Қоғам

Тәуелсіз ел тарихындағы айшықты көрме

Тәуелсіз ел тарихындағы айшықты көрме


Дүниежүзілік көрме тарихы 1851 жылы Лондонда өткен «Барлық халықтардың өнеркәсіптік еңбектерінің ұлы көрмесінен» бастау алады. 1928 жылы Парижде көрме қызметін реттеу мақсатында Халықаралық көрмелер бюросын құруды ұйғарды.

Бүгінгі таңда бұл ең көне және168 елдің өкілдерінен тұратын халықаралық институттың бірі болып табылады. Халықаралық көрмелер бюросы дүниежүзілік көрме принциптері мен мақсаттарының сақталуын, инновациялық, білім беру саласында халықаралық ынтымақтастық қызметі аясында іс-шаралар өткізіп, пікір алмасу және жалпы адамзаттық жаһандық диалогты дамыту үшін кездесулер ұйымдастырады. Бүкіләлемдік көрмелерді өткізу орындары мен олардың тақырыптарын саяси, экономикалық, географиялық және мәдени контексті ескере отырып анықтайды.

О бастан-ақ көрме халықтар арасында ынтымақтастық құруға ұмтылыс пен адамзат дамуының мәселелерін талқылауға арналған аренаға айналды. Сондықтан дүниежүзілік көрме бір мезгілде салтанатты күндерді атап өтсе, көрмелер өткен кез бен осы шақты және болашақтың арасын жалғап жатқан алтын көпір болып табылады. 1889 жылы Парижде француз революциясының жүз жылдығын, 1876 жылы Филадельфияда АҚШ тәуелсіздігін жариялаған ғасырлық мерейтойын, 1893 жылы Чикагода және 1992 жылы Севильяда – Американы ашу мерейтойлары, ал 1915 жылы Сан-Франциско қаласында Панама каналының ашылуы аталынып өтті. Бұл көрмелер мен форумдарда адамзатқа қажетті ғажайып құралдар мен керек-жарақтардың алуан түрі – лифтер, конвейерлер, тігін машиналары, сондай-ақ, телеграф, электрмен жарықтандыру, тоңазытқыш құрылғылар, роботтар – адамға үйреншікті заманауи өнертапқыштық ой жетістігі әртүрлі әлемдік көрмелерде ұсынылды.

Вагнер, Штраус, Верди сияқты майталман музыканттар көрмелер үшін арнайы музыкалық шығармалар жазды.

1867 жылы Мане Парижде өткен әлем көрмесінің эскиздерін жасаса, 1937 жылы Пикассо Париж көрмесінде ХХ ғасырдың символына айналған «Герникасын» жазды, ал 1939 жылы Дали Нью-Йоркте павильон сюрреализмін рәсімдеді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде технологиялық жетістіктерде өмір мен тұрақты дамудың көрінісі орын ала бастады. Инновациялық және қазіргі заманның қарқынды дамуына арналған дүниежүзілік ЭКСПО-ға қатысуға ақындар, суретшілер, мүсіншілер шақырылды.

Негізі ұйымдастырушы қалаларға дүниежүзілік көрме өткізу өркендеу мен болашаққа қадам басуда тамаша мүмкіндік береді. Соңғы технологиялар, жабдықтар, жүйелер және көліктік қызмет көрсету, қала құрылысы және сәулет саласындағы озық әзірлемелер қалалар мен өңірлердің үлкен экономикалық әлеуеті екені даусыз. Тәуелсіз еліміз үшін ел жадында мәңгі қалатын, тарихта алтын әріппен жазылатын «ЭКСПО-2017» болары сөзсіз.

Тілеукен Тілеубердіұлы

Осы айдарда

Back to top button