Қоғам

ТҰРАҚТАНДЫРУ ҚОРЫНДА КӨКӨНІС – 82 ТЕҢГЕДЕН

Жанаргүл Мұқатай

Өскемен қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің редакцияға  берген ақпараты бойынша қазіргі күні қаладағы барлық азық-түлік супермаркеттері мен дүкендері жұмыс істеп тұр.

Қаладағы  «Магнум», «АДК»  сияқты ірі сауда орталықтары да тұтынушыларға қызмет көрсетіп жатыр. Интернет желісінің толық қосылмауына байланысты «АДК» сауда орталығының тек азық-түлік сататын бөлімдері ғана жұмыс істеп жатыр.

Жүргізіліп жатқан мониторингтік талдаулардан белгілі болғандай, облыс орталығындағы толайым сауда нүктелерінде, дүкендерде азық-түлік тапшылығы жоқ. Толайым сауда орындарында азық-түліктің бір айға жетерліктей қоры алдын ала жеткізіліп жатыр.

Қалада өткен жылдың аяғынан бері сенбілік жәрмеңкелер тоқтағанымен, қазір тұррақтандыру қорының  47 сауда нүктесі жұмыс істеп тұр. «Ертіс» ӘКК тұрақтандыру қорының дүңгіршектері мен сауда орындарына шамамен күніне 20 тонна көкөніс жеткізіледі. Оларда картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз әлеуметтік бағамен,  82-92 теңгеден сатылып жатыр. Арзан өнімдер мамыр айының ортасына дейін сатылмақ.

Қазіргі күні Өскеменде 30 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері бар. Шаһарда төтенше жағдай жарияланғаннан бері кәсіпкерлер өзге жерлестеріміздей блокпостарда тұрған, облыстық әкімдік ғимаратын күзетіп тұрған әскерилерге тамақ, басқа да қажетті тұрмыстық керек-жарақтарды апарып, қолдау көрсетуде. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары мемлекет басына, ел басына қауіп-қатер төнген сәтте қорғанымыз – әскерилерге, құқық қорғаушыларға қолдау білдіріп,  қамқорлық көрсетіп жатқан  мұндай кәсіпкерлердің қатары көптігін, қолғабыс шараларының жалғаса беретінін айтады.

Осы айдарда

Back to top button