Қоғам

Туған жерден жырақ кетпеңіздер!

Туған жерден жырақ кетпеңіздер!


Облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдің дарынды балаларымен кездесу барысында олардан туған жеріне қызмет етуді өтініп, ол үшін барлық жағдай жасалатынына уәде етті. Облыс басшысы мен үздік оқушылардың диалогына құрылған кездесуде шығысқазақстандық талапты жастардың болашағы жайлы да сөз қозғалды.

Өңірдің талапты да талантты жастарын баламалы энергия көзі сияқты өзекті мәселеден бастап, туризмді дамыту, археологиялық қазбалар,мектептерде шахмат клубтарының ашылуы, дарынды жеткіншектерге облыс басшылығы тарапынан көрсетілетін қолдау, тіпті облыс әкімінің қандай кітаптарды оқуды қалайтыны сияқты сауалдар қызықтырады екен.

Аймағымыздың дарынды балаларының арасында оқушылар арасында шахматтан Әлем чемпионы Арыстан Исанжұловтың болуының өзі-ақ Шығыс жастарының қаншалықты талантты екенін көрсетеді. Кездесуде республикалық жəне халықаралық интеллектуалдық, спорттық олимпиадалар мен жарыстардың, шығармашылық конкурстардың жүзден аса жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды. Өткен оқу жылында шығысқазақстандық оқушылар білімдері сараланған әртүрлі сайыстарда 35 алтын, 55 күміс жəне 67 қола жүлдені еншіледі. Олардың 38-іне халықаралық жарыстарда, 119-ына республикалық сайыстарда қол жеткізіпті.

Талапты жастардың бірі – Диас Арнурошидов Семейдегі Ш.Уəлиханов атындағы \”Жас ұлан\” мектебінің биылғы түлегі. Диас – физика пәнінен өткен Президенттік олимпиаданың жеңімпазы. \”Бала кезімнен əскери қызметті армандадым. Құрылық әскерлерінің әскери институтына инженер мамандығы бойынша оқуға түсуді таңдадым,\” – дейді талапты жас.

Шахматтан Әлем чемпионы, Семейдегі экономика лицейінің 8 сынып оқушысы, семейлік Арыстан Исанжұловты облыс басшылығы тарапынан шахмат сыныптарын ашуға қолдау болатын-болмайтыны толғандырады екен. Болашағы зор жас шахматшының сауалына Даниал Ахметов әзіл-шыны аралас былай деді:

-Егер сен Әлемнің екі дүркін чемпионы атансаң, туған жерден жыраққа кетпесең, өңірде шахматтың өркендеуін қолдаймыз.

Аймақ басшысы облыстың барлық мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап робототехника сыныптары ашылатынын жеткізді.

-Біз жеке кәсіпкерлердің қолдауымен өңірдегі білім ошақтарының барлығын робототехника сыныптарымен жабдықтауға мүмкіндік алдық. Біздің өлкеміз табиғаты бай, археологиялық қазбалары керемет ерекше өңір. Археологиялық қазбалар біздің дәуірімізге дейінгі 6-7 ғасырларда ата-бабаларымыз керемет технологиялармен зергерлік бұйымдарын жасағанын көрсетті. Бүкіл әлем таңданысты. …Кітап оқыңыздар, білімдеріңізді жетілдіріңіздер. Өз басым Мұхтар Әуезовтың шығармаларын сүйсіне оқимын. Басқа да қазақ жазушыларының еңбектері назар аударуға тұрады. Жастарымыздың оқуына, сапалы білім алуына, Отанына адал қызмет етуіне барлық жағдайды жасаймыз. Тек туған жерден кетпеңіздер! Елге, жерге қызмет етіңіздер, – деп шақырды жастарды Даниал Ахметов.

Туған жерден жырақ кетпеңіздер!

Кездесу барысында Даниал Ахметов дарынды балаларды Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар оқушылары үздік атанған мұғалімдер де сый-сияпатсыз қалған жоқ. Оларға ақшалай сертификаттар тапсырылды.

Одан кейін дарынды шығысқазақстандық оқушылар үшін мерекелік балл ұйымдастырылды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button