Қоғам

Туған жерді түлетуге атсалысады

Туған жерді түлетуге атсалысады

Елімізде алғашқы болып өткен аптаның қасиетті жұма күні Өскеменде «Жерлестер форумын» өткіздік дүркіретіп. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тікелей бастамасымен ұйымдастырылып, қатысуымен іске асырылған игі шараға берісі еліміздің түкпір-түкпірінен, арысы көрші Ресейден жетпістен астам жерлесіміз жиналды. Форум барысында олармен жалпы құны 6,5 млрд. теңгеден асатын 36 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға келісім жасалды.
Ұзын саны жетпістен асатын құрметті қонақтардың қатарында Шығыс Қазақстанда туып-өскен, қазірде басқа жақта тұрып жатқан жоғары лауазымды тұлғалар, ғалымдар, мемлекет, қоғам қайраткерлері, қалталы кәсіпкерлер және басқалар бар. Атап айтар болсақ, Ресей Федерациясы кеңесі ғылым және білім, мәдениет және ақпараттық саясат жөніндегі комитетінің төрайымы Зинаида Драгункина, Парламент Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова, академик, генерал-майор Тоқтархан Нұрахметов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов, Ресейдің Петербор қаласында тұратын белгілі опера әншісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Әлия Кикенова (Құсманова), Омбы қаласындағы «Мостовик» ғылыми-өндірістік бірлестігі бас директорының орынбасары Валерий Вихрев, «Road construkcion» ЖШС-нің бас директоры Қуат Өзбеханов, «Қазақстанның ядролық қоғамы» ассоциациясының атқарушы директоры Наталья Жданова, генерал-майор Рүстем Қайдаров сынды бір топ жерлестеріміз келді.

Өскемен күн сайын құлпырып келеді

Туған жерді түлетуге атсалысады

Мәртебелі меймандар алдымен қаланың орталық алаңында тұрған ұлт ұстазы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, хәкім рухына тағзым етті. Сосын екі үлкен автобусқа мініп Өскеменнің көз тартар көрікті жерлерін аралауға жолға шықты. Ертістің сол жағалауындағы мұнаралары зәу биікке ұмсынған облыстық мешітке ат басын тартып, құран оқытты. Жекпе-жек сарайы, Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика орталығы, суда жүзу бассейні сияқты жаңадан іске қосылған бірнеше заманауи нысан шоғырланған спорттық кластерді аралап көрді.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбай мұндағы әрбір нысан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпкерлер қаражатына, халықаралық стандарттарға сай салынғанын, ол жерлерде Әлем чемпионаттарынан бөлек, барлық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болатынын бар ынтасын сала түсіндірді. Қонақтардың арасында біреулері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алып жатса, енді бір жерлестеріміз мұндай ғажап үлгідегі нысандарды басқа қалалардан кездестірмегенін айтып таңданыстарын жасыра алмауда. Мәселен, Өскемендегі О.Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика сияқты ТМД елдері ішінде Мәскеуде ғана бар. Осының өзі шығысқазақстандықтардың мерейін өсіретін мақтанышы емес пе?!
Құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан 19-ықшамауданда болған меймандар сән түзеп бой көтерген тұрғын үйлер мен түрлі мекемелерді тамашалап, болашақта салынатын нысандармен танысты.
Ал қонақтар мінген автобустардың ішіндегі шағын телеэкраннан облысымыздың тәуелсіздік алған жылдардан бергі әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, инвестициялық әлеуеті, қол жеткізген жетістіктері мен нәтижелері туралы ақпараттармен молынан қамтылған бейнероликтер көрсетілді. Ал табиғи-ландшафтық мұражай қорығының қызметкері саяхатшыларға қаладағы бұрнағы нысандар мен көшелерінің тарихы жөнінде әңгімелеп берді.

6,5 млрд. теңгенің инвестициялық жобасы іске асырылмақ

Туған жерді түлетуге атсалысады

«Алтай» технопаркіне жоспарланған форумның пленарлық отырысы басталмай тұрып көпшілік назарына «Туған жерге – тағзым», «Туған ел – алтын бесігім», «Мейірім» акцияларының және «Еңбек биржасы», «Түлек.kz», «Жастар қалашығы» тәрізді еліміздің басқа өңірлерінде жоқ бірегей жобалардың таныстырылымы ұсынылды.
– Бүгінгі форумды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – сіздерге, яғни, бүгінде басқа өңірлерде тұрып жатқан Шығыстың тумаларына өздерінің «кіші отанын» көрсетіп, мұндағы жұрттың қазіргі тұрмыс-тіршілігімен, істеліп жатқан жұмыстармен таныстыру. Сондай-ақ, Президент тапсырмасына сәйкес ел экономикасын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды бірлесіп атқаруға ұсыныс жасау, туған жерлеріңіздің өсіп-өркендеуіне атсалысуға шақыру. Форумға жиналған барлығыңыз Шығыста туып-өстіңіздер, білім, тәрбие алып, үлкен өмірге қанат қақтыңыздар. Осындай дәрежеге жеткендеріңіз бірінші кезекте – туған жердің арқасы. Ендеше сіздер туған жердің дамуы, онда тұрып жатқан ағайын-туғандардың әл-ауқатының артуы үшін қолдан келгенше көмек көрсеткендеріңіз жөн. Қай жерде болмасын «кіші отандарыңызды» естен шығармай, үнемі насихаттап, Шығыстағы оң істер мен тың бастамаларды басқаларға айта жүрсеңіздер, ол да үлкен көмек, – деп пленарлық отырыстың ашылуында сөйлеген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құрметті қонақтарға алыс-жақыннан ат шалдырып келгендеріне ризашылығын білдірді.
Аймақ басшысы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жақында жариялаған Жарлығына сәйкес, бұдан былай қазақстандық жобаларға қаржы салатын инвесторлар 10 жылға жер және корпоратив салығынан босатылатынын, сондай-ақ, олардың жұмсаған шығындарының 30 пайызына дейін қайтарылатынын еске салды. Бұл кәсіпкерлерге жасалып отырған үлкен мүмкіндік, әрине.
Форум нәтижесінде жерлестермен жалпы сомасы 6,5 млрд. теңгені құрайтын 36 инвестжобаға қол қойылды. Олардың ішіндегі қомақты инвестиция салынатын ірі жобалар бар. Айталық, Семейде салынатын спорттық-сауықтыру кешені (1 млрд. 260 млн. теңге), тұрмыстық химия зауыты (180 млн.), Түйемойнақ аралындағы туристік демалыс аймағы (50 млн.), жасанды көгал төселген екі бірдей шағын футбол алаңы (15 млн.), Үржар ауданында қызыл кірпіш өндіретін зауыт ашу (47 млн.), діни білім беретін медресе салу (54,6 млн.), Риддер қаласында «Әйгерім» балалар саябағын абаттандыру (7 млн.), Зайсан ауданының Сарытерек ауылдық округінде Германиядан әкеліп Керқұлан (Прежевальский) жылқысын өсіру (10 млн.) және тағы басқалар.
Жиында Ресей Федерациясы кеңесі ғылым және білім, мәдениет және ақпараттық саясат жөніндегі комитетінің төрайымы Зинаида Драгункина, Парламент Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова, академик, генерал-майор Тоқтархан Нұрахметов, «Road construkcion» ЖШС-нің бас директоры Қуат Өзбеханов сынды бірқатар жерлестеріміз сөз тізгінін алып, өздерінің жүрекжарды лебіздерімен бөлісті. Ұсыныс-тілектерін айтты.
Ұлттық қауіпсіздік саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер ақсақалымыз Тоқтархан Нұрахметов: «Бұл басқосу адамдар арасындағы ынтымақты арттырып, береке-бірлікті нығайтуға, ел мен елдің достығын мықтауға, қарым-қатынас ауқымын кеңейтуге зор ықпал етеді. Әлем елдерінде, тіпті, бауырлас мемлекет Украинада тұрақсыздық орнаған бүгінгідей заманда біздер үшін тыныштықтың, бейбітшіліктің маңызы жоғары. Шығыс Қазақстанда бұл бағытта ауыз толтырып айтарлық дүниелер көп расымен. Айталық, этностардың мәдениеті мен тұрмысы салтанат құрған этноауылдың бір өзі ғана осындағы түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы тұрақтылық пен татулықты көрсетпей ме? Осының бәрін теледидардан көріп, газеттен оқып отырғанда бойымызды мақтаныш билеп, «Міне біздің Шығыста үлкен істер атқарылуда» деп айтамыз. Сол игі шаралардың заңды жалғасы деп Жерлестер форумын айтар едім, – деп ағынан жарылды.

Қара теңіз жағалауында демалып қайтады

Пленарлық отырыстың соңын ала Риддердің тумасы, қазір Мәскеуде тұратын мемлекет қайраткері Зинаида Драгункина өңірдегі балалар үйінің 10 тәрбиеленушісіне Анапа қаласының «Русь» шипажайына жазғы демалыстарын өткізу үшін жолдама-сертификаттар табыс етіп, халықаралық «Благовест» қайырымдылық қорының төрайымы ретінде балақайларға Қара теңіз жағалауына аттанбас бұрын бір күн Мәскеуді аралатып, саяхат жасататынын жеткізді.
– Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жағдай жасауда сіздердің облыста үлгі боларлық істер көп. Бір ғана «Мейірім» акциясының өзі неге тұрады?! Ата-ананың махаббат-мейіріміне мұқтаж мұндай балаларды облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлының тікелей қамқорлыққа алуы қатты қуантады. Осы орайда айта кетейін, кейінгі сегіз жылда «Благовест» орталығы арқылы Ресейдің сауықтыру лагерьлерінде 157 шығысқазақстандық бала демалып қайтты. Бұл дәстүр келешекте де жалғаса береді, – деп нақтылаған Зинаида Драгункина Шығысқа келген сапарында Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімовамен бірге «Матросов» және «Зоя Космодемьянская» сауықтыру лагерьлеріне арнайы барғанын, ол жерлерде балалардың жақсы демалып, тынығуына барлық жағдай жасалғанына ерекше тоқталды.
Сондай-ақ, З.Драгункина Қазақстан мен Ресейдің байланысын одан әрі бекіте түсу мақсатында екі ел арасында өнер ұжымдарының гастрольдік сапарларын ұйымдастырып, түрлі шаралар өткізу қажеттігін еске салды. Ол өз кезегінде алдағы 2015 жылы аталып өтілетін Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына бірлесіп дайындалуға ұсыныс тастады. Ресейде бұл атаулы күнге қазірдің өзінде дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұған қоса жерлесіміз, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Александр Протозановтың биылғы тамыздың 15-інде тойланатын 100 жылдық мерейтойына әзірлену мәселесін көтерді.
Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Кенді Алтайдың келешегі – шығысқазақстандық балаларды қолдауда аянбай еңбек сіңіріп, өңіріміздің дамуына өзінің үлесін қосып жүрген Зинаида Драгункинаға Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағын беруді ұсынды. Форумға қатысушылардың бәрі бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады.

Саябақтағы саяхат қонақтар көңілінен шықты

Туған жерді түлетуге атсалысады

Түстен кейін жерлес-қонақтарымыз Өскеменнің көрікті орындарының бірінен саналатын, көрген жанға таңдай қақтырмай қоймайтын Ертістің сол жағалауындағы сәулет-этнографиялық мұражай-қорықты аралады. Қорық директоры Николай Зайцев этносаябақтың бұрнағы суреттері мен қазіргі көркейген келбетін салыстыра отырып таныстырғанда, жиналғандардың талайы сенер-сенбес күйде болғаны рас. Меймандар шағын отарбаға мініп, жасыл желекке малынған саябақты аралады.
– Сіздердің қала күннен-күнге гүлдену үстінде. Мына этносаябақты көріп өз көзіме өзім сенбей тұрмын. Талай қаланы араласам да мұндай ғажап дүниені осыған дейін кездестірмедім. Николай Зайцев ағамыз бұл жұмысты бүкіл жан-тәнімен беріліп істегені көрініп тұр. Бұл қажырлы еңбектің жемісі деп білемін. Облыстың басшылығы да жақсы идеяларды үнемі қолдап отыратыны мені қуантты, – деп ой бөлісті ашық аспан астындағы мұражай-қорықтың қызығын көріп тауыса алмаған меймандардың бір тобы.
Саябақтағы саяхат этноауылдың қақ төріндегі кең сахнада шымылдық түрген Бесқарағай ауданының «Туған ел – алтын бесігім» атты концерттік бағдарламасына ұласты. Аталған ауданның шығармашылық ұжымдары бар өнерлерін ортаға салып көрермен қауымның қошеметіне ие болды. Әуелеген классикалық әндер, күмбірлеген күй мен тал шыбықтай бұрала билеген қыздардың биі мерекені қыздыра түсті. Ақшам жамыраған шақта думанды концертте аяқталып қалған. Қас қарая форумға қатысушылар жағылған оттың айналасына жиналды. Оттың айналасына қоршай жайғасқан жерлестер бір-бірімен емен-жарқын сұхбаттасып, бұрынғы достар өткен күндерді еске алып, сыр шертісті.

Меймандар лебізі

Бірғаным Әйтімова, Парламент Сенатының депутаты:

– Бұл форумды күні кеше ғана Астанада үш мемлекет Президенттерінің келісімімен құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың шартында айтылған міндеттерді жүзеге асырудың көрінісі деуге болады. Еліміздегі өңірлердің ішінде бәрінен бұрын Шығыста осындай ерекше сипаттағы, ең бастысы, адами құндылықтарға негізделген шаралардың қолға алынуы облыс әкімінің біліктілігі мен жеделдігін аңғартса керек. Мен өзім бұл өңірдің тумасы емеспін Батыс Қазақстанда дүниеге келдім. Бірақ соған қарамастан, ортақ мүддеге бағытталған игі бастамаға қолдау білдіріп, атсалысу үшін осында келдім. Біздер қайда жүрсек те өзіміздің туға жерімізді, елімізді мақтан тұтып, насихаттап жүрсек ол Қазақстанның мүддесін шетелдерде қорғау болып табылады.

Асқарбек Құсайынов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті:

– Қай адамның болмасын жүрек түкпірінде туған жерге деген сезімі жатады. Оған менің көзім жетті. Бір мысал айтайын. Германияда аспирантурада оқып жүргенде, бір күні қатты шаршап келіп төсекке құладым. Ұйықтап кеткен екенмін түсіме кіндік қаным тамған ауылым кірді. Бұрынғы Абралы ауданының Қайнар ауылы. Сонда қайран қалғаным, бас құрап, үйлі-баранды болсам да, Алматыда біраз жылдан бері тұрып жатсам да, бәрібір туған жерге деген сағыныш жүректің түбінде қалады. Туып-өскен өлкеміз ешқашан жадымыздан өшпейді екен. Әсіресе, елден жырақта бұл анық байқалады. Сондықтан өз басым Жерлестер форумын өткізу идеясын толық қолдаймын. Мұндай шара кейінгі жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде қажет.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button