ҚоғамТОП

«Тұмандағы оттар» оқырманға жол тартты

Қолға қалам ұстап жазушы болу үшін қажырлы қайрат, талмас талап керек. Әсіресе күйкі тірліктің ауыр жүгін көтерген әйел заты үшін жазушы болу қиынның қиыны-ақ. Алайда санаулы болса да жазушылық пен ақындықты жанына серік еткен жандар баршылық. Солардың бірі – жерлес жазушы, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Гүлжан Қазимова.

Қаламгер көктем мерекесі қарсаңында тағы бір кітабын оқырман қауымға ұсынды. Пушкин атындағы облыстық кітапханада жерлес жазушы Гүлжан Қазимованың «Тұмандағы оттар» кітабының тұсаукесері өтіп, оқырман қауымға жол тартты. Кітаптың тұсаукесеріне жергілікті зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер қатысып, жазушы шығармашылығы жайлы ой бөлісті.

– Бұл кітапқа соңғы 10-15 жыл ішінде жазылған әңгімелер мен  новеллаларымды, мақалаларымды арқау еттім. Бұл менің оқырман қауымға ұсынып отырған екінші кітабым. Бағасын қадірлі оқырман қауым береді ғой, мен қолымнан келген, көңілден шыққан шығармашылығымды ұсындым. Алда тағы да жазар дүние көп. Мүмкіндік болса халыққа рухани азық беріп отырғанның артықтығы болмас деп ойлаймын, – дейді жазушы, кітап авторы Гүлжан Қазимова.

Сонымен қатар Гүлжан Ахметбекқызы – ұлт тағдыры мен тіл тағдырының жанашыры, ұлтжанды қайраткер жазушы екендігін көзқарақты оқырман қауым жақсы біледі. Сондықтан сол бір қайраткерлікті кітапты оқыған оқырман қауым қаламгердің шығармаларынан жолықтыра алатынына күмән жоқ. Шығармалары республикалық байқауларда көзге түсіп, жүлделі орындарға ие болып жүрген автордың бұл оқырман қауымға ұсынып отырған екінші кітабы.

– Қаламгердің бұл жолы тұсауы кесілген «Тұмандағы оттар» кітабына автордың бірнеше әңгімесі мен Оскар Уайльдтан аударған «Бақытты ханзада» аудармасы, өзінің айналасындағы жерлестері туралы новеллалары енген. Өлкеміздегі проза жанрында қалам тартып жүрген қабырғалы қаламгерлердің жалғасы ретінде өз оқырмандарының сүйікті жазушысына айналған Гүлжанның әңгімелері шынайы, бояуы қанық. Әсіресе әйел жанының жұмбақ қалтарыстарын суреттеуде нәзік жаратылыстың сүйініші мен күйінішін, бірде көл, бірде шөл тағдырдың жарылқау мен жабырқауын жайып салады қаламгер. Қаламгер шығармаларындағы психологиялық иірімдері – жазушының қаламгерлік батылдығын көрсетеді, – дейді кітапхана қызметкері Гүлбаршын Тілегенқызы.

Гүлжан Ахметбекқызы «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің «Әдебиет» номинациясы бойынша лауреаты (жүлделі 3-орын), «Журналистика» номинациясы бойынша дипломанты, «Абай әлемі» облыстық конкурсының дипломанты, Павлодар облысында өткен Қадыр Тайшықов атындағы республикалық сатириктер конкурсының арнайы жүлдесінің иегері. Осыған дейін «Қызғалдақ ғұмыр» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. Әңгіме, новеллалары республикалық «Қазақстан әйелдері», «Таң шолпан», «Жұлдыз» журналдарында, сондай-ақ, әр жылдары жергілікті облыстық «Ақ Ертіс» журналы мен «Дидар» газетінде жарияланып келді.

Осы айдарда

Back to top button