Тұрақтылықтың дара моделін жасадық
Осыдан 30 жыл бұрын Алматыда өткен бірінші бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінде 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдаған болатын. Атаулы күн қарсаңында Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өңіріміздегі діни және этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері кездесіп, бас қосты.
Рухани келісім деген не? Соңғы кездері әлемде дінаралық қақтығыстар неге белең алып кетті? Жағдайды ушықтырмай, қалай бейбіт жолмен шешуге болады?
«Рухани келісім аясындағы 30 жыл» атты кездесуге қатысушылардың әрқайсы осынау сауалға жан-жақты жауап беруге тырысты. Жақында ғана, 13-14 қыркүйекте елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІІ съезі өткені белгілі. Сол съездің пленарлық отырысының ашылуында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ізгі ниет, диалог және ынтымақтастық қана табысқа жеткізетінін ерекше атап айтқан болатын. Облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Манарбек Мұхамеджановтың да осынау кездесуде сөйлеген сөзі Мемлекет басшысының ойымен үндесіп жатты.
– Иә, Қазақстан мемлекеті осыдан тура 30 жыл бұрын рухани келісім идеясын ұсынды. Қазақ елі, Қазақстан қоғамы тәуелсіздік алған уақыттан бастап дінаралық және этносаралық келісімді өзінің негізгі принципі етіп ұстады. Бұл тұрақтылық пен келісімнің өзегі еді. Өткен 30 жыл біздің мемлекетіміз үшін өсу, өркендеу жолы болғаны рас. Бірақ осы кезеңде, яғни мыңжылдықтар тоғысында әлем түрлі қақтығыстар мен сілкіністердің, бейбіт өмірге қауіп төндірген оқиғалардың куәсі болды. Осы кезде Қазақстан күллі әлем таныған өзінің қоғамдық келісім мен тұрақтылығының дара моделін жасады. Сөйтіп, 1992 жылы 18 қазанда Алматыда рухани келісімнің бірінші дүниежүзілік конгресін өткізді. Әрине, ол әлемдегі тыныштық пен бейбітшілікті, дінаралық тыныштықты сақтауға қызмет етті. Бірақ ол модель, ең алдымен, қазақ елі, Қазақстан халқы үшін қажет болды. Өйткені сонау Шыңғысханның заманынан бергі уақытта қазақ даласы қаншама жан беріп, жан алысқан тарихи оқиғалардың куәсі болғанын жақсы білесіздер. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары мұндай көпұлтты, көпконфессиялы мемлекеттің өмір сүруі екіталай деген сәуегейлер де көп болды. Бірақ, ең бастысы, барлық мемлекеттермен достастық бағытын ұстанған елімізге Жаратқанның көзі оң болды.
Шындығын айтсақ, әлем руханияттан қол үзу деген шыңыраудың шетінде тұр. Адамзат баласын одан құтқаратын бір-ақ нәрсе бар. Ол – рух бірлігі, ол – діндердің бірлігі. Мүмкін ол утопия сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ одан басқа жол жоқ, – деді Манарбек Әзімбекұлы.
Кездесуде сондай-ақ ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша бас имамы Ермек қажы Мұқатай, Өскемен және Семей архиепископы Андрей Бондаренко, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Рухани жаңғыру және гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры В.Шелепов және басқалар сөз алып, қазіргі қоғамда рухани келісімнің маңызды екенін ерекше атап айтты.
– Бізді ата-бабаларымыз дәстүрлі дін негізінде тәрбиеледі. Олардың барлығы жалпыадамзаттық құндылықтарды, махаббатты, төзімділік пен өзара сыйластықты бойымызға сіңірді. Біз өте бақытты халықпыз. Қазіргі біздің басты мақсатымыз – осынау қасиетті болашақ ұрпаққа аманаттау, – дейді Шығыс Қазақстан татарлары қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғ.Ешмурат.