Қоғам

Тәуелсіз елдің тұңғыш Сыртқы істер министрі

Тәуелсіз елдің тұңғыш Сыртқы істер министрі


Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов – Семей қаласының тумасы. Елдестіру ісінің майталманы бүгінде 76 жасқа келді.

Семейде туып, Теміртауда түлеген

Металлургтер ұстаханасы саналатын Теміртаудың тәуелсіз Қазақстан тарихында алар орны ерекше. Шын мәнінде Теміртау Қазақ елі үшін саясат сайыпқырандарының да ұстаханасы. Ондағы домна пештің ыстығына шыңдала жүріп небір қылыштай өткір жігіттер саясат аренасына шықты. Соның бірі – семейлік Төлеутай Сүлейменов еді. Иә, Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі де еңбек жолын Елбасыны түлеткен өндіріс ошағында бастаған.
1941 жылы Ысқақ Сүлейменовтің шаңырағында Төлеутай есімді ұл дүниеге келеді.

-Мен туғанда әкем 37-де, анам 26-да екен. Талай зұлматтардың құрбаны болған қандастардың өтеуіндей көріп, мен өмірге келмей тұрып өмірден өткен әкемнің інісінің орнына құдайдың төлеуі болар деген оймен атымды Төлеутай қойыпты, – деп еске алады қайраткер.

Әкесінің қызмет бабына байланысты орта білімді Семей мен Аягөзден алған талапты жас 1958 жылы аягөздік 30 жігітпен бірге Теміртауға аттанады. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған жалынды замандастарымен бірге бір жыл бойы темір қорытуға машықтанған ол Қазақстанның алғашқы шойын балқымасын алуға атсалысады. Нұрсұлтан Назарбаевпен тағдыры егіз жерлесіміз қызмет сатысымен біртіндеп өсе бастайды. 1977 жылы Теміртау қалалық партия комитетінің екінші хатшылығында жүрген жерінен оған жаңа ұсыныс түседі. Сол ұсыныс бойынша үш жыл дипломатиялық білім алып, КСРО Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа алынады. Осы кезден Төлеутай Сүлейменовтің елшілік қызметі басталған еді.

Ауған соғысының ұшынып тұрған шағында Мазари Шариф қаласындағы КСРО-ның бас өкілдігіне консул ретінде Т.Сүлейменовтің келуі оған деген зор сенімнің белгісі болса керек.

Мазари Шарифтегі мазасыз күндер

«Мына бір оқиға есіме жиі түседі. Ұлым анасымен бірге Термезге, ол жерден Пәнжі өзенінен өтіп, Хайротон бекеті арқылы Мазари Шарифке әскери күзеттің көмегімен келуі тиіс болатын. БТР-лар орта жолда бағытын өзгертіп, жанұям мінген көлік күзетсіз қалады. Қарсы алдарынан біз шығып, отбасым оқтан аман қалды. Ондағы елшілік қызмет жаудың тылында, жалынның өтінде өтті. Өзімнен бұрын жақындарымның өмірін тәуекелге байлауға тура келді», – деп еске алады өзінің өмірбаянында.

Мазари Шарифтегі мазасыз күндер 1985 жылға дейін жалғасыпты. КСРО күйрегенге дейін Сыртқы істер министрлігінің Шығыс елдері бөлімінің кеңесшісі, Иран елшілігінің кеңесшісі қызметтерін атқарған Т.Сүлейменов 1991 жылы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі атанады. Кеше ғана өзгенің отары болған елдің басқа мемлекеттермен терезесі тең тұрып, сұхбат құруына жағдай жасау Төлеутай Ысқақұлы басқарған ведомствоның негізгі міндеті еді.

-Барлығын жоқтан бастадық деу артық шығар. Маған дейін ҚазАКСР-нің Сыртқы істер министрі болған Төлеген Тәжібаев қазақ жастарын дипломатияға көптеп тартқан еді. Көзге түскен қандастарын орталық аппаратқа алдырып, шетелге көп шығаруға тырысты. Нью-Йорк сияқты қалаларға баратын делегация құрамына қазақ жастарын қосқызып отырды. Сол кісілер қалыптастырған жолды жалғастыру керек еді. Өйткені, қазақ дипломатиясының өзіндік дәстүрлері сол Т.Тәжібаевтың кезінде қалыптаса бастаған. Ондағы жалынды жігіттердің ұлтына деген сүйіспеншілігі ерекше болатын. Мәскеуге тәуелді бола отырып, осындай шаруаларды атқарған ағалардың ісі бізге айқын үлгі болды. Ол кісілердің жұмысы біздікінен ауыр болған шығар, қолдарында билік болмады ғой, – дейді ағамыз.

Тәуелсіз елдің тұңғыш Сыртқы істер министрі

КСРО заманында төтенше және өкілетті елші болған жалғыз қазақ Мәлік Фазыловтың қызмет жолы да тұңғыш министр үшін өнеге болыпты.
Ядролық қарумен күрес

Еліміздің халықаралық аренадағы беделін көтерген ең үлкен шешім ядролық қарудан бас тарту туралы шешім екені даусыз. Осы қадамның қара жұмысын Төлеутай Сүлейменовтің командасы атқарды.

-Бізге қолында ядролық қаруы бар мұсылман елі ретінде қарап, жолымыздан тайдырғысы келгендер көп болды. Тіпті, қаржылай көмек ұсынған елдер кездесті. Мен айтылған ұсыныстың бәрін Президентке жеткізіп отырдым. Елбасы ондай ұсыныстардан үзілді-кесілді бас тартатын. «Қаруды өзімізде қалдырсақ, экономикалық бұғатта боламыз. Санкциялардан көз ашпаймыз. Аз ақшаға алданып, инвестициялардан қағылатын жайымыз жоқ», – дейтін ондайда. Мен де ядролық қарудан бас тарту ісіне жан-тәніммен беріліп атсалыстым. Өйткені, әке-шешем Абыралы өңірінен сол сынақтардың кесірінен ауған болатын. Талай туысқандарым соның зардабынан жаман ауруға шалдығып, көз жұмды. Ядролық қарусыздануға қатысты БҰҰ мінберінде үш рет сөз сөйледім. Түйін сөзді Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі 1992 жылы айтты. Осы шешімнен кейін өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнату жеңілдеп сала берді. Біздің жұмысымызға жол ашқан үлкен тарихи қадам еді бұл, – дейді дипломат.

Шешім шыққаннан кейін, елді ядролық арсеналдан тазарту керек еді. Оны негізінен Ресей мен АҚШ сатып алуға құлық танытқан екен.

-Келесі кезеңде қызу саудаласу жүрді. Қолдағы қаруды барынша тиімді бағаға сату керек еді. Өйткені, жас мемлекет үшін ядролық қару инфрақұрылымын демонтаждаудың өзі қып-қызыл шығын болатын. Ресейдің, АҚШ-тың өкілдерімен бір мәселе бойынша бірнеше келіссөздер жүрді. Ұйқысыз түндер, тынымсыз телефон қоңыраулары есімде қалыпты сол кезден, – дейді жерлесіміз.

1994 жылы Төлеутай Сүлейменов АҚШ төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Одан кейін Отанымызды 2005 жылға дейін Хунгрия, Бельгия, Люксембург, Голландия, Польша мемлекеттерімен елдестірді. Польшадағы елшілік қызметпен бірге НАТО ұйымындағы өкілдігінде атқарушы басшы қызметінде болды.

-Қазақтың мемлекеттік деңгейдегі дипломатия тарихы 700-800 жылға кетеді. Одан әрі қозғасаң, Ұлы Жібек жолының өзі бабаларымыз жүргізген сауатты дипломатияның жемісі. Бізге сол сара жолдың үзігін жалғау бұйырыпты. Алпауыт елдердің ортасында отырып, нәсілімізді жоғалтпауымызға жауынгер рухымыз бен елдестіргіш парасатымыз тірек болған, – дейді Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі.

Төлеутай Сүлейменов атсалысқан тағы бір тағдыршешті шаруа – шекараны шегендеу еді.

-Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі ең маңызды шаруа шекарамызды заңдық тұрғыда ресімдеп алу болатын. Мемлекет басшысы оны бірінші кезекке қойды. Бұл шаруа тура 10 жылға созылды. Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты бауырлас елдермен келісу қиын болмады. Ал Ресеймен арадағы 7000 шақырым сызықты, Қытаймен арадағы 4000 шақырым сызықты біріздендіру оңай іс емес-тұғын. Тек 2005 жылы ғана үш мемлекеттің басшылары арадағы шекараның заңды екенін растап қол қойған. Сол кездегі мазасыз күндер мен жүйкеге ши жүгірткен қауырт шаруаның жемісін бүгін көріп отырмыз. Дипломат ретінде бүгінгі жағдайға көңілім толады, – дейді ол.

Тәуелсіз елдің тұңғыш Сыртқы істер министрі жетпістің желкесіне шықса да, аттан түскен жоқ. Ол – 2005 жылдан бері Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы дипломатия институтының директоры.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button