Қоғам

Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі

Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі

Конституциямыздың қабылданғанына – 20 жыл

Биыл ел тарихында елеулі орын алған, жарқын болашаққа бастау болған Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын атап өткелі отырмыз.
Дүбірге толы дүние екі ғасыр тоғысында елімізге түбірлі өзгерістер әкелді. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттықтың ақ таңы атып, егемен ел болдық. Тыңнан түрен салып, демократиялық даму жолына түстік. Бұл жылдардың еліміз үшін жемісті де жеңісті болғаны ақиқат. Соның нәтижесінде Қазақстан бүгінгі әлемдік кеңістікпен үндестік тауып, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру жолында көптеген тамаша табыстарға қол жеткізіп отыр. Ең бастысы, біз мемлекеттігімізді орнықтыру мен қоғамның тыныс-тіршілігін, бағыт-бағдарын айқындап берген өз Ата Заңымызды – Қазақстан Республикасы Конституциясын қабылдадық.

«Жеті жарғыдан» бастау алған заң ережесі

Қазақ тарихында әу бастан-ақ дала өркениетіне сай белгіленген заң ережелері болған. Соның ұшар басында «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» тұр. Осы ережелер мен заңдардың негізінде би-қазылар кез келген дау-дамайды бір ауыз кесімді сөз, кесікті шешіммен реттеп отырған. Көне ғасырдан қалған осы заңдар бүгінгі демократиялық принциптегі Конституциямыздың негізі болып табылады.
Қазақстанның бүкіл тарихында бес рет қабылданған Конституция ұлттық автономиядан бастап, мемлекеттік тәуелсіздік пен егемендікке дейінгі мемлекетіміздің белгілі бір даму кезеңдерін белгілегені хақ.
Осы орайда, Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретіндегі 1993 жылғы қабылданған тұңғыш Конституциясының тарихи маңызы болғандығын атап өткіміз келеді. Қазақстанды демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет деп жариялаған бұл конституция демократиялық бағыт ұстанған жаңару кезеңінің Конституциясы болады. Алайда, бұл Конституцияда Қазақстан республика деп танылғанмен, нақты қандай республика екені көрсетілмеген еді және республика қызметінің түбегейлі принциптері айқындалмаған болатын. Сол тұста Қазақстанда президентік те, парламенттік те басқарудың белгілері болды. Оған қоса нарық экономикасына байланысты күнделікті туындап отырған талаптарға, оны іске асыру мақсатына, мемлекет ұстануы тиіс жаңа ағымдағы стратегиялық бағыт-бағдарына толық жауап бере алмады. Мемлекет билік тармақтары арасындағы қайшылықтарды реттеу тетіктері де нақтыланбаған болатын. Қысқасы, жүйелі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерге негіз болуға осалдық танытты.
Конституцияның осы және басқа да кемшін тұстарын толықтырып, негізгі принциптерді айқын да анық етіп белгілеу мақсатында өмір өзі алға жаңа да толыққанды Конституция қабылдау керектігін ұсынды. Бұл уақыт талабы еді. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен осы бір кезек күттірмес күрделі мәселеге кешіктірмей тез арада бел шешіп кірісу міндеті тұрды.
Сөйтіп, әбден сарапталып, сұрыпталған Конституция жобасы халық сүзгісіне шығарылды. Конституция жобасын талқылауға бүкіл халық бар ынта-ықыласымен қызығушылық танытып, атсалысқаны есімізде. Өйткені, негізгі Заң – әрбір жекелеген азаматтың өмірдегі қарым-қатынасының, күнделікті іс-әрекетінің негізі, бүкіл еліміздің бітім-болмысы. Конституцияның 1- бабында «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп атап көрсетілген. Конституция жобасының бүкілхалықтық талқылаудан өтуінің өзі әрбір адамның жеке құқығына берілген еркіндік деп сезінген ел жаңа Конституцияны қанағаттанғандық сезіммен қабылданғаны да жадымызда. Осыған орай жаңа Конституцияға адам құқығы жөніндегі Бүкіләлемдік декларацияға сәйкестендіріліп, 30 баптан тұратын «Адам және азамат» атты жаңа бөлім қосылғанын, содан Конституциямызда қай салада да халықаралық нормаларға сай келетін ережелер белгіленгенін ризашылық сезіммен айта кеткіміз келеді.
Расында да осы 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған, бүгінге дейін ел игілігіне мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан Конституцияны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ең үлкен жетістігіміз деп бағаласақ, артық айтқандық емес. Бұл Конституцияда жоғарыда айтылған және басқа да кемшіліктер түгел реттелді.
Біріншіден, Конституцияның екінші бабы айқын белгілеп бергендей, Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет боп танылды. Яки, Қазақстан президенттік республика болып жарияланып, президенттік басқару жүйесі нақтыланды. Бұл дер кезінде қабылданған өте дұрыс шешім болды. Өйткені, тап сол тұста қоғамды саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан алып шығу үшін күшті әрі топтасқан билік жүйесі аса қажет еді.
Екіншіден, жаңа Конституция бойынша мемлекеттік біртұтас билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі боп үш тармаққа бөлінді. Ата Заңымызды осы үш билік тармағының өзара және Мемлекет басшысының билік тармақтарымен арақатынасы нақтыланды.
Үшіншіден, көппартиялық негіздегі саяси жүйе қалыптасты, парламентаризмнің негізі қаланып, қос палаталы Парламент дүниеге келді. Соның нәтижесінде бүгінде тиісті тәжірибеден өтіп, кәсіби шеберлігі шыңдалған Парламентте қоғам игілігіне қызмет етіп жатқан жүздеген жарқын із қалдырар жаңа заңдар қабылдануда.
Төртіншіден, Конституцияға жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару бөлімінің енгізілуі де халықаралық үрдістерге сай келеді. Бұл бұрынғы Конституцияда жоқ болатын. Жергілікті өзін-өзі басқару институтының танылуы – әрбір азаматтың өз ой-жоспарларын жүзеге асыру, азаматтық бастамашылдығын көрсету мүмкіндігі болуын, жергілікті маңыздағы мәселелерді халықтың дербес шешуін қамтамасыз ету деген сөз. Бұл жаңа Конституцияның жетістігі.
Бесіншіден, сот жүйесін қалыптастырудың айқын ережелері белгіленді. Соттар мен судьялардың мәртебесі заңнама тұрғысында анықталып, ол сот төрелігін жүзеге асырудың құқықтық кепілдіктерін нығайтты. Елімізде қарқынды түрде сот реформасы жүріп жатыр. Соның нәтижесінде бүгінде озық елдер үрдісі мен үлгісіне бой ұрған тәуелсіз сот билігі, сондай-ақ, сот төрелігін жүзеге асырудың өркениетті жүйесі қалыптасты.

Халықтың сотқа деген сенімі артып келеді

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап республикамыздың сот жүйесін жетілдіру ісін ерекше назарға алып, сот реформасын кезең-кезеңімен ілгері жылжытуда тұрақты қамқорлық көрсетіп келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы республика судьяларының 6 съезінде: «Егер де біз реформа жасағанда экономикада, саясатта сот жүйесін, жалпы құқық қорғау жүйесін түземесек, көздеген мақсатымызға жете алмаймыз. Біздің азаматтар сот жүйесінде барлық мәселелерді шешуі керек, өзінің құқығын қорғай алуы керек. Мемлекеттің де, менің де сот жүйесіне көп көңіл бөліп отырғаным сондықтан», – деді. Сондай-ақ, Президент: «ХХI ғасырдағы ұлттың дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтардың әл-ауқатының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес», – деп сот жүйесінің маңыздылығын атап айтты.
Биліктің бір тармағы саналатын сот саласында елеулі өзгерістердің болып жатқанына, оның тәуелсіз де бейтарап және әділетті төреліктің жүзеге асырылып жатқанына қарапайым жұртшылықтың да көзі жете бастады. Реформаның басты нәтижесі осы, яғни, халықтың сотқа сенімінің артуы мен өз мүдделерін қорғауы үшін сотқа жүгінуі дер едім.
Елбасының ұйғаруымен 1994 жылы судьялардың дербестігі мен тәуелсіздігіне кепілдік беретін «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құқықтық реформа бағдарламасы туралы» қаулы жарияланды. Оның ізін ала бере жаңадан Азаматтық іс жүргізу және Қылмыстық іс жүргізу кодекстері қабылданды. Бұл құжаттарда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғаудың заңдық-құқықтық жүйелері жасалып, сот тәуелсіздігі заманауи реформаларға сай қамтамасыз етілді. Ал 1995 жылы жаңа Конституция қабылданған соң, жергілікті жерлердегі соттарды сайлау тоқтатылып, оларды Президент тағайындайтын болды.
2000 жылы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң қабылданып, судьялардың кадрлық және әлеуметтік мәселелері түпкілікті шешілді. Судья қызметіне тағайындау ашық және конкурстық негізде жүргізіле бастады және оларға қойылатын талап та күшейтілді.

Өркениетке қарыштай қадам бастырған жасампаз да өміршең құжат

Сот реформасының айшықтанып, айқындалуы – соттардың мамандандырылуы барысында анық байқалды. Бүгінде барлық облыста мамандандырылған экономикалық, әкімшілік, қылмыстық соттар мен кәмелеттік жасқа толмағандар ісін қарайтын мамандандырылған соттар жұмыс жасауда. Кейінгі уақытта қалалық соттардың өзі екіге бөлініп, оның бірі қылмыстық істерді, екіншісі азаматтық істерді қарайды.
Сот реформасының нәтижесінде жұмыс жүйесін реттейтін бірқатар жаңа заңдар топтамасы қабылданды. Енді соларға қысқаша тоқталып өтсек, 2006 жылы елімізде “Алқабилер туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңдары қабылданып, аса ауыр қылмыстық істер халық өкілдері саналатын алқабилердің қатысуымен қарауға берілді.
Ал 2007 жылғы 21 мамырда Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер енгізудің нәтижесінде Қазақстанның сот жүйесі азаматтардың құқықтарын қорғаудың қуатты тетігіне, соның ішінде қамауға және үйде қамауға алуға соттың санкция беру құқығына ие болды.
2011 жылы елімізде ең маңызды әрі бүгінгі күн талабынан туындап отырған «Медиация» туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, сот төрелігін баламалы негізде халықтың өзін қатыстыра отырып жүргізу қолға алынды.
2015 жылы 1 қаңтардан бастап жаңа Қылмыстық Кодекс, Қылмыстық іс жүргізу кодексі, Қылмыстық-атқарушылық Кодексі мен Әкімшілік іс жүргізу кодексі қолданысқа енгізілген.
Осы және басқа да бағыттағы сот жүйесін жетілдіре түсу жолында жасалып жатқан барлық игі шаралардың басталуы сот реформасының өзекті бағыттарын айқындап берген Ата Заңымыздың арқауында жатыр.
Бүгінде халық қоғамның барлық тыныс-тіршілігі заңмен ғана реттеліп, заң арқылы ғана шешілетінін түсінді. Халықтың құқықтық сауаты жоғарылап келеді. Ата Заңымыз Конституция тәуелсіздігімізді нығайтып, тұрмысымызды жақсартып, жарқын болашағымызға жағдай жасап, елімізді айдай әлемге танытып отыр. Еліміздің әрбір азаматының парызы мен міндеті – Ата Заңымызда көрсетілген қағидаларды бұзбай, конституциялық құндылықтарды қорғау! Себебі, Ата Заң – қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен ұлттар арасындағы татулықты орнықтырудағы, саяси-экономикалық тұрақтылықты нығайтудағы және дамудың демократиялық жолына батыл түскен Қазақстанның өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғы шарттарын жасап берген жасампаз да өміршең құжат.
Мерекеге орай барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтап, елдігіміз, бірлігіміз жараса берсін дегім келеді.

Досжан Әміров,
Шығыс Қазақстан облыстық
сотының төрағасы

Осы айдарда

Back to top button