Қоғам

Түлкінің терісі өзіне жау

Бүгінде «Тарбағатай» ұлттық паркінің аумағында жан-жануарлардың сан алуан түрі өмір сүреді. Солардың ішінде ерекше көзге түсетіні әрі көпшілікті қызықтыратыны – түлкі.  

Түлкінің есте сақтау, иіс сезу қабілеті күшті және ол сақ құлақ. Әдетте түлкі аң аулауға кешкі  немесе түнгі уақытта шығады. Қулықтың синонимі саналатын түлкі  жыртқыштар отрядының иттер тұқымдасына жатады.

Түлкінің күшігін жәудір деп атайды. Жәудірлер көбінесе сәуірдің соңында немесе мамырдың басында туады. Әуелде олардың терісінің түсі қоңыр және күшіктерге ұқсайды, бірақ бір ерекшелігі – құйрығының ұшы ақ түсті болып келеді. Түлкілер тез есейеді, туғанына 20 күн болғанда олар іннен шығып тірі жәндіктермен қоректене бастайды. Түлкілер  інге тірі тышқан, құс пен ұсақ аңдарды ғана әкеліп қоймай, сонымен қатар жәудірлерді аң аулауға баулиды. Бастапқыда зауза қоңыздарын, шегірткелерді аулайды, кейіннен сұртышқан, кесіртке, бақа сияқты ірірек жәндіктерді аулаумен машықтана бастайды. Бірақ бұл жануардың ең сүйікті тағамы – құстар.

Түлкілер әрдайым інді мекен ете бермейді, інді тек қана тұқым өсіру үшін, кейде жыртқыш аңдардан жасырыну үшін қолданады да, қалған кездері жазық даланы қоныстанады. Бір қызығы түлкі өзі інді қазғысы келмейді,  борсық сынды аңдар қазып кеткен індерді мекендейді.

Тарбағатай ұлттық паркінің ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері Айгерім Шәріпқанованың айтуынша, қыстың соңына қарай мамықтай жалтыраған  түлкі тоны күңгірттеніп, кедір-бұдырлы бола бастайды. Түлкінің түлеу мезгілінде оның түктері түсіп, сыртқы түрін жоғалтады. Түлеу мезгілі әжептәуір тез өтеді, мамыр айына қарай түлкіде жаңа түк өседі. Егер де түлкі ауру және  арық болса, онда түлеу мезгілі созылып, маусым айында қысқы жүні сабалақтанған түлкіні кездестіруге болады. Жаздық жүн бағаланбайды, себебі, жүн қылшықты және түгі сирек болады, қоңыр күз келгенде жүні қоюлана түседі. Аязды күндер бастала түлкі терісі ең құнды болып саналады. Қыс мезгілінде әппақ қардың үстінде жортқан түлкіні көру оңайға түседі де жыртқыш аң мен аңшылардың қолына оңай ілігеді. Осыдан болар, көпшіліктің «түлкінің өз терісі өзіне жау» дейтіні.

Ақмарал Мұхтарбекова,

Осы айдарда

Back to top button