Тұрақтандыру қоры дүкендерінде қант неге тапшы?
Дәл қазіргі уақытта облыс орталығындағы тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын сауда дүңгіршектерінде сауда қызу. Себебі, ол жердегі баға қаладағы азық-түлік дүкендеріндегі бағаны айтпағанда, базардағыдан да біршама арзан. Арзан тауарға кезек те көп. Алайда сол тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде қант тапшы. Қайсысына барсаң да, арзан бағадағы қант алу үшін кезекке тұрған халықтың нөпірін көресіз. Сонымен, қант неге жоқ?
Әсіресе, ЖМК ауданында бұл жағдай күнделікті көрініске айналғанын айтады тұрғындар. Кей жерлерде қанттың аздығы соншалықты, бір адамға бір келіден ғана сатылып жатқанын да, кезегі келгенде қант бітіп қалып, ертең қайта келіп кезекке тұруға мәжбүр болғандарды да көрдік. Бұл жағдайларға кезекті рет қаладағы тұрақтандыру қорындағы азық-түлік бағасына жүргізілген рейд барысында көз жеткіздік.
«Ертіс» ӘКК», БАҚ өкілдерінен, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мамандарынан құралған топ Өскемендегі Freshmarket сауда орнында, Жібек маталар комбинаты ықшам ауданында орналасқан қор дүңгіршектерінде, Әуезов даңғылы бойындағы «Колос», «Ивушка» ауданындағы City Center супермаркеттерінде болып, бағаға бақылау жасады. Рейд барысында қордың белгіленген өнімдеріне жосықсыз баға қосу байқалмағанымен, қанттың жоқтығы білінді.
– Сіздер қайта түс кезінде келіп тұрсыздар, ал біз мұнда қант алу үшін таңертеңнен бері кезекте тұрмыз. Сатушылар бір қап қана қант барын айтады, сондықтан өлшеп қана сатып жатыр. Қантты күн аралатып әкеледі, оның өзінде бір-екі қап қана. Ол бізге жетпейді. Күн сайын әкелеміз дегендеріне сенбейміз. Қант үшін сонау Жастар көшесінен осында келдік. Неге күнде әрі жететіндей етіп әкеліп қоймайды? Тым болмағанда екі келіден сатса… Дәл қазір 30-дан артық адам кезекте тұрмыз. Ал басқа тауарлар жеткілікті, бағасы да қалтаға соқпайды, – деді Өтепов көшесі, 2 үйдің жанындағы тұрақтандыру қорының сауда нүктесіне қантқа келген зейнеткер Жаңылхан Біләлова.
Сауда нүктесі тура «Жатақхана» аялдамасының артында орналасқан. Иесі, жеке кәсіпкер Нұрлан Жұмановтың айтуынша, ашылғандарына бір айдың жүзі ғана болған. Енді бейімделіп жатқандарын айтады. Бұл жерде тұрғындар Сейітқұмар Абдолдин, Рауқан Қазықызы сауда нүктелерінің саны артса деген тілектерін білдірді.
Ал «Ертіс» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Динара Шәріпованың айтуынша, қордың қаладағы 19 сауда дүңгіршектерінде тауар тапшылығы жоқ, дүңгіршектерге жеміс-көкөніс тасымалдау аптасына 3 рет, ал бакалея тауарлары күн сайын жүргізіледі. Бұдан бөлек, меморандум аясында 26 сауда дүкендерінде қордың сауда нүктелері ұйымдастырылған.
– Бағаны тұрақтандыру аясында сатылатын өнімнің бағасы нарықтағы орташа бағадан бірнеше есе төмен. Осыған байланысты да тұрғындардан тұтынушылық сұраныс пен кезек үлкен. Ал қант мәселесіне келсек, шынында аздығын байқадық. Кәсіпкерге күніне бір емес, екі-үш қап әкелуді тапсырдық. Жалпы, қалада қант тапшылығы жоқ, Тараз қаласындағы қант зауытымен келісімшарт жасастық. Қажетті көлем үзіліссіз жеткізіледі. Қосымша қорларды да қарап жатырмыз, – деп түсіндірді Динара Асқарқызы.
Мамандардың айтқандарын келтірер болсақ, әлеуметтік павильондардан бөлек, осындай бағадағы ұқсас өнімдерді қаланың ірі супермаркеттеріндегі мамандандырылған бөлімдерден де сатып алуға болады. Мұнда сәбіз, картоп, қырыққабат және пияздың келісі бар болғаны 82 теңгеден айналады.
Бұл бағалар нарықтық бағадан үш-төрт есе төмен. Баға мониторингі аптасына екі рет жүргізіледі. Кәсіпкерлерге тұрақтандыру қорына кіретін әлеуметтік тауарлардың 19 аталымына 15 пайыздан артық үстемеақы қоспау керектігі түсіндірілген. Қор дүңгіршектері келісім бойынша алдағы мамыр айының ортасына дейін жұмыс істейді.
Қалалық әкімдіктегі кәсіпкерлік бөлімі өкілдерінің айтуынша, халықтың жеміс-көкөніс өнімдерінің сапасына, бағасына қатысты барлық шағымдары бірден тексеріліп, қорытынды шығарылады.
– Барлық бұзушылықтар сол жерде жойылады. Бірақ атқарылған жұмыстарға қарамастан, бүгінгі күнге дейін 5 шағым келіп түсті, олар бойынша біз қазір жұмыс істеп жатырмыз. Тек біреуінде бағаның негізсіз 30 пайызға дейін қосылғаны анықталды. Біз тұтынушыларға үнемі тауарға түбіртек талап етуді түсіндіріп келеміз. Түбіртек, сауда орнының, не дүкенінің атауы болғанда ғана біз кәсіпкерді тексере аламыз, – деді Өскемен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гасан Тұрғанбаев.
Бөлім басшысының айтуынша, алдағы уақытта қалада тұрақтандыру қоры дүңгіршектерінің саны елуге дейін артпақ.
Дәурен Аллабергенұлы