Қоғам

Түркістанда топ жарды

Хасен Зәкәрия

         Күршім гимназиясында осы өнерге бейім оқушы қыздардан құралған «Әдемі-ай» атты би тобының жұмыс істейтінінен хабардар болатынбыз. Бірақ жақын араласып, өнерлерімен етене таныс болмағандықтан, баса мән бере қоймағанбыз.

Сөйтсек, осы балғын бишілердің бойларында нағыз дарынның «бұғып» жатқанын ескермеген екенбіз. Жақында аталған топтың мүшелері жетекшілері, белгілі өнерпаз Марина Әбіштің бастауымен Түркістан қаласында өткен бишілер сайысына қатысып, осынау дүбірлі бәсекеден бас жүлдені иеленіп қайтты.

– Түркістан қаласында, – дейді Марина, – «Биле, Қазақстан!» атты Бірінші халықаралық хореография фестивалі өтті. Мен бұл айтулы сайысқа 5-6 сыныпта оқитын 10 кішкентай қызды алып бардым. Түркістанға баратын поезға Семей қаласынан отырдық. Мектептің «Газель» қызмет көлігі бізді Семейге дейін апарып, қайтарда сол жерден күтіп алды. Ал балаларға ата-аналары демеуші болып, үлкен көмек жасады.

Бірінші күні мұқият дайындалып, келесі күні сахнаға шықтық. Барлығы 180 балғын биші атсалысқан осынау маңызды бәсекеде менің шәкірттерім тамаша өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Айлап әзірленіп, төккен теріміз бен ерінбей жасаған даярлығымыз өз жемісін берді. Біз орта буын топта топтанып билеуден сайысқан едік, нәтижесінде елдің алды болып, мерейіміз өсті.

«Адай» күйінің әуенімен қазақ биін барынша келістіре билеген күршімдік кішкентай өнерпаздарға қазылар алқасы ғана емес, күллі көрермендер тәнті болып, ризалықпен қол соққан екен. Осындай жауапты сыннан сүрінбей өткен балғын бишілердің келешекте де талай айтулы биіктерді бағындыратынына тілектес жұрттың сенімі кәміл.

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button