ТОП

Түпкі мақсат билікті күшпен басып алу болды

Ержан Кеңесұлы

Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Бас прокуратура, ішкі істер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және басқа да мемлекеттік орган басшылары қаңтар оқиғасына қатысты тергеу барысы туралы депутаттар сауалына жауап берді.

Митингілер бастапқыда бейбіт болғаны белгілі. Бірінші қаңтардан бастап батыс өңірдегі тұрғындар газ бағасын төмендетуді талап етті. Яғни, ешқандай саясат болған жоқ, таза әлеуметтік-экономикалық талаптар қойылды. Өңірге жедел түрде барған Үкімет комиссиясы газ бағасына қатысты талаптарды қанағаттандырды. Осыған қарамастан, Алматы, Шымкент және басқа өңірлерде адамдар көшеге шықты. Олардың жалпы саны екі күнде 50 мыңнан асты.

Осы орайда Бас прокурор Берік Асылов көшеге шыққан адамдардың ең көбі Алматыда тіркелгенін жеткізеді.

– Басында жиындар бейбіт сипатта өтті. Алайда жағдайдың бақылаудан шығу қаупі сағат сайын арта бастады. Сондықтан әкімдер мен депутаттар халықпен сан рет кездесіп, қоғамдық тәртіпті бұзбауды сұрады. Ал прокурорлар жер-жерде наразылық акцияларының заңсыздығын және оларға қатысты жауапкершілікті түсіндірді, – деді Бас прокурор.

Еліміздің 11 аймағында агрессивті топтардың ісі зорлық-зомбылыққа ұласқан. 3, 4 және 5 қаңтарда Мемлекет басшысы демонстранттарға үндеу жолдап, заңды сақтауға және деструктивті күштердің арандатуына бой бермеуге шақырды. Алайда бірнеше мәрте сабыр сақтауға шақыруға қарамастан, қылмыстық және радикалды элементтер белсенді де қатаң әрекеттерге көшті.

– Қаңтардың 4-і және 5-і күндері азаматтар жиыны агрессивті топқа айналып, 11 аймақта зорлық-зомбылық сатысына өтті. Бүлікшілердің мақсаты билікті басып алу болды, – деді Б.Асылов.

Мемлекет басшысы құқық қорғау және арнаулы органдарға қаңтар оқиғасы себептерін егжей-тегжейлі тергеп, тексеруді тапсырды. Аталған фактілер бойынша барлығы 3770 қылмыстық іс қозғалды. Басым бөлігі Ішкі істер министрлігінің өндірісінде. Олар – адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық, қару ұрлау.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдау фактілері бойынша 234 іс жүргізуде.

– Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеуде. Бұл істер бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мәсімов және оның үш орынбасары сот санкциясымен қамауға алынды. Осы органның тағы екі басшысы, билікті асыра пайдалану күдігімен қылмыстық жауапқа тартылуда, – деді Берік Асылов.

 

Бас прокурор терроризм актілері бойынша 46 қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлім етті.

– Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы төрт бағытты пысықтауда. Бірінші, ұйымдастыру және қатысу. Жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 44 қылмыстық іс тексеріліп жатыр. Ақтөбе және Жамбыл облыстарында тоғыз ұйымдастырушы қамауға алынды. Олар тәртіпсіздіктерге, мемлекеттік және коммерциялық нысандарды қиратуға шақырды деген күдікке ілінді. Тәртіпсіздіктерге қатысушыларға қатысты 15 қылмыстық іс қозғалды. Осы істер бойынша 527 адам күдікті ретінде өтуде. 278 адам қамауға алынды, – деді Бас прокурор.

Тәртіпсіздікке қатысқандар қылмысты жасыруға қатысты

Сондай-ақ ол жаппай тәртіпсіздік пен терроризм актілерінің айырмашылығы неде екенін түсіндірді.

– Терроризм актілері бойынша 46 қылмыстық іс тергелуде. Барлық айыпталушылар бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Бұл жерде жаппай тәртіпсіздік пен терроризм актілерінің айырмашылығы неде екенін түсіндіргім келеді. Тәртіпсіздіктер мен террористік шабуылдар кезінде зорлық-зомбылық, қирату, қарулы қарсылық болды. Бірақ тәртіпсіздіктер ретсіз, билікке ешқандай талаптар қойылмайды. Ал террористік актілердің мақсаты – халықты қорқыту және мемлекеттік органдардың қызметін әдейі тоқтату. Билікке талаптар қойылады, стратегиялық объектілер, билік пен құқық қорғау органдары қару-жарақпен басып алынады немесе жойылады, – деді Берік Асылов.

Қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздікке қатысқандар Алматыда және басқа да ірі қалаларда қылмысты жасыру үшін 800-ден астам видеокамераны қиратты.

– Басып алынған қаруды, азық-түлікті және ауызсуды жеткізу ұйымдастырылған. Такси, жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілерін көшені жауып тастауға мәжбүрледі. Яғни, бейбіт азаматтарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланған. Арнайы автокөліктер мен басқа да жүк машиналарын таран ретінде пайдаланды, – деді Берік Асылов.

Қаңтар оқиғасына дейін полиция мен наразылық білдірушілер арасында ешқандай қақтығыс болмаған. Бұл туралы Мәжілісте ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты.

– Өздеріңіз білесіз, 2020 жылы «Бейбіт жиналыстар туралы» жаңа заң күшіне енді. Митинг ұйымдастыру процесі «рұқсат беру» жүйесінен «хабарлама» қағидатына көшті. Осыған орай, полицияның қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету әдістері өзгерді. Полицейлер митинг өтетін аумаққа жақын жерде орналасады. Қару мен арнайы құралдарды қолданбайды. Жиналғандармен тікелей қарым-қатынасты тек әкімдік өкілдері ғана жүзеге асырады, – деді министр.

Оның айтуынша, полиция митингті тоқтату үшін азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіпке қауіп төнген, мүлікке залал келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, діни алауыздықты қоздыру, конституциялық құрылысты, аймақтық тұтастықты күшпен құлатуға шақыру фактілері болған жағдайларда ғана тартылады.

– Жаңа заң күшіне енгеннен бастап, полиция мен наразылық білдірушілердің арасында ешқандай қақтығыс болмаған. Тура осы алгоритм қаңтар оқиғаларының алғашқы күндерінде де қолданылды, – деді Марат Ахметжанов.

Арандатушылардың кесірінен бейбіт жиын заңсыздыққа ұласты

Марат Ахметжановтың айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде «Бейбіт жиналыстар туралы» Заңға сәйкес өз талаптарын ашық түрде мәлімдеу бойынша азаматтардың құқықтары сақталды. Барлық аймақтарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Көтерілген мәселенің нақты шешімдері ұсынылды.

– Бірақ өкінішке қарай, араға арандатушылар қосылды. Салдарынан бейбіт жиналыс заңсыздыққа ұласты. Оның ішінде авто және теміржолдар жабылды. Вокзал мен әуежай қызметтеріне тосқауыл қойылды. Қызметтік автокөліктер өртелді. Мемлекеттік органдардың ғимараттары қоршалды. Заңды талаптарға бағынбай, қарсылық көрсетілді. Соның өзінде, полиция ешқандай күш қолданған жоқ. Бұл жағдайды пайдаланып, мыңдаған бүлікшілер полицияға шабуыл жасады. Олардың жоғары деңгейдегі дайындығы және ұйымшылдығы байқалды, – деді министр.

Марат Ахметжановтың атап өтуінше, бүлікшілердің әрекеттері нақты тәртіппен ұйымдастырылған. Темірлер, тастар, таяқтар және тағы басқа құралдар іске қосылды.

– Осыған орай, шұғыл түрде азаматтар мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау мақсатында жаппай тәртіпсіздікті тоқтату қажет болды. Тек осы сағаттан бастап полиция қызметкерлері адамның өміріне қауіп төндірмейтін арнайы құралдармен жабдықталды. Алайда бүлікшілер бұнымен тоқтаған жоқ. Олар қару-жарақ дүкендеріне, полиция бөлімдеріне, басқа да мемлекеттік органдарға шабуыл жасады. 2800-ден астам қару-жарақ пен оқ-дәрілер ұрланды, – деді министр.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаржы ұйымдары, банктер, сауда орталықтары, дүкендер тоналды. Соның салдарынан 1700 азамат пен бизнес субъектілері зардап шекті. 1,5 мыңнан астам мемлекеттік және коммерциялық ғимаратқа залал келтірілді. 765 автокөлік өртелді, олардың арасында өрт сөндіру және жедел жәрдем, полицияның әрі азаматтық көліктер бар. Жалпы шығын сомасы 100 миллиард теңгеден асты.

– Өкінішке қарай, 19 қызметкеріміз қаза тапты, 3 мыңнан астам полиция мен әскери қызметші жарақат алды. Көптеген қызметкер әлі де ем алуда. Біразы денсаулықтарына байланысты болашақта біздің қатарымызда қызметтерін жалғастыра алмайды. Сондықтан қызметкерлер төтенше жағдай және терроризмге қарсы операция аясында қару қолдануға мәжбүр болды, – деді ол.

Осы орайда министр қару қолдану «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 61-ші бабына сәйкес жүзеге асқанын айтты.

– Атап айтқанда азаматтарды қорғау, қызметкерлерге және күзету объектілеріне жасалған шабуылға тойтарыс беру, қару мен арнайы көліктерді басып алуға жол бермеу және қарулы адамдарды ұстау мақсатында қолданылды, – деді Марат Ахметжанов.

Күш құрылымдарының жекелеген басшылары тергеліп жатыр

Мәжілістің жалпы отырысында «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының сауалына жауап берген Бас прокурор Берік Асылов қаңтар оқиғасы кезінде күш құрылымдарының жекелеген басшыларының іс-әрекеттерін құқықтық бағалау бойынша мәлімет берді.

– 5 қаңтарда Алматы қаласындағы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы екі полиция департаменті мен ҰҚК-нің үш департаменті өз ғимараттарын қарумен қоса тастап кеткен. Осы фактілер бойынша жеті қылмыстық іс қозғалды. Олар бойынша тергеу әрекеттерінің негізгі бөлігі аяқталды. Алматы қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Мажилов қамауға алынды. Басқа тұлғаларға қатысты қазір дәлелдерді жинау және талдау жүруде, – деді Берік Асылов.

Сондай-ақ Бас прокурор Қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшылығының өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатқанын атап өтті. Бұрынғы қорғаныс министрі қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.

– Қазір полиция тергеуінде 2919 қылмыстық іс бар. 1 мыңнан астам күдікті қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Мемлекет басшысы жазаны жеңілдететін жағдайларды ескеруді тапсырды. Сондықтан осы 400-ден аса күдіктінің ішінен 219-ы қамаудан босатылды. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 184 күдікті қамауда, – деді ішкі істер министрі.

Оның дерегінше, тергеу барысында 12 мыңнан астам азаматтан жауап алынды, екі мыңдай сараптама тағайындалды.

– Бүгінгі таңда 229 айыпталушыға қатысты іс сотқа жолданды. Қазірдің өзінде 72 адам сотталды. Оның бесеуі бас бостандығынан айырылды. Қалғандары басқа жазаларға тартылды, – деді Марат Ахметжанов.

Оның айтуынша, тергеу қылмыстық процестің үш буынды моделіне сәйкес жүріп жатыр. Яғни тергеушілердің барлық негізгі шешімдері прокурордың сүзгісінен өтеді. Осылайша, үш сатылық бақылау арқылы процестің әділеттігі қамтамасыз етілуде. Күдіктілердің конституциялық құқықтары толығымен сақталуда.

– Қызметкерлердің өкілеттігін асыра пайдалану фактілеріне қатысты шағымдар бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Объективті болу үшін бұл істер прокуратура және жемқорлыққа қарсы қызметке берілді. Тергеу амалдары міндетті түрде бейнекамераға жазылуда. Оған күдіктілердің қорғаушылары да қатысуда, – деді ол.

Сонымен қатар министр қазіргі таңда заңсыз айналымда әлі де көптеген қару-жарақ бар екенін айтты.

– Оны қайтару бойынша барлық шаралар қабылданып жатыр. Республика бойынша арнайы «Қару» операциясы жалғасуда. Оның барысында 1215 қару және 22 мың оқ-дәрі қайтарылды. Сонымен қатар азаматтар ерікті түрде 120 қару тапсырды, – деді Марат Ахметжанов.

Бас прокурор қаза тапқан 230 адамның деректерін айтты. Ел бойынша барлығы 230 адам қаза тапқан, оның ішінде 19 әскери және күш құрылымдары қызметкері бар. Алматы қаласында ең көп адам қаза тапты, олардың саны – 139 адам.

– Бүгінгі таңда әкімшілік ғимараттардың шабуылына тойтарыс беру кезінде және құқық тәртібін жүргізу барысында 86 шабуылдаушының көзі жойылғаны анықталды. Қайтыс болған 53 адамның өлімінің мән-жайы анықталуда. Олар қала аумағында түрлі жарақаттармен, соның ішінде 48 оқ жарақатымен, екі пышақ жарақатымен табылды, үш адамның денесінен күйік және басқа жарақаттар анықталды. Бүгінгі таңда біз 20 азаматтың атысқа кездейсоқ тап болып, қайтыс болғаны туралы нақты білеміз. Оның 11-і Алматы қаласында, сегізі Алматы облысында және біреуі Тараз қаласында. Олардың ішінде қиратушылардың қолынан қаза тапқандар, сондай-ақ блок-бекеттерде әскери талаптарға бағынбағандар да бар, – деді Берік Асылов.

Бүгінде жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда. Қылмыскерлерді іздеу, дәлелдемелерді жинақтау мен бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу құпиясы және кінәсіздік презумпциясына қатысты заңнама талаптарын ескеріп, Бас прокурор тергеліп жатқан істер бойынша шектеулі деректерді ғана келтірді.

– Тергеу мерзімі екі айдан сәл ғана асты. Мұндай ауқымды трагедияның барлық мән-жайын анықтау үшін бұл уақыт жеткіліксіз. Көп жағдайда куәлар жоқ. Кешенді сот сараптамалары және баллистикалық зерттеулер тағайындалды. Нәтижелерін күтудеміз, – деді Бас прокурор. – Дейтұрғанмен, барлық қылмыстық істер бойынша түпкілікті шешімдер міндетті түрде халықтың назарына жеткізілетін болады.

Президенттің табанды шешімі бәрімізге күш-жігер сыйлады

Қаңтар оқиғасындағы оқиғалардың бәрі билікті күшпен басып алу мақсатымен ұйымдастырылған. Құқық қорғаушы Айман Омарова Мәжілістің жалпы отырысында осындай пікір білдірді.

– Бұл хаосты Президент қана өзінің әрекетімен тоқтатып, мемлекетті сақтап қала алды. Мұны айту керек, – деді заңгер.

Белгілі адвокат Абзал Құспан Қаңтар оқиғасына байланысты «Аманат» комиссиясының жұмысына тоқталды.

– Бізге осындай мүмкіндік тудырып, қолдағаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына комиссия атынан және біз қорғаған жүздеген азаматтың атынан алғыс білдіргім келеді. Мемлекет басшысының осы оқиғалар болған кездегі табанды шешімі, оқиға бойынша алғашқы кезеңнен бастап елге ашық сұхбат беріп, қоғамды мазалаған сұрақтарға батыл жауап бергені, басынан бастап тергеу органдарынан болған оқиғаны мейлінше ашық әрі объективті, жан-жақты тергелуін талап етіп отырғаны бізге де ерекше күш-жігер сыйлағанын айтқым келеді. Біз және бізден бөлек құрылған басқа да комиссиялар осы мақсатта жұмыс істеді, – деді ол.

Осы орайда ол өзі қатысқан комиссияның мақсаты қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстарға қатысы жоқ, тек бейбіт шеруге шықтық деп ойлап, арандап қалған немесе жасаған қылмыстық іс-әрекеттері, денсаулығы, әлеуметтік мәртебесі, сондай-ақ басқа да жағдайларға байланысты қоғамға қауіп төндірмейтін тұлғаларды анықтап, олардың бас шарасын өзгерту, кейіннен қылмыстық іс орбитасынан алып шығару болғанын айтты.

Отырысты түйіндеген Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қаңтар оқиғасының тергеу барысы депуттардың назарында болатынын мәлім етті.

– Біз қаңтар оқиғаларына қатысты мәселелерді алғаш рет осындай кең форматта талқылап отырмыз. Бүгін әңгіме мейлінше ашық болды деп ойлаймын. Әрине, мән-жайды толық анықтау үшін әлі де біраз уақыт қажет. Заңдық тұрғыдан барлығы мінсіз болуы қажет. Асығыстық танытуға болмайды. Себебі таразы басында біздің азаматтардың тағдыры тұр. Бұл жөнінде Президенттің «Кінәсіз адам жазаға тартылмауы тиіс. Кінәлілер заң жүзінде қатаң жазалануы тиіс» деген тапсырмасы бар. Осы тапсырма мүлткісіз орындалуы керек, – деді.

Спикер аталған мәселе әрі қарай да Мәжіліс депутаттарының бақылауында болатынын айтты.

 

Осы айдарда

Back to top button