ТОП

Түрмеге түскен көгершін

Үш жыл ғұмырын түрмеде өткізген көгершін 2016 жылы қамалыпты. Көкте ұшқан көгершінді Үндістан елінің қауіпсіздік мекемесі пәкістандық барлау-тыңшылық құрылымдарының деп ұстаған.

Аспан әлемінде шекара болмағандықтан көгершін еркін ұшып жүрсе керек. Оның саусағы мен балағындағы цифрлы жазуды көзі шалған Үндістанның қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері құсты ұстап алған. Аяғындағы жазуды пәкістандық құпия қызмет саласының коды болуы мүмкін деп жорамалдап үш жылға қамап тастаған.

Ал Пәкістан билігі бұл көгершін қарапайым балықшының қолға үйреткен құсы екенін алға тартқан. Балағындағы цифрлар иесінің телефон нөмірі екенін айтқан. Бұл көгершін үнемі құстар жарысына қатысатындықтан, жоғалып кетпес үшін балағына белгі салынған деп түсіндірген. Алайда бұл көгершінді ақтауға дәлел бола алмаған.

Осылайша, сөзбұйдаға салынған сұрақтардың кесірінен көгершін үш жыл бойы қамақта отырған. Оның қылмысы нақты дәлелденбегендіктен  2019 жылы маусым айында босатып жіберген. Бостандыққа шыққан көгершіннің қай жаққа бет алғаны беймәлім.

Ақырын жүріп анық баспаса, құс та құрыққа ілінеді екен.  Ал адам баласы үшін күдік пен күмәннің күрмеуі көп екенін білген жөн.

 

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button