Қоғам

Тұңғыш әскери ұшқыштың ескерткіші

       Күршім ауылында ерекше бір салтанатты іс-шара болып, іргелі елді мекенге өзгеше көрік, тіпті айбар беретін тағы бір ескерткіш орнатылды. Бұл  – қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш, жерлесіміз Жақыпбек Малдыбаевқа арналған ескерткіш болатын.

Жақыпбек Малдыбаев 1907 жылдың 15 мамырында Найман руының Қарекерей бұтағынан шыққан шаруа отбасында Шеңгелді ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінде арабша сауат ашқан ол сол маңдағы алтын кенінде, ауылдық кеңесте әртүрлі қызметтер істеген екен. Жас жігіт 1929 жылы әскерге алынып, Түркістанның ерекше атты әскері бригадасының 82-полкінде взвод командирінің көмекшісі қызметін атқарады. Талабымен, алғырлығымен көзге түскен Жақыпбек 1932 жылдың наурыз айынан бастап Біріккен Орта Азия әскери мектебінің кавалерия бөлімшесінде білім ала бастайды. Оны жақсы тәмамдаған жауынгер 1933 жылы ұшқыштар мен ұшқыш бақылаушылар даярлайтын арнайы мектепті, бұдан кейін Әскери әуе күштері жанындағы әскери қызмет курсын бітіріп шығады.

1934 жылы Орта Азия әскери округінің Сталинабад (қазіргі Душанбе) қаласындағы 40-шы ерекше авиация отрядына аға ұшқыш-бақылаушы және фотоқызмет бастығы болып барған ол 1937 жылы ұшқыштар звеносының флагштурманы қызметіне тағайындалады. Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясын сырттай оқып бітірген Ж.Малдыбаев ұшақ штурвалына отырып, интернационалдық борышын өтеу үшін Хасан көліндегі шайқасқа және Испаниядағы азамат соғысына кеңес мемлекеті атынан қатысып, ерлік көрсетеді. Өкінішке қарай, айбынды жауынгер, шебер ұшқыш атанған есіл ер сол Испаниядан қайта оралып келе жатқанда Ташкент қаласы маңында ұшақ апатынан қаза табады.

Батыр ұшқыш жайлы мағлұматтарды Ташкенттің, басқа да әскери мұражайлардың табалдырығын тоздырып жүріп тірнектеп жинап, жұрт игілігіне ұсынған белгілі журналист, жазушы Айтмұхамбет Қасымовтың  еңбегін бөле-жара атаған абзал.  Ол кісі жатпай-тұрмай еңбектеніп, ақырында Шеңгелді негізгі мектебіне, Өскемен қаласындағы, Күршім ауылындағы көрікті де ұзын көшелерге Ж.Малдыбаевтың атын беруге себепкер болды. Осылайша, батыр атамыздың есімі мәңгі өшпейтін ардақты ардагерлердің қатарынан орын алды.

Күршімдегі ескерткіш осы ауылдағы ең ұзын көшелердің бірі  – Малдыбаев көшесінің оңтүстік шетіне, бұрынғы аэропорт ғимаратының жанындағы әдейілеп жасалған алаңқайға қойылды. Ескерткіштің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Е.Шораяқов, аудандық мәслихат хатшысы М.Қалелов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ақтекенов, мәдениет саласының ардагері Б.Өлмесеков, ардагер ұстаз Г.Қожахметова, мәдениет бөлімінің қызметкерлері қатысып, жүрекжарды тілектерін ортаға салды. Лента қию құрметі Б.Өлмесков пен М.Қалеловке беріліп, олар ескерткіштің салтанатты ашылуымен жұртты қызу құттықтады.

Салтанатты жиынды Мәдениет үйінің әншілері әсем әнмен әдіптеп, көңілді музыкамен айшықтап отырды.

 Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button