Қоғам

«Тәуелсіздік ханшайымы» бас жүлде алды

«Тәуелсіздік ханшайымы» бас жүлде алды


Өскемендегі Оқушылар шығармашылық сарайында «Қалдықтан жасалған сән үлгісі-2017» атты қалалық экологиялық балалар байқау-дефилесі өтті. Оған қатысушылар қалдықтан жасалған заттардан киім тігіп, жеке шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Жыл сайын ұйымдастырылатын байқауға қаладағы №2, №3, №5, №6, №7, №8 №9, №10, №13, №15 №16, №47 мектептің оқушылары қатысып, бақ сынасты. Күнделікті тұрмыста қолданылатын целлофан, пакет, қағаз, пластмасса ыдыс сияқты басқа да заттардан көйлек, костюм, шалбар тігіп, ерекше стильдегі киімдерді ойлап тапқан балалардың дені болашақта дизайнер болуды армандайды екен. Байқауға қатысушылардың бірі Мәдина Ысқақова ұстазымен бірге Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ерекше киім тігіпті.

– Жетекшім Райхан Жұмагелді екеуіміз «Тәуелсіздік ханшайымы» атты костюм тіктік. Мұнда Ақорда мен Бәйтеректің макеті салынған. Бұл көйлекті тігу үшін мұғалімім көп еңбектенді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, макеттерді көйлекке тігуге біраз уақыт жұмсалады, – дейді Мәдина Ысқақова.

Байқау барысында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Бәйтерек», «Аңшы», «Аққу», «Галактика», «Тәуелсіздік ханзадасы», «Арман» сынды басқа да костюмдер көрермендердің назарына ұсынылды. Байқауды ұйымдастырушылардың бірі, қалалық оқу-зерттеу экобиоорталығы директорының ТЭЖ жөніндегі орынбасары Гауһар Темірғалиеваның айтуынша, басты мақсат – балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

– Балаларға табиғатты аялап, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға ерекше мән беруді мектеп жасынан бастап үйрету қажет. Сонда олар жауапкершілігі мол, парасатты тұлға болып қалыптасады, – дейді Гауһар Темірғалиева.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені №47 орта мектептің оқушылары Мәдина Ысқақова, Ілияс Амангелді, Елдос Сабиолдаев, Диана Айтбаева жеңіп алды. Бірінші орынды №10 мектептің оқушылары Руслан Сағымбаев пен Лаура Зайнелова иеленсе, екінші орынға №19 және №7 мектептің оқушылары лайық деп танылды. Үшінші орынды №3, №6, №13, №15, №18 орта мектептің оқушылары өзара бөлісті.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button