Қоғам

Тәуелсіздігіміздің жетістігі жария етіледі

Тәуелсіздікке – 25 жыл

Тәуелсіздігіміздің жетістігі жария етіледі

Биыл Тәуелсіздікке – 25 жыл. Осынау қастерлі мерекеге орай қандай іс-шаралар қолға алынбақ өңірімізде? Айтулы датаны абыроймен атап өтуге аудандар мен қалалардың дайындығы қалай? Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өткізген жиында осы және басқа да мәселелер қаралды.
– Бұл – еліміз үшін аса маңызды мереке. Тәуелсіздіктің мән-мағынасын, оның қандай қиындықтармен келгендігін, облыстың әрбір тұрғынына, әсіресе, жас ұрпаққа түсіндіруіміз керек. Осы ретте аймағымызда атқарылатын іс-шаралардың орны бөлек. Сондықтан атаулы мереке аясындағы аудандар мен қалаларда өткізілетін іс-шаралар әдеттегідей жаттанды болған дөңгелек үстел жиындары мен концерттік бағдарламалардың, фестивальдердің айналасында қалып қоймасын. Тың бастамалар мен соны идеялар, креативті шешімдер қажет, – деп сөзін бастаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сәуірдің 15-сіне дейін барлық аудан-қалаларға мерекелік іс-жоспарды қайта қарастырып, айтылған талаптарға сай жасауды жүктеді.
Жиында Семей және Риддер қалалары, Жарма ауданы әкімдерінің орынбасарлары жыл басынан бері өткізілген мерекелік іс-шараларға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Олардың ұсынған ақпаратына сүйенсек, жыл басынан бері бірқыдыру шаруа еңсеріліпті. Мәселен, қаңтарда ардагерлерді ардақтауға, қарттарға қамқорлық көрсетуге көңіл бөлінсе, ақпанда спорттық сайыстар жалғасын тапқан. Оның ішінде КВН мен флэш-мобтан бастап, «Денсаулық фестивалі» сияқты мәдени-спорттық шаралар көп екен. Алайда, облыс әкімінің орынбасары бұлардың барлығы таптаурын болған, жұртты жалықтыратын бастамалар екенін ескертіп, соны дүниелер ойластыруды тапсырды.
– Бір де бір жаңа жобаны көріп тұрған жоқпын. Жыл сайын бәріне белгілі бір шараларды қайталап өткізесіздер, тек сандар ғана ауысады. КВН, фестиваль дегендерді азайту керек. Ауқымдырақ, тереңірек неге ойланбайсыздар? Мәселен, жаңадан көпір салынса, жол жөнделсе, ол – тәуелсіздіктің жемісі. Жаңадан балабақша ашылса немесе мектеп салынса, ол да тәуелсіздіктің арқасы. Мінеки, осыларды неге көрсетпейсіздер?! Қалай болғанда да іздену керек қой, – деп кесіп айтқан облыс әкімінің орынбасары мысал ретінде бірқатар тың идеяларын ортаға салды.
Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтуде ең бастысы Қазақстанның ширек ғасырда қол жеткізген толағай табыстарын, бағындырған белестерін, алған асуларын насихаттап, қарапайым жұртқа жеткізу, «Мәңгілік Ел» идеясының құндылығын түсіндіру. Елдегі тұрақтылық пен татулықты нығайта түсу. Осындай биік мақсаттарды ұстана отырып Тәуелсіздік мерекесін өз деңгейінде өткізуіміз керек. Ол үшін ескі сүрлеуден шығып, жаңаша сипаттағы жобаларды ұйымдастырған дұрыс. Жақсылық Омар айтқандай, аймағымыздың 25 көрнекті тұлғасы туралы кітап немесе деректі фильм түсірсе. Бұл қатарға спортта, еңбекте, өнер мен мәдениетте, ғылым-білімде және басқа да салаларда зор табысқа жеткен тұлғаларды енгізуге болады. Сондай-ақ, табиғаты ғажайып Шығысымыздың 25 ерекше жері, өңіріміздің 25 жетістігі сияқты көпшілікті қызықтырар тартымды да, тағылымды дүниелерге назар аударылуы тиіс. Бәрінен де егемендіктің мызғымас негіздерін білдіретін «25 жұлдызды күн» бастамасына ерекше мән берілмек. Қарашаның 21-інен желтоқсанның 16-сы аралығына белгіленген бұл аралықта негізгі мерейтойлық шаралар өтеді. Ал Тәуелсіздікке арналған бүкіл шаралардың басында Қазақстан халқы Ассамблеясы тұрады.
Бұған қоса облыс әкімінің орынбасары шекаралық аймақтарда орналасқан қалалар мен аудандарға іргелес елдердің өңірлерімен жұмыс істеп, айтулы мерекені тойлауда олардың да шет қалмауын ескертті. Барлық БАҚ-тарда және көрнекі ақпараттарда 25 жылдыққа арнайы жасалып, Астанада бекітілген логотип болуы қажет.
Алда келе жатқан 7-ші мамыр Отан қорғаушылар күні мен 9-мамыр Жеңіс күні мерекелерін де өз деңгейінде өткізуге нұсқау берген Жақсылық Омар биылғы облыс әкімінің жүлдесіне арналған халықтық ойындар Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылмақ. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, осы жылы ойындардың тізіміне жаңа сайыс түрлері енгізіліп, барлығы 24 болады. Оның ішінде атап айтсақ, әдеттегідей қазақ күресі мен ат спорты түрлерінен басқа, орыс лаптасы, ұрдажық, таяқ лақтыру, кавказ куражы сияқты ойындар бар. Киіз үйлердің байқауы да мереке көрігін қыздыра түспек. Барлық аудандар мен қалалар өздерінің ерекшеліктеріне қарай қазақ үйлерін тігіп, жоралғыларын көрсетпек. Мәселен, Абай ауданының киіз үйінде ұлы ақынның өлеңдері жатқа оқылып, әндері шырқалса, Бесқарағай ауданы саусағынан өнер тамған шеберлерінің зергерлік бұйымдарын көпшілік назарына ұсынса, ал Тарбағатай өңірі аңшылық дәстүрді, қазақтың құмайы мен бүркітін көрсетсе, басқа аудандар да осындай ерекшеліктерін паш етсе, қонақтардың қызығушылығын туғызары сөзсіз екенін айтты облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Жиын барысында сонымен қатар, ҰБТ-ға дайындық, көрнекі ақпараттардағы қателіктерді түзеу, мүлікті заңдастыру мәселелеріне де мән берілді.

Серік Әбілхан

Суретті түсірген – Сергей Суров

Осы айдарда

Back to top button