Тәуелсіздік мерекесі шетелдерде тойланды
Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері Тәуелсіздік күні мерекесін тойлауға арналған бірқатар шаралар өткізді. Оған шетелдің үкімет, бизнес, жетекші БАҚ және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында шетелдік серіктестер Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына жоғары баға беріп, Елбасының мемлекеттілікті, этносаралық және дінаралық келісімді нығайтудағы, институттық реформаларды жүргізудегі рөлін айрықша атап өтті.
Сондай-ақ, шетелдіктер назарына «ЭКСПО-2017» көрмесі туралы имидждік бейнематериалдар, альбомдар мен кітаптар ұсынылып, еліміздің табиғаты, тарихи және сәулет ескерткіштері, елорданың заманауи сәулеттік ғимараттарынан сыр шертетін фильм көрсетілді. Қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама болды.
Айтулы мерекеге орай іс-шаралар Бразилия, Египет, Норвегия, Катар, Венгрия, Канада, Мехико, Израиль, Мьянма, Австрия, Германия, Франция, Біріккен Араб Әмірліктері секілді елдерде өтті.
Малайзияның 306 мың тиражбен тарайтын «The Sun» атты беделді басылымында Қазақстан туралы мақала жарық көрді. Мақалада Елбасының «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағдарламасы – «100 нақты қадам» мен «Бес инстутиционалды реформасы» туралы сараптама жасалған.
Сегіз беттен тұратын мақалада түрлі тақырыптар қамтылған. Онда Қазақстанның ауқымды жоспарлары көрсетіліп, «EXPO-2017» халықаралық көрмесі мен «Қазақстан-2050» Стратегиясына сараптама жасалған. Сондай-ақ, автор еліміз дамыған 30 мемлекеттің қатарынан табылады деп ой қорытады.
Мақаланың авторы, «Тhe Sun» газетінің маркетинг жөніндегі директоры Прашан Дут: «ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша қазақ елі ересек адамдар арасындағы сауаттылық көрсеткіші жағынан көш басында. Оған қоса болашақта Қазақстан өзінің географиялық ыңғайлы орналасуына байланысты Ұлы Жібек жолы арқылы Қытай мен Еуропаға шығатын қақпа қызметін атқарады. Осылайша транзиттік әлеуетін пайдаланып, экономикасын жандандыра түсуге дайын, – деп жазады.
Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) шеңберінде еркін сауда аймағын құруды ұсынып отыр. Бұл ұсыныс аталған ұйымға мүше алты елді Үкімет басшылары қатысқан отырыста айтылды.
Жиында негізінен сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржылық, азық-түлік қауіпсіздігі, аймақтық-экономикалық әріптестік мәселелері талқыланды.
Қытай елінің Премьер-министрі Ли Кэцян аймақ елдерінің өндірістік саладағы ынтымақтастығының озық үлгісі ретінде қазақ пен қытай арасындағы әріптестікті тілге тиек ете келе, ұйымға мүше елдер инфрақұрылым мен өндірістік саладағы байланысты арттыру қажеттігіне тоқталды.
Сондай-ақ, жиында Жібек жолы экономикалық белдеуі мен Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы және Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысын өзара үйлестіру бастамасы сөз болды. ШЫҰ аясында 2020 жылға қарай еркін сауда аймағын құру туралы бастама көтерілді.
Шығыс-ақпарат