Қоғам

Туған жеріңе табын

Туған жеріңе табын

Біздің жақтың орыстары мен тағы басқа да ұлттарының барлығы дерлік қазақ тілінің майын тамызатын. Олардың ата-бабасы Тарбағатайға қай кезде келгенін ешкім тап басып айтпаса да, ешқашан өзектерінен тепкен емес. «Сен басқа ұлтсың» деп кеудесінен итермейтін. Ақжар мен Тұғылда орысша оқытатын мектептер болды. Ал былайғы ауылдарда тұратындардың барлығы қазақша оқыды. Үлкендерді қойып, балаларының өзі бір-бірімен қазақ тілінде әңгімелесіп, төбелескенде, әкеден жіберіп, өлгеннен түгендеп сықпыртып боқтап жататын.
Бізге шашы сары, көзі көктің барлығы орыс. Кейіннен білсек, олардың арасында немісі мен эстоны, латышы мен украины және тағы басқалары бар екен. Аудандық автопаркте Бархатов деген сарылығынан гөрі күнге күйген қоңырқайлығы басымдау, денелі келген шофер болды. Сол кездері жасы қырықтарда. Алыс-жақын демей, ауданның барлығына күніне бірнеше уақыт автобус қатынайтын еді ғой ол уақытта. Соның бірін жүргізетін. Замандастарымен, әсіресе, құрдас әйелдермен қалжыңдасып, баратын жеріңе жеткенше езуіңді бір жиғызбайтыны есімде қалыпты.
Ақжардағы үлкен әулеттің бірі атанған Карнаухтың ұлдарымен қатар өстік. Бірінен-бірі өтетін. Шаштарын сары деуге келмейді, аппақ деуге тағы болмайды, көздері де өзгешелеу, қапсағай денелі, шетінен спортшы. Қазақшаға келгенде ауызыңды аштырмайды. Кейіннен бұл отбасының эстон ұлтының жұрағаты екенін білгенде таң қалдық.
1979 жыл күзде әскерге алындым. Сол жылдары бозбалалар арасында: «Армияға әкетсе, Забайкалье округіне апара көрмесін, онда түсе қалсаң, Моңғолияға жолатпасын, егер сонда апарса ондағы стройбаттан құдай сақтасын» деген сөз жүретін. Сөйтсек, бұл бұрын-соңды сол жақтың жабайы стройбатының дәмін татқандардың біз сияқты «сарыауыздарды» сақтандырғаны екен ғой. Былайғы кезде де тұзым жеңіл еді. Қазан айы туысымен ауданнан әскерге аттанатындардың легін бастап, ең бірінші болып жөнелтілдік, Германияға апарады деп мәз болып жүргенде, Тәжікстанда он бес күн ұстады да, бір түнде үлкен ұшақпен Моңғолияға апарып тастады. Оған жеткізгеннен кейін, берзент жабылған жүк машиналарымен күні бойы селкілдетіп отырып, Болғанға жеткізді. Берзент көліктен түсіп, тура сондай берзентпен қапталған шатырларға орналастық. Қысты сонда өткіздік. Алғашқы айларда көрген қиындықтарды ешкімнің басына бермесін. Жігіттердің осалдары қашып-пысып, енді біреулері өз денсаулықтарына өздері нұқсан келтіріп, әскерге жарамсыздар қатарына қосылып, елге қайтып жатты. Намыстыларын «шалдар» сындыруға кірісті.
Жарты жылда немістің концлагерінде болғандай күйге жеткен біздерді Бағанұрға ауыстырды. Осында Кеңестер Одағының бірнеше дивизиясы орналасқан екен. Өзіміз берзент палаткаларда тұрып, сол әскерге казармалар, тұрғын үйлер, техникаларға арналған аңғарлар, қоймалар салдық. Аптасына бірнеше адам қашады. Бір күні соларды іздеп Керулен өзенінің маңындағы тоғайды шарладық. Балық аулап жүрген бірнеше орыс солдатты ұстап, командирлерге әкеле жатқанда, қашқындардың бірі маған қазақша тіл қатып, қай жерден екенімді сұрады. Тарбағатайды айтып едім, қуанып кетті.
«Біздің қасымыздағы барлаушылар батальонын сенің жерлесің ұстайды. Сашка Карнаух деген. Мен Зайсаннанмын. Қазір бізді апарсаңдар, полктегілер бірден қамап тастайды, сотталамыз. Жерлес екенбіз, жібере сал. Қашқын емеспіз. Кеше түнде жаңа салынып жатқан үйде кезекшілікте қалған едік. Бүгін демалыс болған соң ешкім іздей қоймас деп, қарнымыз ашқаннан кейін таңертең осында келген едік. Өзіміз де қайтамыз деп отырғанбыз…», – деп өтінді. Қасымдағылармен келісіп, екі солдатты босатып қоя бердік.
Батальонға оралған соң, Карнаухты іздедім. Шынында да жағдайы жақсы екен. Барлаушылар батальонының бүкіл қоймасы соның қолында. Жарқылдай қарсы алып, аш құрсақты жұбатып, жүз грамын құйып, қазақы қонақжайлық танытты. Тарбағатайдан бір өзі ғана екен.
– Батальонда бес-алты-ақ қазақ бармыз. Бірақ ұйымшылдығымыз мықты. Ешкімді тырп еткізбейміз. Сендермен қатар орналасқан Савченконың батальонында да тарбағатайлықтар бар. Өздеріңнің түрлерің не болып кеткен? Аққұлақтар күн көрсетпей ме? Ертең кешке ұйықтар алдында серуенге шығасыңдар (вечерний прогулка) ғой, сол кезде барып, оларды тәртіпке саламыз. Енді қорықпаңдар, – деп бізді жігерлендіріп қояды.
Расында, бір күннен кейін кешкі серуен кезінде біздің батальонның маңында кішігірім шайқас болды. Әскерде жүргенімізге жеті-сегіз ай болып қалған біздер де ес жиып қалғанбыз, барымызды салдық. Сол кезден бастап көзіміз ашылды. Аптасына бір рет сәлемдемесін арқалап келіп, өзімізге уақытша салған ағаш казарманың төріне таман бұрышқа жайылған дастарқанның төрінде қар-қарқ күліп, қазақша әңгімені көсілтіп отыратын шашы аппақ, көзі тұздай, денелі жігіттің мысы «мен» деген талай «шалдың» мысын басты. Мұндайды көрмеген Ресейдің ішкі жағынан келген орыстар таңданғанда көздері төбелеріне шығып кететін.
Сол Сашка кейіннен ауданның атамандары қатарында біраз жыл шайқады. Картаны керемет ойнайтын. Совет үкіметі құлағанда, тарбағатайлық орыстар мен немістер және тағы басқалар да ата-тектерін түгендей бастады. Алыс-жақын елдерден туыстарын тапқандар біртіндеп көшуге кірісті. Қазақы салтпен айырылыс қазанын жасап, көршілермен жылап, қоштасып кеткендердің көбі қайта оралмады. Бірақ басым бөлігі алысқа шығандап кеткен жоқ, берісі Өскемен мен Семейді, арысы қазақтың басқа қалаларын мекен етті. Біразы Германия мен Ресейге қоныстанды. Карнаухтар да көшкен еді. Сашка ата-бабасының қонысына тек қонақ ретінде барып қайтты. Өйткені, өзі айтқандай, ол қазақ болып кеткен еді. Тарбағатайдан басқа жерді жерсіне алмайтынын, қайда жүрсе де сағынатынын айтып отыратын. Туған жерін өзіміздің кейбір қазақтан жақсы көретін ол тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау кезеңінде қыста түні бойғы әсерлі әңгімеден соң досы Сәкеннің үйіне қонып, содан оянбай қалды. Өзінің арманы да сол болатын…
Ол жылдары ауылда шын қиын болды ғой. Сол кездерді ойлағанда, талантты киногер Серік Апырымов түсірген, ауылға ат ізін салмайтын білгіштердің аяусыз сынына іліккен «Қиян», «Ақсуат» киносы көз алдыма келеді. Біз сол кинолардағы шынайы көрсетілген ауыртпалықтар басталған кезде қалаға кетіп, жан сақтадық. Ал Сашка сынды кіндігі туған жерге байланып қалғандар қашпады. Олардың көбі бүгінде арамызда жоқ…
Қазіргі кезде ауылға жылдап ат ізін салмайтын, аңсарлары тоқшылық пен баршылықтан басы айналып, азғындап бара жатқан басқа елдерге қоныс аударуға ауып тұратындардың бөстекі әңгімесі мен көртышқан тірлігін көргенде олардың өскен өлкені Карнаухтай сүйе алмайтынына күйінемін.

Болат Абаған,
Қазақстанның құрметті журналисі

Осы айдарда

Back to top button