Тұрақтандыру қоры көкөніс сатуды бастады
Бүгіннен бастап әлеуметтік маңызы зор азық-түлік түрлерінің бағасын ырықтандыру үшін Өскемен қаласындағы Тұрақтандыру қорының павильондарында көкөністер сатыла бастайды.
Осы маусымда қор көкөністің төрт түрін бекітілген бағада саудалайтын болады.
Дәстүрге сәйкес күздің соңғы айында, яғни қарашада Тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде көкөністерді сату ісі басталады.
– 1 қарашадан бастап біздің павильондарда картоптың және сәбіздің бір килограмын 120 теңгеден, сондай-ақ пияз бен қырыққабаттың келісін тиісінше 110 және 100 теңгеден сатып алуға болады, – деп хабарлайды «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы.
Корпорация мәліметінше, барлық дүңгіршектер көкөніс өнімдерін қабылдауға толық дайын. Қордың қосымша нүктелерін ашу әзірге жоспарланып отырған жоқ.
Жұмыс істеп тұрған павильондардың тізімін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның сайтынан көруге болады.
Ержан Кеңесұлы