Түлектер ауылға сый жасады

Уақыттан асқан жүйрік бар ма? Жыл сайын ауданымыздың білім ұяларынан қанат қаққан әр жылғы түлектер алтын ұя мектептерінде бас қосып, өздерінің перзенттік парызын өтеуді дәстүрге айналдырған. Бұл жолы Біржан ауылындағы Амангелді атындағы орта мектебінің 2002 жылғы түлектері білім нәрімен сусындатқан мектептерінде бас қосып, мерекелік кездесу өткізді.
Жылдағы дәстүр бойынша 25 мамыр күні мектепте соңғы қоңырау рәсімі өтті. Салтанатты мерекенің көркі – білім ордасынан қанаттанып қияға ұшқалы тұрған түлектер мен осыдан жиырма жыл бұрынғы түлектер болды. Өздерін білім нәрімен сусындатқан ардақты ұстаздары Гүлмира Саусақбаева, Факлия Шамилқызы, Шынар Рахымжанова сынды ұстаздарын ортаға алып әсем әннің әуенімен тербеле мектеп ауласына қол ұстасып кірген түлектерді көргенде ерекше бір әсерге бөленгендей күй кештік. Осы күні ұстаздарға зор құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында ауылдық округ әкімі Сәкен Хамитов сөз алып, мектеп бітіргендеріне жиырма жыл болған түлектерді мерейлі сәттерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– 94 жылдан астам тарихы бар киелі шаңырақ Амангелді атындағы орта мектебі – ауданымыздағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі. Білім ошағы өзінің өсіп-өркендеу жолында талай қиындықты да, табысты сәттерді де бастан кеше отырып бүгінгі күні тәуелсіз елдің талантты балаларын оқытатын білім ордасына айналды. Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әріп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя-мектебін әрдайым сағынышпен еске алып отырады. Биылғы 20 жылдық кездесуге келген түлектеріміздің барлығы да бүгінде белді, белсенді. Еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. 20 жылдық түлектеріміз ауылымыздың дамуына, көркеюіне үлес қосып, «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында ауылдың кіреберісіне құны 750 мың теңге тұратын заманауи демалатын орын жасап ауылдастарының игіліне ұсынып отыр, – деді өз сөзінде ауыл әкімі.
Келесі сөз кезегі жиырма жылдық түлектерге берілді.
– Осыдан 20 жыл бұрын арман қуып әр тарапқа аттанған түлектер бүгінде еліміздің өңірлерінде әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. Араларында кәсіпкерлікті, ұстаздық жолды таңдағандар көп. Мектепті алтын белгімен тәмамдаған Жігер Сәрсенов республикалық «Хабар» телеарнасында қызмет атқарып жүрсе, дарынды журналист Дәурен Аллабергенұлы облыстық «Дидар» газетінің тілшісі. Бүгінгі кездесуді ұйымдастыруда ауылымыздағы сыныптастарымыз Амандық Бексұлтанов, Дидар Ошақбаев, Гульвира Қалиеваның еңбектері зор, – деді жиырма жылдық кездесуге келген түлектер.
Кездесу соңында жиырма жылдық кездесуге келген түлектер аяулы ұстаздарын ортаға алып, естелік суретке түсті. Олардың әрқайсысы кездесуден үлкен әсер алып, балалық шақтарына қайта оралғандай болды.
Н.Медеубаева, Зайсан ауданы.