Қоғам

Туған жер туралы жыр

Тарбағатай

Жүрек, жүрек сағынып тулап едің,

Естен кетпей асқар тау, бура белім.

Тарбағатай, Ақсуат, қалың Назар,

Сәлем бердім иіліп туған елім.

Әр қойнауың ертек қой өз алдына,

Көрсем келер балалық көз алдыма.

Кеше ұшырған перзентің бүгін, міне,

Апа болып келіп тұр өз алдыңа.

Ақын елім, күйші елім, жыршыл елім,

Өткенді еске ап алдыңда күрсінемін.

Әсет, Ауған, Кәрібай осы арада,

Ағытқан ғой боздатып жыр шүмегін.

Өмір көкке қаққанда жыр қанатын,

Бір серпіліп қалады жырғап ақын.

Көңіл, шіркін, самғайды-ау көтеріліп,

Асқандай боп аспанның бір қабатын.

Ал ақындар, шарықта, шалқы көкке,

Шабытыңды ақтарып жалпы көпке.

Ақын, шіркін, дәуірдің дауылпазы,

Аспандағы ұқсайтын нар түлекке.

 

                   Ақсуат

Уа, Ақсуат шұрайлы, жаялысың,

Айналаңды ораған саялы шың.

Сенде атамның ізі бар, ескі жұрты,

Еске салар халқымның баяғысын.

Уа, Ақсуат қойныңнан құт төгілген,

Бірге жайнап, бірге өскен құтты өмірмен.

Іші толған секілді алтын сандық,

Сәнге жиып қойғандай жүкке бірден.

Ақсуаттың дарынды түлектері,

Жетем жаннат бағыңа гүл еккелі.

Сағыныштың сарғайтқан сары белі,

Ақсуатым – жер ұйық жүректегі.

Төскейіңде елім бар шалқып жатқан,

Ырғынына ырыстың балқып жатқан.

Қойнауыңда төрт түлік мыңғырады,

Қара жердің қаймағын қалқып жатқан.

 

                     Туған жер туралы

Туған жер таптым сенен нені іздесем,

Болады мейіріңді теңіз десем.

Ақ дәміңнің киесі атар мені,

Қазақтың Шәмшақызы дегізбесем.

Тұрасың көкірегімде сырласымдай,

Келеді сағынышым бір басылмай.

Туған жер бір жыл сені көре алмасам,

Сезілер сол бір жылым бір ғасырдай.

 

                           Барлық тауы

Таласқан аспанменен таулар биік,

Мекендер аю, қасқыр, марал, киік.

Зәмзәмдай бұлақтарың шөл қандырад,

Кетпей ме сенде жүрсем іштен күйік?!

Аспанда ай мен жұлдыз күні қандай,

Қалқыған мұнарланып түні қандай?!

Суда балық, көлде құс, тоғайда аң,

Шулаған неше түрлі үні қандай?!

Жаннаттай тамашалы жазы қандай,

Келетін ұшып аққу-қазы қандай?!

Ескеріп болашақты бабалары,

Ұрпақ үшін таңдаған жері қандай?!

Шәмшабану Хамзақызы, ақын, ұстаз, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, бірнеше кітаптың авторы Шәмшабану Хамзақызының «Шамшырақ» атты кітабының таныстырылымы 7 қазан күні сағат 15.00-де Алматыдағы Ұлттық кітапханада өтеді.

 

Тұяқпын қалған соңында тұлпар шұбардың

Дәулетхан Әбілқайырұлы –  бір жарым ғасыр бұрын алмағайып заман лебімен ат басын Моңғолия жеріне бұрған Қаракерей Қожамбеттен тарайтын Жәлменбет ағайынның ұрпағы. Жасы бүгінде 70-ке тақаған ақын ағамыздың өлеңдері Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің көш басында тұрғанын атақты ақын Байыт Қабанұлынан бастап, көп ірі ақындар мойындайды.

Дәукең Қазақстанға 1990-шы жылдардың басындағы ұлы көшпен бірге оралды. Бүгінде Қарағанды облысында тұрады.

   Атажұрт

Бабалар біздің өмірден елім-деп өткен,

Жат жерде қалды бұйырып өлім кенеттен.

Аңырап бейбақ ауғанда атамекеннен,

Тұқым едік біз Шоң қарттың  белінде кеткен.

Ұлтаным десең арланбаймын ұлтан шығармын,

Тұяқпын  қалған соңында тұлпар шұбардың.

Ел жерін сүйген езілген жомарт жүректің,

Тамырында кетіп қайнаған бір тамшы қанмын.

Атажұрт еді айтатын сөзінінң басы,

Қайран ел еді жан дауысы сезім іңгәсі.

Көрем бе сені деуменен, көл болып аққан,

Жат жерде тамған мен едім көзінің жасы.

Төсінен өткен даламның тағылар желіп,

Арыстанымды басынды, қабылан жеңіп.

Жерімнен аудым, басыма қасірет төніп,

Қашқан құланың емеспін қағынан жеріп…

Амалым қанша солай боп,

Маңдайға жазған бұйырса, жазуым хақтан,

Дарыған баба рухы,

Қайың шоқпармен қасының азуын қаққан.

Көз жазып елден жат жұрттың мәзірін татқам,

Аласапыранда адасқан құлыншағыңмын,

Айналып келіп өзінің қазығын тапқан.

ҚАМШЫ

Даламда күнде қызып жатқан майдан,

Ер жігіт дайын:шықса «аттан» қайдан.

Қамшымен кісі алатын бура аюды,

Сұлатқан жалғыз ұрып, қақ маңдайдан.

Басарда қамшы ұстаған жақсы қадам,

Сілтеумен атқа қамшы бақ сынаған.

Тізеге қамшы басып дауға кіріп,

Көтеріп көкке қамшы «Дат» сұраған.

Қамшы ұстап бақсы, балгер үшкіретін,

Сырқаттың қайтаратын сұсты бетін.

Ұстаса қолға қамшы ер жігіттің,

Ғайыптан бойына ерек күш кіретін.

Жын-шайтан тырағайлап қашқан қамшы,

Қаһары қылыштанда асқан қамшы.

Жеңсіктің әлби-жәлби құрты қозған,

Желігін жезөкшенің басқан қамшы.

Бір бала шашау шықпай он баладан,

Отбасын бағындырған шомбал ағаң.

Әкелген малға сатып жас тоқалда,

Құрдай боп қамшы көрсе жорғалаған.

Көз майын қастауыш пен қағаз құртқан,

Азды ұрпақ бойында ұлттық қаны аздықтан.

Жерге еніп тоқпақ батса киіз қазық,

Адам түгіл хайуан намазды ұққан.

Заманда ел бұзылып ант аумаған,

Қамшы ұстап жеткен халық хан тауға аман.

Қамшымен зеңбірекке қарсы шауып,

Соңында опық жеген аңқау бабам.

Дерт жайлап ата салтты, бай мұраны,

Басталды естілердің қайғылы әні.

Амал не ер қолынан түсті қамшы,

Бел кетті азаматтың тайды бағы.

Мінбейтін болды бала тақымға ағаш,

Білгірсіп ақыл айтты ақынға мас.

Түскен соң ер қолынан дырау қамшы,

Мойынға мініп алды қатын-қалаш.

Қамшы еді алдаспаным көбе тілер,

Көбейді аман білмес дөрекілер.

Қанда емес ер намысы қамшыда екен,

Жойылды намыс үшін өлетін ер.

Шешен жоқ жан жүйеңді сөзбен ерткен,

Болды жұрт ауыратын «кезбе дертпен».

Қамшының түсінбейтін қасиетін,

Көбейді жаман еркек көз көгерткен.

Кезінде ғашық болған тоқ бұрымдар,

Арқалы азамат ем шоқтығым бар.

Қолымда қамшы жоқтан қанден талап,

Көрсетті жұдырығын боқ мұрындар.

Талайлар жез тырнағын жасырып кеп,

Құл қылды желкемізге асылып тек.

Жұғысты шалдарға да кемпір мінез,

Кететін дастарханның асын үптеп.

Өсектің лапылдады күш ап қауы,

Көбейді ауыл үйдің ұсақ дауы.

Бір үйде бір «бұзау тіс» жоқтан шығар,

Адамның хайуан боп ұсақтауы.

 

ЖҮРЕК СӨЗІ

Оралдым ата-жұртыма,

Жебеушім болды бір құдай,

Туған жер, туыс қалды алыс.

Серігім болды ар-намыс.

Сыйынам көкжал бөріге,

Кім екен деме түп тегі.

Бабамның туған жеріне,

Туымды келдім тіккелі.

Алдынан шықты көшімнің,

Ағайын шалып бозқасқа.

Ұлтыма   келіп қосылдым,

Ат арып,  тоным тозбастан.

Дастарханымнан дәм татты,

Аяулы аға қамқор дос.

Емеспін «қашқын» салт атты,

Алды-артым толған салқар көш.

Аузынан үріп өсірген,

Атамның қалды ақ малы.

Отарлық зұлмат өшірген,

Отыңды келдім жаққалы.

Бүкпем жоқ жатқан ойымда,

Сөзімнен ұғып таныңдар.

Атадан  қалған бойымда,

Қазақы қасық қаным бар.

Алланың бұған куә аты,

Дарыған бойға әкемнен.

Сол қанның жалын қуаты,

Еліме сүйреп әкелген.

Сөзімді қабылдағайсың,

Орамал шаршы сый ап кеп,

Өзімді қабылдағайсың,

Алаштан қалған тұяқ, – деп.

Белі шықпай жатып бесіктен,

Мен қожамын демеймін.

Орын тисе егер есіктен,

Төрге озамын демеймін.

Сәйгүлік жырым қыр асты,

Сулыққа тағып жез арқан.

Санаға сіңген ласты,

Саф алтын оймен тазартам.

Жетерме хаққа жеке үнім,

Жүрер жер алыс жол тұман.

Ұлтымның кемін кетігін,

Барымды салып толтырам.

Нан үшін жейтін бір тілім,

Келген жоқ айдап бас қайғым.

Халқымның жамау жыртығын,

Жаныммен жамап жасқаймын.

Алашым тіксе ақ орда,

Уығын қолдан шаншысып.

Шөліркеп жатқан Аралға,

Қосамын мен де тамшы шық.

Кеудеме жайып шарайна,

Қондырсам деп ем бұлбұл құс.

Өлеңнен соққан сарайға,

Қаласам деп ем бір кірпіш.

Қайтам деп кері бұзылса ез,

Ренжіп досым жүрме оған.

Қазақтың – жауы қызыл сөз,

Қазақтың – жұты бір боран.

Шет жерде өсіп ержеттік,

Ұлы отан – сөз жоқ құнды одан.

Парызым үшін перзенттік,

Құлым бол десең құл болам.

Осы айдарда

Back to top button