Туғаны теріс айналғандар «Ана үйінде» тұрып жатыр
Перзентханада 20 жастағы қыз сәбиінен бас тартып жатыр деген хабарды естіп, ес жиып, еңсесін көтергенше көмектесе алатын «Ана үйі» бар екендігін айту үшін психологты ертіп, сонда бардым. Қыз Катонқарағай ауданынан келіпті. Колледжде оқып жатқан көрінеді. Айтысына қарағанда жігіті тастап кеткен. Қызды « Бізбен бірге «Аналар үйіне» жүр, балаңды тастама» деп бір апта бойы үгіттеген шығармыз. Амал не, ол ақыры баласынан бас тартып, үріп ауызға салғандай әп -әдемі ұлын шырылдатып тастап кете барды…
Біз Металлургтер кентіндегі «Ана үйіне» барғанымызда аталған әлеуметтік мекеменің үйлестірушісі Найля Оңғарбаева күні кеше ғана перзентханада тағы бір қыздың осылай үзілді -кесілді өз баласынан бас тартқанын қынжыла айтты. Ол қыз да тұс-тұстан көмек қолын созған жандардың ақыл-кеңесіне құлақ аспаған.
Дайын үй, дайын ас, жатар орыны , памперсі де, жаялығы да тегін… 1,5 жыл бойы бала бір жарым жасқа толғанша жалғызілікті ананың осы үйде тұрып, сәбиін аяғынан тұрғызуға барлық жағдай жасалған бұл жерде. Қазақстанға белгілі кәсіпкер меценаттардың қаржысымен еліміздің барлық облыстарында ашылған «Ана үйінің» өзі де жетім, тастанды баланың болуына тосқауыл қоя алмай отырғаны жүректі ауыртады. Бүгінде жетімдігі былай тұрсын, күресінге, көшеге, қоқысқа тасталған бала көбейді.
Осыдан үш жыл бұрын ашылған Өскемендегі «Ана үйін» бүгінгі күнге дейін алпыстан астам ана мен бала паналапты.
-Бізге келетіндердің ішінде студенттер, жұмыссыз жүрген қыздар да бар. Көпшілігі дәмханалар сияқты табысы төмен жұмыс орындарында істейді. Әсіресе, ойнақтап жүріп от басқан бойжеткендердің тағдыры қатты толғандырады бізді. 2016-жылдың мамыр айында Өскемендегі перзентханада бірнеше жап-жас қыз бірінен –соң бірі баласынан бас тартты. Олардың арасында алыстағы аудандардан келген қыздар да бар. Қателесіп, жазым басқан шығар, бірақ баласын неге тастайды? Сол қыздардың біреуін ғана көндіре алмадық, қалғандары қазір кішкентай сәбилерімен «Аналар үйінде» тұрып жатыр. Жуықта алыс аудандардың бірінен қалаға келіп жұмыс істеп жатып, аяғы ауыр болып қалған Дариғаның (есімі өзгертіліп отыр) апайы оны «Ана үйіне» іздеп келіпті. Алма тосабын ала келіпті сіңілісіне. Бұдан бір жыл бұрын сіңілісінің аяғы ауыр екенін білген апайы оны көрместей болып, теріс айналған. Анасы болса «келсең өзің кел, балаңды көрмейтін болайын» депті. Дариға жүктілігінің соңғы айларынан бастап бізде тұрып жатыр. Басқа баратын жері жоқ. Енді міне, уақыт өте келе Дариғаны, оның ұлын апайы, анасы өздері іздеп келе бастады, -дейді Найля Оңғарбаева.
«Ана үйіндегі» келіншектер мұнда баласын бағып қана отырған жоқ. Үш қабатты коттедж үйдің бір бөлмесіндегі шеберханаға үш бірдей заманауи өндірістік тігін машиналары қойылыпты. Осында келіп тұратын тігін шеберлерінен қыздар киім тігуді үйреніп, балаларына, өздеріне қажетті киім-кешектерді өздері тігіп алып жатыр. Дизайнерлер, қолөнер шеберлері де келіп, қолдан түрлі бұйымдар жасауға үйретуде. Бір, бір жарым жылдың ішінде қыздарға тамақ пісіруден бастап, өмірлеріне қажетті деген ұсақ-түйек кәсіптердің бәрі үйретіліп жатыр. Сәуірде «Ана үйі» бау-бақша егіп, өсіруге қолайлы үлкен учаскесі бар үйге көшірілмек. Мұнда балаларға мемлекеттен берілетін жәрдемақылары да бір тиын шашау шығарылмай, жинатылады. «Ана үйінен» шыққаннан кейінгі тірліктері үшін.
«Барар жер, басар тауы жоқ» болып қалған шақта қыздарға пана болған «Ана үйінде» қазір сегіз ана сәбилерімен тұрып жатыр. Бәрінің де тағдырлары ұқсас. Біреулер оларды жазғырады, кіналайды, ақтайды, аяйды. Ал, енді біреулер: «Ана үйі» оң жақта отырып жүкті болғандарға жақсы болды, ертең сонда бара салам дейтін шығар ұятсыздар…» деп мұндай әлеуметтік жобаның жақсылығымен қоса жамандығы да барын айтып қалуға тырысуда. Тек, бірнәрсе ғана анық-бала жетім қалған жоқ!
Жанаргүл Мұқатай