Тәуелсіздік – Тәңір сыйы, ең қымбат
Тәуелсіздік – Бақытпенен тел, егіз,
Шалқар көлде шайқалмайтын кемеміз.
Сол бір күнді, бодандықты тәрк еткен
Ширек ғасыр мерекелеп келеміз.
Тәуелсіздік – Тәңір сыйы, ең қымбат,
Ұққың келсе, шаттық жырын, көр, тыңдап.
Егемен ел үміт артқан жас ұрпақ
Болсын дәйім ісің мәнді, сертің нақ.
Мадақтасаң, дербестікті мадақта,
Бұл – зарлы күй, тұнып қалған шанақта.
Оңайлықпен жеткен жоқ, ол, оны ешкім
Ұсынған жоқ, салып, алтын табаққа.
Атой шықса, ат ойнатпай қалмас ұл,
Қадірін біл, жетістігін алға асыр.
Бұл – бостандық, санасатын өзгелер,
Ата-бабам аңсап келген сан ғасыр.
Кезім бар ма, өзгелерден қалысқан?
Қарқыныма жат қызығып, таныс – таң,
Мерейімді одан әрі өсірді,
Ұландарым сәлем жолдап, ғарыштан.
Көкшіл туым зеңгір көкпен жарасып,
Мәңгілікке жөн сілтеуде, бал ашып.
Озық елдер, азуды айға білеген,
Отыр, бүгін, қазекеңмен санасып.
Білмегендер «қазақ» деген халықты
Қазір бізге жіті назар салыпты.
«Қазақстан» деген асқақ алыпты
Елбасымыз күллі әлемге танытты.
Дарыны мен дарқандығы тең өскен
Ер қазағым ешкімнен де емес кем.
Тәуелсіздік – тоң жібіткен ескек жел
Желтоқсанның ызғарынан соң ескен.
Жас қайратым, ыстық жүрек табымен
«Еркіндік» деп еркін ұран салып ең.
Жиырма бес жыл өтсе-дағы, арада,
Тебіреніп, жыр арнадым, тағы, мен.
Демес ешкім «өзгелерден сәні кем»,
Бой түзеген еркіндіктің таңымен.
Бір ескерткіш аспандап тұр, алаңда,
Суарылған қайсар буын қанымен.
Желтоқсаным, есте қалған тоңымен,
Енгіздің, сен, тірлігіме мол рең.
Бұдан былай дербес үйдің ошағы
Тұтанбасын өзгелердің қолымен.
Мұзға жаққан алауының шоғымен
Серпілген ел, болсын көштің жолы кең.
Бақытыңды баянды етсін, Тәңірім,
Жатсам-тұрсам тілеймін тек, соны, мен!
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.