Қоғам

Тәуелсіздік тойы басталды

Тәуелсіздік тойы басталды


Кеше облыстық драма театрда Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің құттықтау сөзімен шымылдығын түрген іс-шара әрі қарай әсерлі ән мен рухты күйге, кестелі би мен тағылымды термеге ұласты.

Театрды бетке алған қауымның назарын фойедегі Есенғали Садырбаевтың суреттері өзіне бұрған болатын. Туындылары әлемдік Олимпиада ойындарында спортшыларға жігер сыйлап жүрген қылқалам шебері Өскемендегі тәуелсіздік тойына «Ұлы Жібек жолы» топтамасын әкелген екен. Кілем тоқыған келіншектер, жәрмеңкеге асыққан саудагерлер, көк тағысын қолына қондырған саятшылар, ит жүгірткен аңшы бала. Көрмеге қойылған қалың суреттің ішінен көзімізге оттай басылғандары осы болды. Ұлы дала әлемдік өркениеттің дәлізі болған тұстағы көріністерді шебер әрі шынайы бере білген суретшімен өнерді бағалайтын өскемендіктер кезектесіп суретке түсіп жатты.

Салтанатты жиын Әнұранмен басталды.

– Біз үшін азаттықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ. Жасампаз елдің жаңа тарихын Елбасымен бірге жазып келеміз. Тәуелсіздік бізге ел тұтастығы мен жер бүтіндігін берді. Егемендік пен елдіктің жеңісі – тұрақтылық пен теңдіктің табысы. Біртұтас бірлігін көзінің қарашығындай сақтаған қарға тамырлы халқымыз өткенін мақтан етіп, бүгінін бағалап, жаңа көзқараспен ел дамуына табанды қызмет жасап келеді. Тәуелсіз Қазақстанның бір пұшпағы ретінде оның дамуына біздің өңір халқы да талмай еңбек етуде. Соңғы үш жылда өңірдің жалпы ішкі өнімі 3,5 трлн. теңгеге жетіп отыр, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтау сөзінде.

Тәуелсіздік тойы басталды

Сахнаға сопрано дауысты әнші Майра Мұхамедқызы шықты. Әуелде Елбасы сөзін жазған «Жерім менің» әнін Еркебұлан Мұсаевпен жұптасып айтса, бірнеше әнді жеке орындады. Халық әні «Гүлдерайым» әуелеген тұста залдан «Майра, сайра!» деген дауыстар естіліп жатты. Майра сайрап қана қоймай, театр сахнасында шыр көбелек айнала жүріп шырқады. Опера әншісінің бұлайша еркін қалықтауы тосын әрі жарасымды көрінді көзімізге. Алтайдан түлеп, Париждің «Грант Операсын» бағындырған қыздың Алтай төрінде ақтарыла сайрауы заңдылық қой. Ән арасында:

«Еркіндік деген сөздің мағынасын Қазақстанға келген соң ұқтым. Қазақ әнін әлемнің әйдік сахналарында шырқап жүрген менен бақытты әнші жоқ шығар. Тәуелсіздік күні – мен үшін ең ұлық мереке. Сол ұлық мерекені жыл сайын Шығыс Қазақстанның халқымен бірге тойлап, ән салуыма жағдай жасап келе жатқан облыс әкіміне алғыс айтамын. Қойнауынан «Алтын адам» мен алуан түрлі асыл металл шығып жатқан бақуатты өңірде өнерге деген құрмет те ерекше. Былтыр ғана мені сүйемелдеп отырған оркестрдің кейпі жұтаң болатын. Бір жылдың ішінде жайнап шыға келіпті. Бұл да Тәуелсіздіктің арқасы», – деді әнші тебірене.

Майрадан кейін ән айтуға Төлеген Рахымбаевтың жүрегі дауалапты. Жаяу Мұсаның «Ақсисасы» әуеледі. Домбыра оркестрі тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық күресті күй тартыспен толғады. Екі сағатқа созылған концертті Шығыстан пана тапқан сан түрлі ұлтың ән-әуездері мен билері көмкерді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button