Өнер

Тұнып тұрған философия

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде «Наурыз – философия» атты көрме ашылды. Карантин шектеулеріне байланысты көрменің ашылу салтанатына тек БАҚ өкілдері ғана қатысты.

 Жалпы, Шығыс Қазақстан Өнер музейінде көктем мерекесі – Наурызға арналған көрме жыл сайын ұйымдастырылады, бірақ биылғы шараның жөні бөлек. Биыл мемлекет Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу туралы қаулының негізінде Наурыз айы Қазақстанның ұлттық дәстүрі мен мәдениетінің мерекесі ретінде бекітілгені белгілі. Олай болса, музей қызметкерлерінің көрмені ұйымдастыру барысында Шығыстың көктем мерекесінің ең көне бастауларын іздеуге ұмтылғаны байқалады. Музейдің үлкен залына қойылған коллекциялардың әрқайсының өзіндік айтар ойы бар. Наурыз мерекесі – бұл тұнып тұрған философия. Бұл – жақсылықтың мерекесі. Бұл – жаңа күннің, жаңарудың мерекесі. Көрмеде Наурыздың рәміздері қазіргі заман суретшілерінің мүсіндері мен картиналарынан көрініс тапқан. Кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы қолөнер туындыларының әрбіреуі көшпелі халықтың өмірінен сыр шертіп, тыныс-тіршілігінен хабар береді.

Көрменің ашылу салтанатында Өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева сөз алып, биылғы Наурыздың ерекше екенін атап айтты. Өйткені Мемлекет басшысы өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырған болатын. Соған сәйкес, наурыздың 14-23 аралығындағы әр күннің өзінің міндеті бар.  Наурыз мейрамына арналған осынау көрмеге қойылған әрбір экспонаттың әрқайсында мәдениетіміздің құндылықтары жатыр. Өнер музейінің директоры уақыт тауып көрмеге келген журналистер қауымына үлкен алғысын білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге барлығы 40-тан астам жәдігер қойылыпты. Наурыз мерекесіне арналған суретші әрі сәулетші Василий Бильковтың графикалық композициялары, Альфия Мухамедьянова, Татьяна Леонова мен Шаймардан Сариевтің картиналары нәзіктігімен келушілердің назарын өзіне ерекше аударады.  Наурыз философиясына арналған топтамалардың ішінде Шәңгерей Ибраевтың «Бата», «Наурызкөже» атты картиналары бар. Кеңестік заманда облыстың қаржы саласында қызмет еткен Шәңгерей Ибраевтың қалайша уақыт тауып осындай картиналарды салғанына таңғаласың.  Ұлы Сәкеннің айтуынша, артында азды-көпті туындылары қалыпты. Шәңгерей Ибраев соғыс жылдарында Семейдегі кинотеатрлардың бірінде безендіруші-суретші болып еңбек те еткен көрінеді.

Сондай-ақ жерлес суретші Қайсан Қадырбековтің картиналары да ұлттық нақыштағы бояуымен баурап алады.

– Мен үшін Наурыздың жөні бөлек. Өзім  наурыздың 14-інде дүние есігін ашқан адаммын. Сондықтан да наурыз – мен үшін ерекше қуанышты ай, наурыздың 14-і – мен үшін ерекше қуанышты күн, – дейді суретші.

Көрменің салтанатты ашылуына арналған жиында Қайсан ағамыз өзінің картинасына қатысты бір қызықты оқиғаны баяндап берді.

– Бірде шетелдің бір қаласында бір мектепке бардым. Мектеп директорының кабинетінде бір картина ілініп тұр екен. Этюд. Қарап отырып, мына суретші жас екен, энергетикасы мықты, шешімнің адамы деп қоямын.  Жақындап барып қарасам, астында  өзімнің фамилиям тұр, – дейді.

Әлеуметтік желілерде көрме туралы онлайн-экскурсия ұсынылады. Көрме 28 наурызға дейін жалғасады.

Мейрамтай Иманғали

Сурет: Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button