Қоғам

Туған жерінің түтінін түтетіп жүр

Туған жерінің түтінін түтетіп жүр


Көкпекті ауылындағы аудандық аурухананың хирургі Азамат Тілегенов – Семей мемлекеттік медициналық университетінің түлегі. Ол оқу орнын 2014 жылы тәмамдап, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында туған ауылына оралған. Жергілікті әкімдік тарапынан жас маманға баспана ұсынылып, 150 мың теңге көлемінде көтермеақы бірден төленіпті. Қазір ол отбасымен бірге өзінің үш бөлмелі жер үйінде тұрып жатыр.

Жұбайы Анар Ғаббасова да – медицина саласының маманы, ол да «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясында Астанадан ауылда еңбек етуге келген, осы ауруханада бас дәрігердің орынбасары болып қызмет етеді.

– Кішкентайларымыз әзірше жоқ, бірақ, әрине, жоспарда бар, – дейді бізге берген сұхбатында Азамат. – Мен өзім осындағы орыс мектебін аяқтағанмын. Әкем Жомарт Тілегенұлы – қатардағы құрылысшы, анам Гүлнәр Жұматайқызы – жоғары санатты қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Әке-шешемнің берген тәлім-тәрбиесінің арқасында осы бір белеске жетіп отырмын.

Дәрігердің жұмысы қиын екені баршаға белгілі. Алайда хирургтің қызметі тіптен күрделі. Азаматтың айтуынша, аудан үстімен өтетін Омбы-Майқапшағай тас жолында жол-көлік апаттары жиі болып тұрады. Зардап шеккен, ауыр жарақат алған адамдар осы ауруханаға дереу жеткізіледі. Оларға шұғыл ота жасалуы тиіс. Сондықтан, Азаматқа күн демей, түн демей жұмыс істеуге тура келеді. Түннің бір уағында, жұрт тәтті ұйқыда жатқанда, ұялы телефон шырылдап жұмысқа шақырады, яғни бұл ауруханаға кезекті бір ауыр науқастың жеткізілгенін, тез арада медициналық көмектің, көп жағдайда операцияның қажет екенін білдіреді.

Азамат біліктілігін үздіксіз жетілдіріп отырады. Жалпы, медицина саласының мамандары өмір бойы оқиды, білімдерін шыңдайды. Прогресс те бір орында тұрмайды ғой, емдеудің соны технологиялары қолданысқа енгізіліп отырады. Заман ағымынан қалуға әсте болмайды.
Ауруханада үш хирург жұмыс істейді. Шұғыл оталардың бәрін жасайды. Егер өте күрделі операция керек болса, Өскеменнен санитарлық авиацияның тікұшақтары келіп, науқастарды алып кетеді.

– Мұнда кілең тәжірибелі мамандар, өз ісіне берілген жандар жұмыс істейді. Жастар көп. Ұжым өте тату-тәтті. Білесіз бе, университет бітірген жастардың бәрі дерлік қалалық жерде қалғысы, сонда жұмыс істегісі келеді. Қайткенмен қалада жағдайдың бәрі бар ғой. Бірақ мен осы туған ауылыма келіп, осында еңбек етіп жүргеніме бір сәт те өкінген емеспін, – дейді ағынан жарылған Азамат Тілегенов.

Еліміздің және өңірдің медицинасы білімді мамандармен толығып келеді. Өңірдегі маман тапшылығын жою үшін денсаулық сақтау басқармасы мен Семей медициналық университеті арасында келісім жасалған. Әр аудан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жас маманға жағдай жасайды.

Ержан Әбіш

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button