Тұрғын үй салудың жаңа бағдарламасы

Ірі компаниялар Өскемен мен Семейдегі коммерциялық тұрғын үй құрылысына инвестиция салуға дайын. Облыс басшылығы биылдан бастап өңірде салынып жатқан үйлердің санын едәуір арттыруға, көрсеткішті 26 миллион шаршы метрге дейін жеткізуге және оны жыл сайын көбейтуге бел буып отыр.
Соңғы жылдары өңірде тұрғын үй құрылысының көлемі бірнеше есе өсті. Десек те, бұл халықтың қажеттілігін толық өтеуге жеткіліксіз. Осыған орай облыста жеке инвестициялар есебінен көппәтерлі үйлер салудың түбегейлі жаңа амал-әдісі әзірленіп отыр. Компанияларды іске ынталандыру үшін қосалқы инвестор ретінде «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қатыспақ, оның үлесі 25%-ды құрайтын болады. Облыс әкімі 12 ірі құрылыс компаниясының басшыларымен кеңес өткізді, олар жұмысқа дайын екенін білдірді, сонымен қатар болашақ құрылысқа арналған алаңдармен танысып, өз жобаларын ұсынды. Ең бастысы, мұндай тәсіл, әсіресе облыс орталығы үшін тиімді, ол жауапсыз мердігерлер мәселесін шешеді және бір компания үй салуды бастап, екіншісі аяқтап, ал үшіншісі кемшіліктерді жоюмен айналысатын қазіргі сорақылықтарды болдырмауға мүмкіндік береді. Жаңа механизмнің арқасында бас мердігер үйді толық аяқтап барып тапсырады, сондай-ақ олар ені алты метр аулаішілік жолдарды, бір пәтерге 1,5 орындық автотұрақтарды сала отырып, аумақты абаттандыруды да өз мойнына алады.
– Бүгінгі таңда өңір тұрғындарының депозиттерінде 460 миллиард теңге қаражат жатыр, бұл сатып алу қабілетінің өте жоғары екенін көрсетеді, – деп атап өтті Даниал Ахметов. – Мен баға конъюнктурасын білемін, маған сеніңіз, бір жылдан кейін жағдай мүлдем басқаша болады. Бірақ сіздер біріншісіздер, сол себепті сіздер ең тиімді шарттарды алып, әрқашан басымдыққа ие боласыздар.
Небәрі он күн ішінде барлық қажетті құжаттарға қол қойылып, компаниялар жұмысқа кіріспек. Оларға өзара әрекеттесудің үш нұсқасы ұсынылып отыр, атап айтсақ, «Ертіс» ӘКК барлық коммуникациялары тартылған дайын учаскені ұсынады немесе инвестор өз учаскесінде өзі әзірлеген жобалық-сметалық құжаттама бойынша салады, келесі нұсқа – инвестор конкурстық шарттар арқылы берілген учаскеде құрылыс жүргізеді.
Жұмыстың бұл түрі салынып жатқан тұрғын үйлердің санын арттырып қана қоймай, қолайлы бәсекелестік орта құруға да мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде бағаның төмендеуіне әкеледі, ал бұл халыққа пайдалы. Мұнымен қоса, жаңа инвестициялар тартылып, жұмыс орындары құрылады, бұл бәріміз үшін қиын қазіргі кезеңде аса маңызды. Қос қаланың тұрғындары үшін тағы бір маңызды жаңалық бар – «Отбасы банк» қазір дәл осындай коммерциялық тұрғын үйлерге ипотекалық несие берудің арнайы жүйесін әзірлеуде. Жиынға қатысқан банк өкілінің айтуынша, тұрғындар бұған қызығушылық танытып отыр, олар коммерциялық үйлердегі жаңа пәтерлерді ипотека арқылы алуға дайын. Ал «Отбасы банк» өз кезегінде тиімді шарттарды ұсынбақшы.
– Бұл жұмыстың бастапқы кезеңін толық бақылауда ұстайтын боламын, – деп атап өтті Даниал Ахметов.
Мәселен, «Дейнека» ЖШС Өскеменде 243 пәтер (23,7 мың шаршы метр) салып, пайдалануға беруге дайын екенін білдірді. Ал «Фирма Азия» ЖШС Семейде үш көпқабатты коммерциялық үй (барлығы 216 пәтер) салатын болады. Сондай-ақ «Сәтті», «Oskemen build», «Технология комфорта», «Arys stroy» және басқа да компаниялар өз келісімдері мен жұмыс істеуге деген ниеттерін растады. Олар тек Өскемен мен Семейден ғана емес, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан келіп отыр. Себебі, коммерциялық тұрғын үй құрылысының мұндай тетігі елімізде әлі ұсынылған емес. Яғни, Шығыс бұл салада да алғашқы болып отыр.
Тағы бір атап өтерлігі, келесі аптада жеке тұрғын үй құрылысымен айналысатын компаниялармен кездесу өтеді. Олар Өскемен, Семей және Аягөз қалаларының әкімдіктерінде бар бір қабатты үйлердің дайын мақұлданған үлгілік жобаларын да, мұнымен қатар өз жобаларын да пайдалана алады. Мұнда да инвесторлардың алғашқы пулы шоғырланады, сондай-ақ «Ертіс» ӘКК-нің үлесі 25%-ды құрайды. Көппәтерлі үйлерден айырмашылығы сол, шаршы метрдің бағасы бекітіледі, Семейде 140 мың теңге, облыс орталығында 160 мың теңге болады.
Жаңа механизмді қолданатын алғашқы инвесторлардың жұмысы басқа құрылыс компаниялары үшін үлгі болары анық. «Алғашқылар уақыты» жобасы тек құрылысшыларға ғана емес, сондай-ақ қаржы институттарына да қызықты әрі пайдалы. Өйткені құрылыс компаниялары ӘКК атынан мемлекеттік әріптеске және инженерлік инфрақұрылымы бар дайын учаскелерге ие болады, ал банктер ипотекалық нарықтың мүмкіндігін кеңейтеді. Әлбетте, жаңа механизм салынып жатқан коммерциялық тұрғын үйлердің санын 50%-ға арттырмақ.
Ержан Әбіш