Қоғам

Тұмауды жеңуге дайындық керек

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тұмау мен ЖРВИ бойынша санитарлық-профилактикалық, санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу және медициналық ұйымдарының 2022-2023 жылғы эпидемиялық маусымға дайындығы туралы ақпарат ұсынылды.

 Алдымен өңірдегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы   Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы  С.Слямғазина ақпарат берді. Айтуынша, осы  жылдың сегіз айында ЖРВИ-дың 30 921 жағдайы тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жіті респираторлық инфекциямен сырқаттанушылық деңгейінің 1,2 есе төмендеуі байқалған. Облыс бойынша 14 жасқа дейінгі балалар арасында 13 053 жағдай тіркелген.  Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1 есеге төмен. Ал жасөспірімдер арасында сырқаттанушылық деңгейі керісінше 1,02 есеге өскен немесе 585 жағдайға көбеюі байқалған екен.

Осы сегіз айда тұмаумен барлығы 161 адам ауырғаны анықталған.

Брифинг барысында Сәуле Слямғазина иммундау мәселесіне де тоқталып өтті. Айтуынша,  биыл облыс тұрғындары арасында қауіп топтарындағы адамдарды иммундау үшін жергілікті бюджеттен 75000 доза тұмауға қарсы вакцина сатып алыныпты. Тұмауға қарсы иммундауға барлығы 74784 адам жатады.

Биылғы сегіз айда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемияға дейінгі кезеңде балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және білім беру, денсаулық сақтау нысандарында  34 оқыту семинарын өткізген екен.  Сондай-ақ тұмауға қарсы вакцинацияның пайдасы туралы облыстық  Ана мен бала орталығының дәрігер эпидемиологы Иван  Мещеряков кеңінен ақпарат берді.

– Тұмау –  тез таралатын вирус. Оның құрамына кіретін ақуыздар әртүрлі комбинацияларды құрайды және мутацияға ұшырауы мүмкін. Осыған байланысты жиі жаңа штамдар пайда болады. Вакцинация –  аурудан қорғаудың ең тиімді және барынша  қауіпсіз әдісі, –  дейді ол.

Жұмыс істейтін кәсібіне қарай тұмаумен сырқаттану немесе оны басқа адамдарға жұқтыру қаупі жоғары адамдарға, яғни медицина қызметкерлері, білім беру мекемелерінің, әлеуметтік қызмет көрсету, көлік, сауда, полиция қызметкерлері, әскери қызметшілері міндетті түрде вакцина алуы тиіс.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button