Тұрғындар орталыққа жүгінеді
Берікхан Тайжігіт
Халықтың күнделікті тіршілігі барысында олардың көтерген мәселелерін шұғыл шешу үшін аудан әкімдігінде «Ашық әкімдік» жобасы іске қосылып, тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Бұл бағытта ауданда біршама істің басы қайырылды. Мәселен, Ақтоғай кентінде, Ақшәулі, Ақши, Ақшатау, Айғыз, Баршатас, Бидайық, Емелтау, Қосағаш, Малкелді, Мәдениет, Өркен, Сарыарқа, Тарлаулы, Тарбағатай ауылдық округтерінде «Электронды мемлекеттік қызметтер көрсету орталығы» ашылды.
– Бүгінгі күні орталық арқылы электронды үкіметтің «Е-gov» порталы арқылы әртүрлі бағыттағы электронды қызметтер көрсетілуде, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Абай. – Аталған орталықта тұрғындар электрондық цифрлық қолтаңба алу, электронды транзакциялар жасау, шаруа қожалықтардың құжаттарын тіркеу сияқты қызметтерді пайдалануда.
Аталмыш портал арқылы мемлекеттік қызметтің 120 түрі көрсетіледі. Өткен жылы орталықтар арқылы 45 мың қызмет көрсетілген болатын.
Аягөз ауданы.