Қоғам

Тұғыл көшелері асфальтталып жатыр

Ауылдағы инфрақұрылымдық ахуалды жақсарту жұмыстарының бірі жол жөндеу екені белгілі. Мұндай игі істер көл жағасын мекен етіп, тіршілігі балық шаруашылығымен біте қайнасқан Тұғыл ауылында да қолға алынды.

Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ  

Ауылдық округ әкімдігінің дерегінше, бүгінгі таңда аудандық және облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, ауылдағы Қ.Чүленов көшесіне асфальт төсеу жұмыстары басталып кеткен.

Еске салсақ, 2020 жылы да  «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ұзындығы 4600 метр болатын үш көшеге мердігер мекеме «Зайсан құрылыс» асфальт төсеу жұмыстарын жүргізген болатын.

Жалпы, Тұғыл ауылдық округінің әлеуметтік әлеуеті жаман емес. Экономикасының негізгі бағыты балық шаруашылығына негізделгендіктен, аулап, өңдеумен айналысатын «Рыбаки-Зайсана» ӨК, «Байтоғас» АӨК, «Төре-тоғам» ЖШС, «Ұлтарақ» ЖШС, «Дигам» ЖШС кәсіпорындары 750 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Еңбек бағдарламасы» аясында бес азамат қайтарымсыз грант алса, төртеуі несиеге қол жеткізген. Қайтарымсыз грант негізінен төрт көпбалалы отбасыға және біреуі 29 жасқа дейінгі жас азаматқа берілген. Олар қазіргі таңда сән салонын ашып, мал және құс шаруашылығын қолға алып, кондитерлік цех және дәнекерлеу ісімен айналысып, адал еңбектерін жалғастыруда.

Тек, балықпен ғана емес, мал шаруашылығына да бетбұрыс жасаған тұрғындар да бар. Мәселен, үш ауыл тұрғыны несие алса, «Игілік» бағдарламасы аясында «Қасым» шаруа қожалығы үш бас қазақтың ақбас тұқымды бұқасын әкеліп, мал басын асылдандыруда.

Округ бойынша 2021 жылдың 12 айында 152 млн. 900 мың теңгенің инвестициясы тартылған. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында облыс басшылығының қолдауымен Байтоғас елді мекеніне кіші футбол алаңы салынып, қолданысқа берілген.

Осы айдарда

Back to top button