Қоғам

Түсіндіру жұмыстары ширап келеді

Ержан Әбіш

Жыл басынан облыста тұрғындармен дін мәселелеріне қатысты 1300-ден аса ақпараттық-түсіндіру  кездесуі өткен, оның 300-ден астамы тек жастармен ұйымдастырылды. Бұл туралы деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыру бағытында жүргізіп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына арналған брифингте мәлім болды.

– Мемлекет дін саласында маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік органдардың дін саласындағы халықпен өзара іс-қимыл формаларының бірі – ақпараттық-түсіндіру жұмысы. Оның мақсаты – азаматтарға діни мәселелер бойынша дұрыс ақпарат беру, мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды нығайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, – деді баспасөз мәслихатына келген дін істері басқармасы діни ахуалды талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Арман Рымқанов.

Халықтың діни сауатын арттыру, деструктивті діни ағымдардың радикалды идеологиясына тұрақты иммунитетті қалыптастыру бойынша жұмыстармен дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтары айналысады. Ол топтарға мемлекеттік құрылымдардың мамандары, дәстүрлі діндер өкілдері, білікті дінтанушылар мен теологтар енеді.

Ақпараттық-түсіндіру топтары мына міндеттерді шешуге ықпал етеді – конфессияаралық жанжалдардың алдын алу, тіркелген діни бірлестіктердің қызметі туралы хабардар ету, дәстүрлі дінге қайтару мақсатында нысаналы топтармен түсіндіру жұмысын ұйымдастыру.

Бұл топтардың қызметі жергілікті атқарушы органдардың құқықтық актілерімен, сондай-ақ «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы», «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдармен, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2021-2023 жылдарға арналған тұжырымдамасымен, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламамен реттеледі.

– Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бірнеше бағытта жүреді. Бірінші бағыт – халықтың белсенді бөлігімен жұмыс, мұнда лекторлар дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіреді. Кездесу, дөңгелек үстел, семинар сияқты іс-шаралар ұйымдастырылады. Екінші бағыт – маргиналды топтармен жұмыс жүргізу. Мұнда әлеуметтік қорғау, медицина қызметкерлері, теологтар, психологтар жұмылдырылады. Үшінші бағыт – түзеу мекемелеріндегі сотталғандармен профилактикалық жұмыс, – деді Арман Серікқанұлы.

Облыста 20 ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған – бір облыстық және 19 қалалық және аудандық, оларға 278 адам тартылған.

Сонымен қатар  облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы да түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, оның Өскеменде төрт, Семейде үш, Үржар ауданында екі, Аягөз ауданында бір маманы бар. Өзге аудандарда көшпелі ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізіліп тұрады.

Жылдық жоспар негізінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ай сайынғы жоспарлары қалыптасады. Ақпараттық-түсіндіру топтары конфессиялық әралуандықты оң қабылдау, толерантты сананы қалыптастыру, деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеу бойынша жастармен жұмыстың жаңа формаларын енгізіп отыр.

Дін істері басқармасы мен дін проблемаларын зерттеу орталығының жұмысын жоспарлауда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кезінде анықталған мәселелер ескеріледі.

– Жыл басынан халықтың түрлі санаттарымен 100 мың адамды қамтыған 1300-ден астам ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өтті, оның ішінде 300-ден аса кездесуге тек жастар тартылды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары дәріс, тікелей эфир, дебаттық турнир, жас көшбасшылармен тренинг, ток-шоу түрінде де ұйымдастырылып жүр, – деді бөлім басшысы.

Мысалы, сәуірде «Конфессияаралық келісім және діни толеранттылық – Қазақстан халқының рухани бірлігінің негізі» тақырыбында «ТЕDх-OSКЕМЕN 2022» аймақтық конференциясы өтті. Оған дін саласындағы білікті мамандар, атқарушы органдардың өкілдері, оқу орындарының басшылары, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің инспекторлары қатысты.

Сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстары БАҚ арқылы да жүргізіледі. Ақпараттық-түсіндіру жұмысының қорытындысы бойынша өңірдегі діни жағдайды тұрақты деп сипаттауға болады. Сондай-ақ көпшілікте, негізінен жастарда дұрыс діни дүниетанымның қалыптасқаны байқалады. 

Осы айдарда

Back to top button