Тәуелсіздігіміздің қастерлі айшықтары

4 маусымда елімізде Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтпек. Кез келген мемлекеттің елдігін айқындайтын бірден-бір белгі – осы нышандар. Ал отансүйгіштіктің бір көрінісі – мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу, қадір тұту. Көк байрағымыз, қанатты пырақтары бар Елтаңбамыз, жүрек елжіретер Әнұранымыз – осының бәрі тәуелсіздіктің қастерлі айшықтары.
Қанатты тұлпарлар өшпес өмірді бейнелейді
«Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші бейнесін білдіреді» деген ЕлбасымызНұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік рәміздерді қабылдауға зор мән беріп, осыдан 26 жыл бұрын, 1992 жылғы 4 маусым күні «Мемлекеттік Ту туралы», «Мемлекеттік Елтаңба туралы», «Мемлекеттік Әнұранның музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойған-ды.
Бұл күн біздің елдің тарихына мемлекеттік символиканың пайда болғанкүні ретінде енді. Ал 2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданып, содан бері бұл күн еліміздің Мемлекеттік рәміздері күні болып аталып өтіледі.
Аталмыш заңның бірінші бабында: «Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады» деп көрсетілген.
Расын да, мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін айрықша құнды белгілер. Рәміздерді қадірлі ету үшін ең алдымен әр азаматтың олар жайында терең түсінік қалыптасуы тиіс. Ту мен Елтаңбадағы бейнелердің қандай мағына беретінін білу – әр Қазақстан азаматының парызы.
Мәселен, Елтаңбаның жүрегі – шаңырақ отбасын, ал қанатты тұлпарлар өшпес өмірді бейнелейді. Елтаңбаның тәжі іспеттес бесқырлы жұлдыздың да алар орны ерекше. Биікте жанар жұлдыз қазақ халқын да сол аспаннан жарқыратып көрсетуге талпынғандай. Тұғырлы туымыздың ашық аспанды елестететін бірыңғай көгілдір түсі – бейбіт өмірдің, күн – байлықтың, қыран құс – азаттықтың нышаны. Осыны еліміздің әрбір азаматы өзінің бес саусағындай білуі тиіс.
Еліміздің әдеби-сазды төлқұжаты, мемлекеттік нышандарымыздың тағы бірі – Әнұран. Өткен тарихымызбен болашақтың арман-қиялын бір әуенге сыйғызу оңай дүние емес. Бүкіл әлемге өзімізді өзге қырдан танытатын да осы -Гимн. Жас пен атақ-шенге қарамастан Әнұранды түрегеп орындау, оң қолымызды жүрек тұсына қойып, әрбір сөзін жүрекпен айту да елге, жерге, Отанға деген құрмет болып саналады. 1986 жылы бостандық пен еркіндікті аңсаған қазақ жастарының бейресми Әнұраны «Менің Қазақстаным» әні болған еді. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әуені мен ақиық ақын Жұмекен Нәжмеденовтің сонау 1956 жылы жазылған осы бір бірегей туындысы халық жүрегінен бірден орын алған болатын. 2006 жылғы 7 қаңтардағы Конституциялық заңға сәйкес осы ән Мемлекеттік Әнұран болып бекітілді. Сөйтіп, ол алғаш рет 2006 жылы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасының Әнұраны ретінде Елбасын ұлықтау рәсімінде орындалды. Бұл Әнұранның сөзі, әуені үлкен-кішіге де оңай, айтуға да жеңіл. Жұрттың көңілінен шыққан, терең отаншылдық сезімдегі ән. Әнұран мәтініне Елбасымыздың өзгерістер енгізгенін де айтқан ләзім.
Бүгінде біз осындай тұңғиыққа, тарихқа толы рәміздерімізбен әлемге мақтана аламыз.
Елімізде рәміздердің қолданылуы заңмен реттелген
Көк байрағымыз бен пырақты Елтаңбамыздың нақты эталондары бар.Қазақстанның Туы мен Елтаңбасы Қазақстан Президентінің Резиденциясында сақтаулы тұрған Ту мен Елтаңба эталонына дәлме-дәл сәйкес келуі тиіс. Сондай-ақ заңға сай Мемлекеттік Ту және Елтаңба ұлттық стандарттарға сәйкес лицензияланған орындарда жасалады. Ал рәміздердің суреті бейнеленген объектілерді жасау жұмыстары лицензиялауды қажет етпейді. Елтаңба бейнесін басатын мекеме мөрлері де стандарт бойынша жасалады.
Бүгінгі күнге облыста жұмыс істеп тұрған лицензияланған рәміз жасаушы жоқ. Бұрын лицензия алған Мемлекеттік Ту жасаушы Өскемен қаласындағы «NSVC» серіктестігі Қарағанды қаласына көшіп кеткен. Семей қаласындағы «Полимед» серіктестігі болса басқа кәсіпке ауысуына байланысты рәміз жасауды тоқтатыпты.
– Рәміздер туралы заңның 4 бабында барлық мемлекеттік органдар рәміздерді міндетті түрде пайдалануы қажет деп көрсетілген. Сонымен бірге, осы баптың 11-ші бөлімшесіндежалпы орта, кәсіптік білім беру ұйымдарында оқу жылының ашылу және аяқталу рәсімдері кезінде Мелекеттік Туды пайдаланылуы қажет депбелгіленген-ді.Жастардыпатриотизмге тәрбиелеу мақсатында Мемлекеттік Ту басқа да ғимараттарда, үй-жайларда олардың иелерінің еркі бойынша тігілуі мүмкін, – дейдіТехникалық реттеу және метрология комитеті облыстық департаметінің бас маманы Бақытжан Сейітов.
Рәміздер туралы заңның 6 бабында мемлекеттік емес ұйымдардың және олардың лауазымды адамдарының бланкілерінде, мөрлерінде Елтаңба бейнесін пайдалануға тыйым салынған. Елтаңбаны қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде де пайдалануға болмайды.
Ал Мемлекеттік рәміздер ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол Үкімет айқындаған тәртіппен ауыстырылуы және жойылуы тиіс.
Шығыста бұл мерекенің өзіндік дәстүрі қалыптасқан
Біздің облыс Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеудің тамаша үлгілерін көрсетуге, оны ата салт-дәстүрімізбен сабақтастыруға үлкен үлес қосып келеді. Осы күнді атап өтудің өңірімізде өз дәстүрі қалыптасқан деуге болады. Айталық, мереке күніӨскемен қаласындағы «Қазақстан» деген жазуы бар тауда облыстың мемлекеттік қызметкерлерісалтанатты түрде ант қабылдап,еліміздің заңын сақтауға, адал еңбек етуге сөз береді.
Бұл тауда ант беру рәсімінің өтуінің өзіндік мәні бар. Өйткені оның ең ұшар басына тұғыр орнатылып, оған еліміздің көк байрағы тігілген, баурайына үлкен әріптермен «Қазақстан» сөзі жазылған. Бұл жер – сондай-ақ қала халқы мен меймандар демалуға келетін сүйікті орындарының бірі.
–Өскеменнің іргесіндегі биік тауға еліміздің Туын тігіп, Елтаңбасын, Әнұранының мәтінін орнату өте дұрыс қадам болды. Өңірімізде жас мемлекеттік қызметкерлердің осындай қастерлі рәміздеріміз орналасқан жерде ант қабылдауы да бекерден-бекер емес, олар мемлекетіміз бен мен халқымыздың алдында жауапкершілік арқалап келеді, – дейді облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңабай Әшімов.
Ант қабылдаған жастардың дауысында дірілдің сезілуі аталмыш шараның олар үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек.
Осылайша, Шығыс өңірі мемлекеттік мерекені ереше формада, тың мағынада атап өтудің өзіндік бір дәстүрін қалыптастыра білді. Биыл да ұлық мейрам өңірімізде кең көлемде аталап өтпек.
Ержан Әбіш