Қоғам

«Тәуелсіз Қазақстан» ат басын Алтайға бұрды

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы құрметіне жасақталған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы өткен жұма күні облысымызда келді.

«Тәуелсіз Қазақстан» ат басын Алтайға бұрды

Арнайы пойыз жұмысын Ақтоғайдан бастады

Құрамында үш министрлік пен бір ұлттық компания өкілдері бар делегацияны Ақтоғай жұртшылығы тайлы-тұяғы қалмай күтіп алды. Аудан әкімі Бақытжан Байахметов бастаған лауазымды тұлғалар мен елге сыйлы ардагерлер құттықтау сөз сөйледі.
-Еліміздің осынау 25 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері ұлан-ғайыр деуге болады. Өз алдына жеке мемлекет болып құрылған Қазақстанның ширек ғасырдағы табысы тарихымызда үлкен орын алмақ. Сондықтан бұл мерейлі мерекенің барша қазақстандықтар үшін орны бөлек. Шығыс Қазақстан жеріне, оның ішінде қасиетті Аягөз өңіріне қош келдіңіздер!-деді аудан басшысы.
\”Тəуелсіз Қазақстан\” пойызы штабының құрамы Ақтоғай кентінің тұрғындарына денсаулық, білім, заң, кəсіпкерлік, ауылшаруашылық, əлеуметтік салалар бойынша қабылдау жасап, бірқатар кеңестер берді. Шынында бұл күні кәсіби маман-дәрігерлерге қаралып денсаулығын түзеу үшін келген жандарда есеп болмады. Мұның өзі бүгінгі Ақтоғай кенттік ауруханасының әлі де керегесінің кеңейтіп, халықтың кәсіби дәрігерлердің көбейе түсуін қажет ететінін байқатты. Бұл күні хирург, дәрігер-офтальмолог, дәрігер-координатор, невролог, нефролог, уролог, гематолог, пульмонолог, педиатр, гастроэнтеролог, ангиохирург, кардиолог, травмотолог-ортопед, онколог, гинеколог, басқа да кәсіби маман-дәрігерлер Ақтоғай кентінің жұртына қалтқысыз қызмет етті.
-Ақтоғай кенті – өнеркәсібі қарқындап келе жатқан, болашағы зор елді мекен. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, еңбек етіп жатқан жастар көп. Кенттің өзінде 5 мыңнан астам жан бар. Дерті меңдеген науқас адамдардың бәрі де жанына шипа іздеп алыстан ат арылтып келген мамандарға жолығып қалуға асықты. Жалпы, мемлекет тарапынан ұйымдастырылған осындай «Тәуелсіз Қазақстан» атты республикалық акцияның бергені мол болды. Мәселен, мен осы ауруханада жатқан адаммын. Мені білікті маман-дәрігерлер қарап, осындағы дәрігерім Жайна Абдуллинамен ақылдаса отырып, қосымша бірқатар ем-шаралар қосты, көптеген кеңестер берді,-деді осындағы теміржолда еңбек ететін жасы 56-дағы Ахметхан Кенжеғалиев. Сол сияқты, зейнеткер Құмархан Оспанов ағамыз да өзінің бұл республикалық акцияға риза екенін жеткізді:
-Жалғыз дәрігерлер ғана емес, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы мәселелері, заң бойынша да қабылдау жүргізген «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының штабына мың алғыс айтамыз. Мұндай акция қазіргі күні өте-мөте қажет екені айдан анық.
Сол күні \”Теңдесіз сыйлық\” акциясы аясында Ақтоғай кентінің кітапханасына пойыз штабының басшысы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Ə.Əлпейісов бірқатар кітаптар табыс етті. Шара барысында Аягөз аудандық «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мәдениет сарайының өнерпаздары өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Бұл күні «Тәуелсіз Қазақстан» республикалық акциясы аясында шығысқа келген арнайы пойыздың ақ желеңді абзал жандары 450-ден астам Ақтоғай тұрғындарына қызмет көрсетті.

Тегін қызмет көрсетті

«Тәуелсіз Қазақстан» ат басын Алтайға бұрды

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Өскемен қаласына сенбі күні таңертең он жарымда келіп жетті.
Құрметті қонақтарды Защита ықшамауданындағы «Өскемен-1» теміржол вокзалы алдындағы алаңқайда қала басшылығы, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, теміржолшылар, жастар және қала тұрғындары сән-салтанатпен қарсы алды. Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкина, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Вайнах» этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Татьяна Кагерманова ізгі тілектерін жеткізді.
Мұнан соң сөз алған пойыз штабының жетекшісі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Әміржан Әлпейісов бірінші кезекте Шығыстағы елдің қонақжайлылығына тәнті болғандарын ерекше атады.
«Тәуелсіз Қазақстан» ат басын Алтайға бұрды

– Өскемен – Алтайдан Атырауға дейін созылған ұлан байтақ жеріміздің Шығыстағы қақпасы. Біз Шығыс дегенде, ең алдымен ұлтаралық достықтың алтын бесігі, өндірістің ірі орталығы – кенді Алтайды, елін жаудан қорғаған бабамыз Қабанбайдың, ұлы Абай мен дана Шәкерімнің, Мұхтардың ұрпақтарын еске аламыз. Сіздерге Астанадан Елбасының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған құттықтауы мен ыстық сәлемін жеткізіп отырмыз. Мемлекет басшысы бірлік бар жерде тірлік болатынын үнемі айтып келеді. Сапарымыздың басты мақсаты – Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген жетістіктерді, елдік пен бірлікті насихаттау ғана емес, сонымен бірге, шалғайдағы халыққа әлеуметтік тұрғыда нақты көмек көрсету, – деді Әміржан Әлпейісов.
Атап айтар болсақ, пойыздағы делегация құрамында өңірге 270-тен астам кәсіби маман келді. Олардың арасында 7 министрлік пен 3 ұлттық компанияның өкілдері, Мәжіліс депутаттары және 72 дәрігер бар. Олар Өскемендегі барлық әлеуметтік топтарды қамтуды жоспарласа, соның ішінде ҰОС ардагерлеріне, халықтың әлсіз тобына, шалғайдағы елді мекендер тұрғындарына баса назар аударуды мақсат етті.
Вокзалдағы қарсы алу рәсімінен соң делегация өкілдері топ-топқа бөлініп, арнайы әзірленген автобустарға отырып, халықты әлеуметтік, құқықтық, ауылшаруашылық, білім, кәсіпкерлік, медиация мәселелерімен жеке қабылдауға, ақыл-кеңес беруге қала бойынша алдын ала даярланған аудиторияларға бет алды. Бұл жайында алдын ала хабардар етілген өскемендіктер Астанадан келген білікті мамандарға өздерін мазалап жүрген барлық сауалдарын тікелей қоюға және толық жауап алуға мүмкіндік алды.
Қабылдау медиация саласы бойынша Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да, құқықтық мәселелер бойынша «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында, ХҚКО-да ауылшаруашылық сұрақтары бойынша, білім саласы бойынша оқушылардың шығармашылық сарайында, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша кәсіпкерлер палатасында, тұтынушылардың құқығын қорғау сұрақтары бойынша облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінде, еңбекті қорғау, жұмыспен қамту мәселелері бойынша қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бір мезгілде жалғасын тапты.
Бұл күні астаналық дәрігерлер Өскемендегі №2 қалалық ауруханада және облыстық «Ана мен бала орталығында» ересектер мен балаларды қабылдау жүргізді. Медицина мекемелерінде мамандар кешке дейін тұрғындарға тегін қызмет көрсетті. Пойыз штабындағы Әміржан Әлпейісов, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатпеков, ҚХА және Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, профессор Қазбек Қазкенов, Астанадағы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, кәсіби медиатор Шерзод Пулатов және басқалар Өскемендегі Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында өңірдегі этномәдени бірлестіктер өкілдерімен, заңгерлермен, медиаторлармен дөңгелек үстел басында кездесу өткізіп, ұлтаралық, конфессияаралық қарым-қатынасты нығайту, бірлік пен достықты насихаттау, діни жат ағымдардың ықпалынан сақтану тақырыптарында келелі әңгіме өрбітті.
Меймандар қаладағы «Шығыс балдырған» балабақшасының да жұмысымен танысып, сот актілерін орындау бойынша Өскемендегі №1, №2 аумақтық бөлімдерге кіріп шықты. Сонымен қатар, облыс орталығының көрікті жерлерін аралап, «Стрелка» ауданындағы «Даңқ» мемориалында, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында, Өскемен СЭС-де, Сол жағалаудағы бірегей спорттық нысандарда, облыстық драма театрда болуға да уақыт тапты.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың акті залында қала тұрғындары және жастардың қатысуымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «25 жылдың белестері» тақырыбында арнайы тұсаукесер-дәріс өткізіліп, «Баға жетпес сыйлық» акциясы аясында жиналғандарға Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан кітаптар топтамасы тарту етілсе, осы шарамен бір мезгілде аталған білім ордасындағы премьер-министр кабинетінде Өскемендегі этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Бейбітшілік және келісім үлгісі – Қазақстан бренді» тақырыбында келелі әңгіме өрбітіліп, ұлттар арасындағы бірлік пен татулықтың жарқын үлгілері сөз етілді.

Семей жұртын бір серпілтті

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының мүшелері Семей қаласына келіп, бір күн ішінде жүздеген адамның түйткілді мәселелерін шешті. Жексенбі күні жеткен арнайы пойызды теміржол вокзалында қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова, қалалық мәслихат депутаттары және ардагерлер қауымы қарсы алды. Маңызды шараға өңірдегі теміржолшылар әулеттері, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және жастар жиналып, қонақтардың құрметіне би билеп, ән салып, перронды лезде қуанышқа бөледі.
– Тәуелсіздігіміздің тарихы – еліміздің бастан кешкен тамаша кезеңдері,-деді қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова,-биыл міне, Тәуелсіздікке 25 жыл толып отырған кезде сіздердің алыс сапарға шығып, халықтың жағдайымен танысамын дегендеріңіз құптарлық іс. Біздің бабаларымыздың арманы, қазақстандықтардың ортақ ұлттық идеясы-осы тәуелсіздік еді. Дәл қазіргі уақытта Қазақстан халқы өзінің келісімімен, достығымен, тағаттылығымен бүгінде бүкіл әлемге үлгі болып отыр.
Келген жұмыс тобы бірден үш тарапқа бөлініп, өз жұмысын бастап кетті. Шәкерім университетіне бұрылғандар халықтың балаларын оқытудағы қол жетпей отырған мәселелері, түлектердің жұмыспен қамтылуы, техникалық және кәсіптік білім берудегі жаңа технологиялар туралы өзара ақпарат алмасып, көптеген мәселелерге қанық болды. Келесі жұмыс тобы Семейдегі қоғамдық ұйымдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесті. Мұнда депутаттар мен түрлі министрлік мамандары ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел- Болашағы Біртұтас Ұлттың рухани негізі» атты дөңгелек үстелге қатысты. Онда халықтың әлеуметтік және экономикалық жетістіктері баяндалды.

Қаланың қарапайым тұрғындары штаб мүшелерінен көп ақыл-кеңес алды. Мәселен, техникалық түгендеу, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу, азаматтық хал актілерін тіркеу және де ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы бойынша тегін кеңестер берілді. Ал №1 емханада халық білікті дәрігерлердің тегін тексеруінен өтіп, денсаулыққа байланысты ақыл-кеңестер алып жатты.

-Біз бүгін Ұлы Абай туған мекенге келіп отырмыз. Қатты толқыныс үстіндеміз. Пойызымыздағы 270 адамның 70-і дәрігер. Семей сынақ зардабын тартқандарға емделу жөнінде кеңестер берілуде,-деді Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілі, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мүшесі Әлібек Есенқұлов,-ол үшін әдейі ғылыми-зерттеу институттарынан, министрліктерден, ұлттық компаниялардан мамандар келіп отыр. Олар бүгін өз саласы бойынша кездесулер өткізеді. Халықпен кездескен кезде проблемаларды ғана қозғап қоймай, 25 жылдағы жетістігімізді айтып, Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттамақпыз. Бұдан кейін Дегелең стансасы мен Курчатов қаласына барамыз. Елбасының ядролық қаруды тоқтату идеясы туралы да айтпақпыз. Біз осы жерде халықтың проблемасын қолма-қол шешіп, көмектесуге тырыстық. «Тәуелсіз Қазақстанның» әрбір мүшесі күніне 20-30 адамнан қабылдауда. Түрлі мәселелер бойынша 180-дей сұрақты қабылдап алдық. Мұнда шешімі табылмағандарын Астанада қарайтын боламыз.

Раушан Нұғманбекова,
Берікхан Тайжігіт,
Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button