Қоғам

Тұрғын үйлерді басқарудың жаңа форматы

Азамат Темірбеков

Биыл еліміздегі барлық көппәтерлі тұрғын үйлер басқарудың жаңа форматына көшулері тиіс болғанымен, бұл жұмысты әлі де болса соңына дейін аяқтай алмай отырғандар аз емес. Сол себепті мүлік иелерінің бірлестігін енгізу мерзімі келесі жылдың бірінші шілдесіне ауыстырылды.

Ел заңнамасына сай, биыл бірінші шілдеден бастап жұмыс істеп тұрған пәтер иелері кооперативтері, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар иелерінің тұтыну кооперативтері өз қызметін тоқтатуы тиіс болған. Осыған байланысты барлық көппәтерлі үйлер басқару органын мүлік иелерінің бірлестігіне немесе жай серіктестікке ауыстырулары қажет еді. Алайда көзделген жаңашылдықты іс жүзінде жүзеге асыру барысында заңнамалық түзетулер енгізуді талап ететін проблемалар анықталған. Сонымен қатар қолданыстағы басқару нысандары мен жеке құрылыс салушылар тарапынан кедергілер орын алған. Атап айтқанда, қажетті техникалық және қаржылық құжаттама жаңадан құрылған басқару нысандарына берілмеген. Осы себепті, кондоминиум нысанын басқарудың жаңа форматына сапалы көшу мақсатында Заң жобасы Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында мақұлданды.

Бұған дейін аймақтық коммуникациялар қызметінде осы мәселеге қатысты баспасөз мәслихатын өткізген облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазанов тұрғын үй заңнамасына пәтер иелері кооперативтерінің жұмыс істеу мерзімін ұзартуға қатысты түзетулер күшіне енсе де көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа форматына ауыстыру жұмыстары тоқтамайтынын хабарлаған.

Оның айтуынша, тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына көшіру шешімі пәтерлердің меншік иелері жиналыстарының қорытындылары негізінде дауыс беру арқылы қабылданатын көрінеді. Атап айтсақ, пәтер иелері жиналыс ашады. Бұл жерде пәтер иелерінің кемінде 10 пайызынан кем емес бастамашы топ құрылып, жиналыс өтетін датадан он күн бұрын хабарлама жасаулары қажет. Жиналыс барлық меншік иелерінің кемінде 50 пайызының қатысуымен және шешім қатысушылардың көпшілігінің келісімімен қабылданады. Кворум болмаған жағдайда жазбаша сауалнама жүргізілуі мүмкін.– Құрылған басқарудың жаңа нысандары «бір үй – бір мүлік иелерінің бірлестігі, жай серіктестік – бір шот» принципі бойынша жұмыс істейтін болады. Әрбір мүлік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестік өзінің жеке ағымдағы және жинақ шотын ашады. Осылайша, бұл принцип әрбір үйді басқаруға жеке көзқарасты қарастырады, – деді Нұрлан Рамазанов.Бүгінгі таңда облыстың аудан, қалаларындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің 90 пайызынан астамы басқарудың жаңа форматына көшіп үлгерген. Тағы бір айта кетерлік жайт, тұрғын үйді басқару нысанының болмауы ортақ мүлікті күтіп-ұстамауға, инженерлік инфрақұрылымды жылыту маусымына дайындамауға, қауіпсіз және жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға бағытталған шараларды істемеуге алып келуі мүмкін.Айта кетсек, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына көшу бағытындағы ақпараттарды «ҚазЦентрТҮКШ» акционерлік қоғамының https://zhkh.kz/ ресми сайтынан, сондай-ақ барлық сұрақтар бойынша аудандық, қалалық тұрғын үй қатынастары, тұрғын үй инспекциясы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары арқылы білуге болады. Ол жерлерде мамандар тұрғын үйді басқарудың жаңа нысанын тіркеуге дейін тұрақты негізде консультациялық көмектер көрсетеді.

Осы айдарда

Back to top button