Туған жерін түлеткен азаматтар ардақталды
Өскемендегі «Үлбі» мәдениет үйінде еліміздің Тұңғыш Президенті күніне орай «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында ерекше көзге түскен меценаттарды марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысып, жиналған қауымды мерекелерімен құттықтады.
Жиынға алыстан ат терлетіп келген бір топ мәртебелі меймандар: қоғам қайраткері, еліміздің алғашқы Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов, Парламент Мәжілісі-нің депутаттары Төлеген Ибраев пен Нико-лай Кузьмин, даңқты балуан, грек-рим күресінен Әлем чемпионы Дәулет Тұрлыханов қатысып, мерекенің мерейін асырды.
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ-ТЫҢ бастамасымен 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Туған жерге – тағзым» акциясы осынау бес жылдың ішінде өзінің қажеттілігі мен пайдалылығын дәлелдеп үлгерді. Облыстың белсенді азаматтары мен кәсіпкерлерінің, жергілікті меценаттардың тікелей араласуымен бюджеттен тыс 20 миллиард теңгеден астам қаржыға 3 мыңға жуық жоба іске асырылып, ел игілігіне берілді. Туған елдің шынайы жанашырларының есебінен акция аясында шалғайда жатқан ауыл мен тіршілігі қарқын алған қалалардың тынысы кеңейді, әлеуметтік инфрақұрылым жақсарып, елді мекендердің сәулеттік келбеті ажарланды, халқымыздың берекесі артты.
Салтанатты жиында акцияның бес жылдық қорытындысы шығарылып, ірі және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырғандарға құрмет көрсетілді.
– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмаларын орындай отырып, осыдан бес жыл бұрын «Туған жерге – тағзым» акциясын қолға алған болатынбыз. Содан бері айтарлықтай іс тындырдық деп мақтаныш-пен айта аламыз. Мәселен, айналдырған бес жыл ішінде 100-ге жуық саябақ пен балалар алаңы, 230 ескерткіш, мемориалдар мен стеллалар, 21 әлеуметтік және 150 спорттық нысан, футбол алаңдары мен хоккей қорапшалары салынды. Сонымен қатар, елді мекендерді абаттандыруға, жолдарды жөндеп, көпірлер салуға, көшелерді жарықтандыруға бағытталған 380 түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған тұрғындарға арнап 680 шара жүзеге асырылды. 80 нысан мемлекет меншігіне қайтарылды. Түптеп келсек, мәселе осы нысандардың – балабақшалар мен мектептер, ауруханалар мен мәдениет үйлері, спорт кешендерінің жетіспеушілігінде емес. Негізгі мақсат жас ұрпақтың бойында туған жерге, туған елге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру болып табылады, – деп салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өскен жерін, елін сүю сөз жүзінде ғана емес, нақты істермен де дәлелденуі керек екенін айтты.
«Туған жерге – тағзым» акциясы аясында жүзеге асырылған жобалардың әрқайсысы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға ерекше үлес қосқаны рас. Сөзімізді бір-екі мысалмен сабақтап жіберейік. Үржар ауданының Ақжар ауылында салынған «Шапағат» сауықтыру орталығы мұндағы мүмкіндігі шектеулі балаларға болашаққа деген сенім сыйлап, үміт отын жақты. Аягөз қаласында салынған бокс және күрес залдары бар спорт кешені, Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентіндегі «Ұлан» орталық стадионы жастарды салауатты өмір салтына баулып, жарқын келешектеріне жол ашты. Сонымен қатар, Жарма ауданының Мұхтар Әуезов кентінде бой көтерген «Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне мәңгілік естелік» атты мемориал-ескерткіш ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ел еңсесін тіктей түсті. Және мұндай жарқын, мақтауға тұрарлық мысалдар қаншама?!
Салтанатты шарада өзінің түлеп ұшқан ортасын ұмытпай, жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан осындай бір топ Атымтай жомарт азамат облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қолынан алғыс хатпен және естелік мүсіншелермен марапатталды. Олардың ішінде өзінің туған жері – Жарма ауданының Қалбатау ауылында құны 300 миллион теңге болатын заманауи спорт кешенін салдырған даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов та бар.
– Бәріміз де ауылдан шыққанбыз, сол жерден тәрбие алып, түлеп ұшқанбыз. Біздің Адам, Азамат ретінде қалыптасуымыз – туған жердің, туған елдің арқасы. Сондықтан елге, өскен ортамызға мәңгілік қарыздармыз, – деді Дәулет Болатұлы. – Өзімнің және барлық марапатталушылардың атынан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА осындай айтулы акцияны дүниеге әкелгені үшін зор алғыс айтқым келіп тұр. Қай жерде, қай өңірде жүрсемдағы, аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлын айрықша мақтан тұтамын, ол кісінің басшылығымен Шығыста атқарылып жатқан жұмыстарды үнемі алға тартамын. Біздің Әкім қашан да ел арасында жүріп, жұртшылықты толғандырған мәселелерді біліп отырады. Соған орай, тиісті органдарға қатаң талап қояды. Соның арқасында Шығыс Қазақстан көз алдымызда өсіп-өркендеп, алға жылжып келеді, – деді ол.
Мерекелік жиын барысында кеш қонақтары Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ-ТЫҢ сүйікті әндерінен құралған концерттік бағдарламаны да тамашалады. Сахна төрінен шырқалған шығармалар арасында әнсүйер қауымға жақсы таныс «Беу, айдай», «Үш қоңыр», «Той базар», «Қимайды екен көз көрген», «Улица родная» («Весна на Заречной улице»), «Едут новоселы», «Город мой» сынды әндер болды.
Облыстың үздік меценаттары
Дәулет Тұрлыханов (Жарма ауданы)
Медғат Құлжанов (Абай ауданы)
Марат Бітімбаев (Зайсан ауданы)
Анатолий Балушкин (Өскемен)
Зейнетулла Ахметов (Семей)
Владимир Ли (Курчатов)
Серік Толықпаев (Ұлан ауданы)
Болат Бекбердинов (Көкпекті ауданы)
Балғазы Қадылов (Күршім ауданы)
Николай Воробьев (Шемонайха ауданы)
Кеңес Омаров (Глубокое ауданы)
Қайрат Қожахметов (Тарбағатай ауданы)
Зекеш Атығаева (Бесқарағай ауданы)
Ертай Кешілбаев (Катонқарағай ауданы)
Серікболат Бейсекенов (Үржар ауданы)
Қажымхан Қайырденов (Риддер)
Хамит Кушуков (Аягөз ауданы)
Қайрат Бөкежанов (Зырян ауданы)
Нұржан Кенжеұлы