ТОП

Тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді

Шығыс Қазақстанға арнайы іссапармен келген еліміздің Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Алтай ауданының халқымен кездесіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Бұл кездесу Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде жүргізіп жатқан реформаларымен жұртшылықты хабардар ету және Мемлекет басшысының атқарушы органдардың халық алдындағы жауаптылығы мен есептілігін күшейтуге қатысты тапсырмасын жүзеге асыру аясында қолға алынған іс-шара болды.  Кеншілер қаласындағы «Горняк» мәдени-демалыс орталығында өткен кездесуге облыс әкімінің міндетін атқарушы Алмасхан Сматлаев, Алтай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сергей Охременко, жұртшылық, аудандық атқарушы органдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар іс-шараның бір бөлігінің сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылуы аудан тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдары тілшілеріне көкейлерінде жүрген сауалдарын еліміздің Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа тікелей қойып, толыққанды жауап алуға мүмкіндік берді.

Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында есеп берген облыс әкімінің міндетін атқарушы Алмасхан Сматлаев бүгінгі күні өңір экономикасының қалыпты жұмыс істеп, басым бағыттарында динамикалық өсім барын хабарлады.

– Шығыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысының қоғамды трансформациялауға және өмірдің барлық салаларын дамытуға қатысты тапсырмасын орындау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс экономикасының тұрақты және сапалы өсуі қамтамасыз етілуде. Қысқамерзімдік экономикалық индикаторлар 108 пайызды құраса, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі – 108,2, ауыл шаруашылығы – 103, инвестиция 112 пайызға өсті. Осының барлығы мемлекеттік бюджет түсімін 163 пайызға өсірсе, оның ішінде жергілікті бюджет түсімін 122 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берді, – деді Алмасхан Сматлаев.

Оның айтуынша, еңбек нарығы тұрақты күйде сақталып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздық деңгейден асқан жоқ. Керісінше, экономикалық даму өңірде қосымша 6,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген. Оған қоса, алдағы уақытта облыс аумағында  индустриялық-инновациялық 14 жобаны жүзеге асыру көзделгенін алға тартқан Алмасхан Сматлаев биылдан бастап оның үшеуінің қолға алынғанын атап көрсетті. Осылайша, өндіріс көлемін жыл сайын он пайызға ұлғайтуға жағдай жасалды.

Аймақ дамуына алтайлықтардың да елеулі үлес қосып жатқанына тоқталған облыс әкімінің міндетін атқарушы басты бағыты аграрлық салаға негізделген ауданда ауыл шаруашылығы саласының жақсы дамып жатқанын атап өтті.

– Тұрақты экономикалық даму облыстағы бірқатар әлеуметтік мәселелердің оңды шешілуіне жағдай жасады. Атап айтсақ, Алтай ауданының Серебрянка қаласында жаңадан іргетасы қаланған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілсе, алдағы уақытта осы сияқты тағы бір кешенді Алтай қаласында ашу жоспарланды. Өткен жылы ауданда 5,4 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілсе, биыл 60 пәтерлік көппәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде, – деді Алмасхан Сматлаев.

Оған қоса, қазіргі уақытта аудан орталығында ауызсу құбырларын ауыстыруға, елді мекендердің көше-жол желістерін және демалыс базаларына апаратын жолдарды жөндеуге, жарықтандыруға қатысты жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Бүгінгі күні мұндай форматтағы кездесулердің дәстүрлі тәжірибеге айналып келе жатқанын алға тартқан Премьер- Министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев облыстың алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі саналатынын атап көрсетті.

– Әлемді жайлаған түрлі факторларға қатысты экономикамыздың турбуленттілігі байқалып тұрған кезде ел Үкіметі негізінен азаматтардың әл-ауқатын көтеруге, қымбатшылықтың алдын алуға қатысты мәселелерді бірінші кезектегі күн тәртібіне қойды. Мұндай кездесулер жер-жерлердегі халықтың көңіл-күйін, олардың талап-тілектерін білуге көп көмегін тигізетіні белгілі, – деп атап өтті Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар Ерұлан Жамаубаев қазіргі таңда ел Үкіметінің бағаны тұрақтандыруға, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, халық табысын арттыруға және салық саласын цифрландыруға қатысты бағыттарды дамытып жатқанын да атап өтті. Кездесу соңында Премьер Министрдің орынбасары-Қаржы министрі жұртшылық өкілдері мен тілшілердің сауалдарына жауап берді.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button