Сессия

Тұрақты комиссиялардың төрағалары сайланды

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Өскемен қаласының VIII шақырылған мәслихатының  алғашқы сессиясы өтті. Жаңа депутаттық корпусқа 24 депутат сайланды.

Өскемен қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Шерубаев жаңадан сайланған депутаттарға депутаттық куәліктері мен төсбелгілерін табыс етіп, мәслихат төрағасын сайлауды ұйымдастырды.

Төрағалыққа екі кандидат ұсынылып, нәтижесінде көпшілік дауыспен Александр Светаш Өскемен қалалық мәслихатының төрағасы болып сайланды.

Өскемен қалалық мәслихатының үш тұрақты комиссиясы құрылып, әлеуметтік сала және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша Арайлым Есімбекова, бюджет, құрылыс және көлік мәселелері бойынша Анжела Горностаева, инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық

шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағасы болып Бақыт Амантай сайланды.

Қалалық мәслихаттың сегізінші шақырылымдағы құрамына бес партияның өкілдері кірді: Аmanat, «Ақ жол», «Байтақ», «Республика» және «Қазақстан халық партиясы».  Жаңадан сайланған 24 депутаттың бесеуі жас.

Халық қалаулыларын құттықтап, алдағы жауапты қызметтеріне сәттілік тілеген қала әкімі Жақсылық Омар алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істейтін басым бағыттарға тоқталып өтті.

–Бүгін сіздер қала тұрғындарының мүддесі үшін еңбек етіп, жауапкершілік арқалауға жол бастайсыздар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, өткен сайлау еліміздің саяси дамуында жаңа кезеңді ашып отыр. Бұл – жай айтылған сөз емес. Биліктің өкілді тармағының рөлін күшейту жаңа саяси процестердің негізі болуға тиіс. Сіздерді халықтың өзі тікелей сайлап отыр, сіздер олардың мүдделері мен арман-үміттерін жеткізесіздер. Сондықтан елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шеше отырып, халықтың бізге артып отырған сенімін ақтайық, – деді Жақсылық Омар.

Қала әкімі айтып өткендей, депутаттардың әрқайсы белгілі бір ауданнан сайланғаны белгілі, бірақ бұл тек сол ықшамауданның мәселесімен ғана айналысу керек деген сөз емес. Мәселен, орталық пен қала шетіндегі елді мекендердің дамуында айырмашылық бар. Сол мәселелерді кешенді түрде шешу – барлығына бірдей ортақ міндет екендігі айтылды.

Әрине, алға қойылған міндеттердің тез және нәтижелі шешілуі үшін мәслихат пен атқарушы билік органдарының өзара іс-қимылын дұрыс жолға қою маңызды.

Сессия барысында қала әкімі облыс орталығының инфрақұрылымын дамытудың бес негізгі бағдарламасына тоқталып өтті.

Оның бірі –  қала шетінде тұратын азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Шағын аудандарды дамыту» бағдарламасы осымен екінші жыл жүзеге асырылып жатыр.

«Таза қала» бағдарламасы аясында Ползунов көшесінде еліміздегі тұңғыш автоматтандырылған сұрыптау желісі іске қосылып, тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдайтын екі пункт ашылған болатын. Шілде айына дейін тағы сегіз пункт ашылмақ.

Бұл кешенді бағдарлама қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін жаңғырту, инфрақұрылымды жаңарту,  тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған жаңа полигон салуды қамтиды.

Қала әкімінің айтуынша, күн сайын қалада 226 мың көлік жүреді. Сондықтан «Кептеліссіз қала» жобасы бойынша  жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасады. Бағдарлама аясында «100 күнде 10 мың шұңқыр» челленджі іске қосылған. Оның мақсаты – қаланың барлық көшелеріндегі шұңқырларды жедел ағымдағы жөндеуге өтініштер кезегін қалыптастыру үшін Oskemen_bot telegram арнасы арқылы халықтың өтініштеріне жедел жауап беру.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы да биыл жалғасады. Оның аясында жыл сайын тұрғындардың өтініші бойынша 25-30 аула абаттандырылып, балалардың ойын алаңдары мен спорт алаңдары орнатылып, жарықтандыру жұмысы жүргізіледі.  Сонымен қатар биыл «Қасбеттерді (фасад) жөндеу» бағдарламасы қолға алынып, Назарбаев даңғылындағы 21 үйдің қасбетін жөндеу жоспарланып отырғандығы айтылды.

Сессия соңында депутат Надежда Шушаникова келесі сессия отырысын мемлекеттік тілде өткізуді ұсынды. Бұл ұсынысты қолдаған қала әкімі Жақсылық Омар алдағы сессия мемлекеттік тілде өтетіндігін, ұлтаралық қатынас тілін таңдайтындар үшін аударма құрылғысы орнатылатындығын айтты.

 

Back to top button