COVID-19 

Тұрғындардың тең жартысы екпе алды

Азамат Темірбеков

Жоспар бойынша қазан айының басына дейін коронавирусқа қарсы екпе алуы тиіс 747 мың өңір тұрғынының бүгінде 55 пайыздан астамы вакцинаның бірінші компонентін алып үлгерді.

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Эльмира Рахымбаеваның қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыста 420 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін алса, екінші компоненті 288 мың адамға салынған.

– Екпе жоспарға сәйкес жүргізілуде. Осы айда вакцинаның 145 мың дозасын жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта өңірде «Спутник V» вакцинасы бар. Кейбір ауруханаларда CoronaVac вакцинасының екінші компонентінің қалғаны бар. Бұдан бөлек отандық QazVac вакцинасының 10 мың дозасының келуін күтіп отырмыз, – деді ол.

Тамыз айында шығысқазақстандықтарға вакцинаның үш түрі қолжетімді болмақ. Яғни, өңірге «Спутник V» және Hayat-Vаx вакциналарының дозалары жеткізілмек.

Жауапты тұлғаның айтуынша, халықты екпемен барынша қамту мақсатында облыста 300 екпе салу кабинеті ашылған. Осындай пункттер «Император», «Евразия», «ADK-River» сауда орталықтарында да орналасқан. Екпені бес жылжымалы мобильді пункттен де алуға болады.

Осы айдарда

Back to top button