Қоғам

Тұқымы да техникасы да дайын

Сәуірдің соңын ала егіс алқаптарында қызу жұмыстың басталатыны белгілі. Биыл да өңір диқандары бұл істен қалыс қалмай, көктем туа қамбадағы тұқымын дайындап, техникаларын әзірлей бастады. Атап айтсақ, астық өсіруге машықтанған Алтай және Бородулиха аудандарының шаруалары алғашқылардың бірі болып көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге дайындықты бастап кетті.

2017-2021 жылдарға бекітілген егіс алаңы құрылымын әртараптандыру туралы меморандумға сәйкес, Алтай ауданында биыл егіс алаңы 72,2 мың гектарды құрап, былтырғы деңгеймен салыстырғанда 0,03 мың гектарға артады. Көктемгі дәнді дақылдарды егу ағымдағы жылы 40,2 мың гектарды,  майлы дақылдар 25,1 мың гектар, оның ішінде күнбағыс 19,4 мың гектарды, рапс 5,6  мың гектарды құрайды.

Себілетін тұқым материалдары «КазАгроЭкс» ұйымының зертханасында тексеріліп, 1-ші және 2-ші сыныпты тұқымдар 100 пайыз зерттелді. Бұған қоса, топырақтың құнарлылығын сақтау және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру үшін ауданның ауылшаруашылық құрылымдары 5309,5 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алды. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауданға 2665 тонна дизель отыны бөлініп, былтырғы  деңгейден 585 тоннаға артты.

Ауданда тракторлар мен басқа техникалардың 1009 бірлігі бар. Бұл биылғы егіс науқанының барлық қажеттілігін жабуға қауқарлы. Ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауылшаруашылық құрылымдары 600 млн. теңгеден астам сомаға 12 бірлік ауылшаруашылық техникасын және жабдықтарын сатып алуды жоспарлауда. Бүгінгі күні 312 млн. теңгеге алты бірлік техника сатып алынды.

Ал көктемгі егіс жұмыстарына бел шеше кіріскен бородулихалық диқандар да биыл жер өңдеу саласының әлеуетін арттыру үшін топырақтың және климаттың ерекшеліктері мен түсімі жоғары астық сұрыптарын пайдалануды жоспарлап отыр.  Ауданда алдын ала егіс алқаптарының құрылымын анықтау жұмыстары жүргізілген. Аталмыш деректерге сенсек, биыл мұндағы егіс алқаптары 325 мың гектарды құрамақ. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің хабарлауынша, жаздық егісті сәтті жүзеге асыру үшін биыл 210 мың гектарда ылғал жабу жұмыстары жүргізілетін көрінеді. Бүгінгі күні оның 34,5 пайызы орындалған. Сонымен қатар 39 мың гектар алқап жыртылып, 325 мың гектар алқап қайта өңделеді.

Жалпы алғанда, биылғы көктемгі егіс науқанына Бородулиха ауданы бойынша 1231 шынжыр табанды және дөңгелекті техника, 2146 түрлі агрегат жұмылдырылады. Алдын ала алынған ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі күні техниканың әзірлігі 100 пайызды құрайды.

Шаруашылықтарды жергілікті жерге бейімделген дақыл тұқымдарымен қамтамасыз ету мақсатында аудан бойынша үш тұқым өсіруші және бір асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. Бүгінгі таңда себілетін тұқымның 14,8 мың тоннасы, яғни 87,9 пайызы толықтай тексеріліп болды.

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін бородулихалықтарға ауыл шаруашылығы басқармасының бөлген квотасына сәйкес, 6370 тонна дизель отыны бөлінген. Оның 455 тоннасы наурызға, 1265 тоннасы сәуірге, 3315 тоннасы мамырға, ал 975 тоннасы маусым айына көзделген.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button