 15 қазанға  дейін өткізілетін бірінші кезеңінде санақ онлайн форматта өткізіледі. Яғни, интернетке қолы жететін әр тұрғын өзін және отбасы мүшелерін тәулік бойы жұмыс істейтін sanaq.gov.kz сайтында тіркей алады. Ал 1-30 қазан аралығында болатын  санақтың екінші кезеңінде интервьюерлер халықты дәстүрлі түрде тіркеуге алады.

– Халық санағының тағы бір ерекшелігі – үй-үйді аралауға шығатын интервьюер мамандардың қолында планшет болады. Олар бұрынғыдай қағаз бен қалам тасымайды. Барлық ақпарат электронды базаға енгізіледі. Бұл өз кезегінде санақты ұйымдастыруға кететін басы артық шығындарды азайтса, кейін қорытынды ақпараттың шығуын жеделдетеді, – дейді Баянсұлу Тоқұшева.

Бір адамды тіркеуге шамамен 10-15 минут уақыт кететінін алға тартқан жауапты тұлға, көпшіліктің бұл шараға бір адамдай қатысып, барынша шынайы ақпарат беруін сұрады. Өйткені 10 жылда бір рет өтетін халық санағы ғана ел тұрғындарының демографиялық, әлеуметтік, экономикалық және саяси жағдайын көрсететін көрінеді. Сондай-ақ ол санақты өз үйінде онлайн форматта өтуге мүмкіндігі жоқ қала тұрғындары үшін халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту, сауда орталықтарында және Өскемендегі Добролюбов 45/1 мекенжайында орналасқан қалалық статистика басқармасының ғимаратында арнайы компьютермен жабдықталған бұрыштар ұйымдастырылатынын да атап өтті.

– Біз бұл жолы тұрғындарды тіркелген жері емес, тұрғылықты жері бойынша есепке алатын боламыз. Жеке адамның басына қатысты дербес ақпарат кез келген адамға қолжетімді болмайды. Барлық дерек бірден Статистика агенттігінің базасына түсіріледі. Яғни, азаматтарға өздері туралы ақпаратты салық органдары, я болмаса басқа да құрылымдар қолданады деп қорқудың қажеті жоқ. Халық санағы – ел халқының демографиялық және әлеуметтік жағдайын жалпылама түрде саралау үшін қажет екенін әрбір қала тұрғыны түсінген жөн, – деді Баянсұлу Тоқұшева.

Айта кетсек, биылғы халық санағында қала бойынша 400-ден астам интервьюер мен 62 нұсқаушы-бақылаушы маманға жұмыс болмақ. Қазіргі уақытта аталмыш мамандардың қатарын толықтыру мақсатындағы жұмыстардың жүргізіліп жатқанын хабарлаған басқарма басшысы, халық санағын жүргізуге атсалысып, табыс табамын деген адамдарға есік ашық екенін айтты.

 

 

Осы айдарда

Back to top button