Қоғам

\”Тәуелсіздік тартуы\” үздіктерді анықтады

"Тәуелсіздік тартуы" үздіктерді анықтады


Өңірімізде тұңғыш рет қазақ фотоөнерін қолдау мақсатында «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалы мен «Дидар» газеті бірлесіп ұйымдастырған «Тәуелсіздік тартуы» атты фотобайқау өз мәресіне жетті.

Сонымен қатар, бұл күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов тәуелсіздік құрдастарына салтанатты түрде партиялық билет табыстап, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып жүрген жастарды марапаттады.

– Тәуелсіздіктің таңы атқан күні дүние есігін ашқан сіздер бақыттысыздар. Сіздерге тілерім – Тәуелсіздіктің елу жылдығын, жүз жылдығын көруге жазсын, – деді Әнуарбек Мұхтарханов.

«Нұр Отан» партиясының қатарына қабылданған жастар да ел ертеңі үшін аянбай еңбек ететіндеріне уәде берді. Ал екі айға созылған «Тәуелсіздік тартуы» атты фотобайқаудың қорытындысы бойынша жүлдегерлер арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев үшінші орын алған №1 мектептің 8-сынып оқушысы Санжар Тілеухан мен екінші орынға ие болған «Менің өлкем» газетінің тілшісі Азамат Темірбекке марапаттарын табыстады. Фотобайқаудың өтуіне демеушілік көрсетіп, үлес қосқан кәсіпкер Анар Мұзапарова бірінші орыннан көрінген Әлібек Тұрсымбетовке диплом мен бағалы сыйлықты ұсынды. Жарма ауданындағы «Ер Жәнібектің» ескерткішін ерекше етіп суретке түсіріп, байқауға ұсынған Әлібектің фотосы қазылардың назарын бірден өзіне аударды. Үздік үш суретті анықтау үшін арнайы құрылған комиссия әр суреттің өзіндік ерекшелігіне, бояулардың қанықтығына, тақырыпқа сай болуына мән берді. Жалпы редакцияға облыстың әр түкпірінен жүзден астам сурет келіп түсті. Олардың сапасы мен тақырыпқа сәйкестігі ескеріліп газет бетіне жарияланып отырды.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button