СпортТОП

Тұғылда екі бірдей спорт нысаны іске қосылды

Жуырда Тұғыл ауылдық округінде «2020-2025 жылға арналған абаттандыру жоспары» негізінде республикалық трансферт есебінен құны 7, 5 млн. теңге шағын футбол алаңы және құны 5,5 млн. теңге «Street Workaut» алаңы ашылды.

Бұл нысандардың ауылдың ажарын кіргізіп қана қоймай, ауыл жастарының, жалпы салауатты өмір салтын ұстанушы тұрғындардың күнделікті келетін орындарының біріне айналды. Нысандардың салтанатты ашылуына аудан әкімі Д.Жөргекбаев, аудандық мәслихат хатшысы А.Боғырбаев, мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Ауыл жастарының сұранысына сай жасақталған заманауи үлгідегі спорт алыңының жалпы аумағы 1000 шаршы метрді қамтиды екен. «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін бар жағдайды жасау қажеттігін нақтылап айтқан болатын. Салынған спорт алаңы ауыл балаларының спорттық әлеуетін арттырып, денсаулықтарын нығайтуы үшін және жеңімпаз жастарды тәрбиелеуге бастама болмақ», – деді аудан әкімі Д.Жөргекбаев.

Сонымен қатар Тұғыл ауылында ұзындығы 2, 5 шақырым болатын, орташа жөндеу жүргізілген К.Чуленов көшесі қолданысқа берілді. Мұнда да аудан әкімі сөз сөйлеп, көше тұрғындары жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ аудан әкімі Тұғыл, Қабанбай, Қарасуға барып қоғамдастық мүшелерімен кездесті. Тұғылдағы екі мектепке, мәдениет үйіне барды. Ал, Қабанбай ауылдық округінің Шеңгелді елді мекенінде жаңадан салынатын мектептің орнын көрді.

Тарбағатай аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің дерегінше, тән саулығын жаппай бұқаралық сипатқа жеткізу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін Ақжар, Тұғыл ауылдарындағы футбол алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген, жүгіру жолдары, көрермен отыратын орындар жасалған, жасанды көгал төселген. Сондай-ақ Қабанбай, Ақжар, Байтоғас, Карасу ауылдарында шағын футбол алаңдары орнатылған. Ақжар ауылында шағын стрит-воркаут қойылған. Тұғыл ауылынан спорт кешенін салуға облысқа бюджеттік өтінім берілген. Аудандағы Б.Сайханов атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қажетті спорт құралдарымен толықтай қамтамасыз етілген.

 Ерлан Бапанов,

Тарбағатай ауданы

 

 

Осы айдарда

Back to top button