Мәдениет

Тұғыржабар туралы біле жүріңіз

Қазақтың салт-дәстүрінің діңінде ұлттың дүниетанымы, әдет-ғұрпы, өмір сүрудің заңдылықтары, заманның келбеті жатыр. Астарында аңшылықтың діңі бар дәстүрлердің бірі –  тұғыржабар.

Қолынан қыраны түспеген қазақтың жазылмаған дала заңы арқылы қалыптасқан дәстүрі көп. Соның бір парасы аңшылыққа қатысты. Дала заңында қыран құстың, жүйрік аттың жабдықтарын ұрлап кетуге тыйым салған. Тіпті қазақы қағида бойынша қыран құс, жүйрік атты сатуға болмайтыны тағы бар. Өйткені жүйрік ат пен қыран құсты басқа қонған бақ деп білген. Десе де, «қалауын тапса, қар жанады» дейтін қазақ қалағанын алудың жолында дәстүрді дәнекер еткен. Осылайша, көзі түскен дүниесін сұрап алудың өзін дәстүрге айналдырған. Соның бірі – тұғыржабар дәстүрі туралы бүгінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін. Тұғыржабар дегеніміз – ертеде көзі түскен қыран құсын қалап-сұрап алушының құс иесіне беретін қарымта сыйы.

Қалайда қалағанын алуды көздеген аңкөс, атқұмар азаматтар оның жолын табуға тырысқан. Алайда қыран құс пен жүйрік атты бір қауым елдің бағы санайтын ақы иесі жеке шешім қабылдауы да қиын болған. Десе де, түз тағысына аңсары ауған құсбегі, сондай-ақ сейіл-салтанатқа жаны құмар бай-бағландар және серілер жақсы қыранды есебін тауып қолға түсіруге тырысқан. Ең тиімді жолы «қалау» салты болып табылған. Осылайша, қалау салтын алға тарта отырып, тұғыржабар сыйын ұсынған. Тұғыржабар сыйының да көлемі аң алып жүрген қыранның алғырлығы мен қырағылығына, сын-сымбатына байланысты бағаланған.

Ел аузындағы әңгімеге сүйенсек, алғыр қыранға жамбылық, қысырақтық, бір аттық, тайлық, түйелік тұғыржабар ұсынған. Одан бөлек тұғыржабарға қалы кілем жапқан ат немесе түйе, басқа да асыл заттарды сыйға тартқан. Кейбір тарихи деректерде нағыз қыранның тұғыржабарына түйе бастатқан тоғыздан бергендер де болыпты.

Ақындықпен қатар аңшылықты серік еткен Абай атамыз сыбан елінің Тулақ есімді құсбегісінен Қарашолақ деген бүркітінің тұғыржабарына он шақты ірі қара беріп алған деген мәлімет бар. Зайсан қазақтарында ХХ ғасыр басында жақсы бүркіттің тұғыржабары 5-9 түйе немесе 200 бас қой, не болмаса 300-500 сом ақша болғандығы туралы ел ішінде әңгіме өрбиді. Қалай болғанда да қыранды арзанға бағаламағанын байқауға болады. Сондай-ақ сұлу сұңқарды түйеге бағалаған құсбегілер болған.

Міне, осыдан-ақ қазақтың сейіл құруға жаны құмар болғанын байқауға болады. Тіпті қыран құс пен жүйрік атты қалау арқылы алу құсбегі мен атбегінің әлеуетін көрсетіп, құрметін арттырған. Қазақ осылай дүниенің құнын, бағасын біліп, лайықты құндылыққа құрметпен қараған.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button