Қоғам

Туған жерді түлеткендер

Туған жерді түлеткендер


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргеннен бері облыстық «Дидар» газетінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі қазақ ауылдары туралы, тіпті сонау шалғайда, біраз уақыттардан бері елеусіз, ескерусіз қалған елді мекендердің де тынысы мен тіршілігі, солардың жылт еткен жаңалықтары мен жақсылықтары, туған ауылдарының өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген ауыл еңбеккерлері мен жергілікті іскер азаматтары жайында үзбей мақалалар жарияланып жатыр.

Қиыншылықты қайыспай көтерді

Жалпы, біздің аймақтың тұрғындары ертеден Шорға деп аталған елді мекенді жайлаған. 1932 жылы Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен ауылдық кеңестер құрыла бастағанда, Тарбағатай ауданына қарасты 12 ауылдық округтің бірі – Шорға ауылдық кеңесі еді. 1934 жылы Шорға ауылдық кеңесіне қарасты сегіз колхоз (Өркендеу, Ақ түбек, Жылыбұлақ, Ортақшыл, Ақ дөң, Өмірлік, Лениншіл және Қуаныш) біріктірілген болатын. Осы колхоздарда еңбек еткен халықтың көбі сауатсыз, қолдарына қалам ұстап көрмеген қарапайым еңбек адамдары болды.

1925 жылы Қазақстан билігіне Голощекиннің келуі қарапайым халықтың бағы емес, сорына айналды. Оның Қазақстанға «Кіші Октябрь Революциясын» жасаймын деп:

– Асыра сілтеу болмасын,

Аша тұяқ қалмасын, – деген есерсоқ ұранының соңы қазақ халқының жаппай ашаршылыққа ұшырауына алып келді. Сол кезді көзімен көргендердің айтуларынша, көп үйлердің мұржасынан түтін шықпай қалған. Ауыл тұрғындары ертеңгілік орындарынан тұра сала, «тіршілік белгісі бар ма, жоқ па?» – деп, әр үйдің мұржаларына қарайтын көрінеді. Біздер осы бір қасақана, қолдан жасалған зобалаң жылдар жайында Тобықты, Айтқұрман, Түсіп, Қасымхан, Серкеш, Қасым, Мүрсәлім сынды сол кездің көнекөз ақсақалдарының көздеріне жас алып, күрсіне отырып баяндаған әңгімелерін естіп өстік.

Көкіректері қарс айырылған сол ақсақалдардың кез келгенінің әңгімесінің дені: – Ел тоз-тоз боп босып жатты. Өзен жағалағандар Зайсан көлінің жағасына кетті. Сол жақтан ептеп-септеп нәпақаларын айырып, біразы аш балапандай шиқылдаған бала-шағаларын аман сақтап қалды. Елдің ауқатты азаматтарының малдарын сыпырып-сиырып алып, халықты жаппай қуғын-сүргінге ұшыратты. Небір азаматтар жазықсыздан-жазықсыз «халық жауы» деген нақақ жаламен сотталғаны сотталып, атылғаны атылып кетті. Жер аударылғандар сол кеткеннен мол кетіп, қайтып оралмады. Аман келгендерінің өзі ебін тауып, Қытай еліне ауып жатты, – деп келетін.

Туған жерді түлеткендер

Сөйтіп жүргенде, 1941 жылы күндей күркіреп соғыс басталады. Ендігі жерде «Аштықтан аман қалдық па, қалмадық па?» деп отырған, енді ғана есін жия бастаған елдегі бас көтерер азаматтардың барлығын от пен оққа апарып салды. Деректерге сүйенсек, бір ғана Шорға өңірінен майданға аттанған 200-ден астам адамның төрттен бірі ғана (елу адам) елге оралыпты.

Сол соғыстан аман оралғандардың қатарында менің әкем Ғафур Ердібаев та бар болатын. Әкемнің бала күннен тай-құлындай тебісіп тете өскен, майданға бірге аттанған достары Сәмен Сапанов, Шайқы Өкпебаев, Мұхтар, Тоқтар Бұзаубаевтар, Ерғали Итбаев, Шағыр Есіркегенов, Хамза Шошаев, Төлеухан Елубаев, Мәуиға Айтбаев және тағы да басқа ел азаматтары да елге оралған. Өкінішке қарай, олардың барлығы дерлік қол-аяғынан айырылған, контузия алған, өкпелеріне суық тигізен ауру-сырқау еді. Бірақ олар «біз ауру-сырқау, кем-кетік едік» деп үйлерінде тығылып отырған жоқ. Кеңес үкіметі отырғызған жоқ оларды. Олар қан майданнан оралған бетте ауылдың түрлі саласындағы еңбек майдандарына мидай араласып кете барды. Бірі есепші, бірі малшы, енді бірі қоймашы, пошташы, шөп бригадирі, механизаторшы болды. Әкем Ғафур да осы замандастарының қатарында әуелі сельпоға бастық болып тұтынушылардың сауда орталығы Ақмектепте сегіз жыл, кейіннен колхозда кілтші, сосын мектептің шаруашылық меңгерушісі болып зейнетке шыққанша түрлі қызметтерде болды.

Ел азаматтары майданға аттанғанда, мұнда қалғандардың да шекесі шылқып, майшелпек өмір сүрмегендері белгілі. Азаматтардың орнына қалған әйелдер мен қарттар, буындары бекімеген мектеп жасындағы оқушы ұл-қыздар таңның атысынан күннің батысына дейін егіс алқаптарында, қырманда, шөпте бел жазбай жұмыс істеді. Осындай қиыншылықты қайыспай көтерген аналар мен сол кезде өмір сүрген адамдарды есімізге алып, мың мәрте құрмет көрсетсек те артық емес. Солардың қатарында өзім көздерін көрген Әсия, Әния, Дана, Күлжаш, Қалымжан, Жамал, Әспе, Күлән, Жәнжәміш, Нұржай, Қазыке, Закария, Ажархан сынды және тағы басқа аттары аталмай қалған асыл аналарымыз болды. Бұл кісілердің соңында қалған ұрпақтары аяулы да ардақты ата-аналарын бүгінгі күні аса бір мейірімділікпен, сағынышпен және мақтанышпен естеріне алып жүреді.

ӨРКЕНДЕЙ БЕР, ТУҒАН ӨЛКЕМ

Ол кезде Крупская атындағы колхоз Қарасу совхозының №2-ші ірі қара фермасы болатын. Ауылда тағы сол Крупскаяның атындағы жеті жылдық мектеп болды. 1950-60 жылдардың бас кезінде осы мектепті бітірген балалар ары қарайғы оқуымызды Қарасудағы Чкалов мектебінде жалғастырдық. Осы тұста Үкімет пен партияның шешіміне сәйкес ірі шаруашылықтар бөліне бастады. 1965 жылы күзде Қарасу совхозынан біздің Крупская бөлініп, Крупская атындағы совхоз болып қайта құрылды. Ақжардан Покровка бөлініп шықты. Совхоздың директорлығына Ақжар совхозында бас зоотехник боп істеген Шернияз Жаманбаев тағайындалды. Өз кезінде жұмысты дұрыс ұйымдастыра білген, экономикалық есепке жүйрік директордың қарымды жұмыстарының арқасында совхоз айналасы бір-екі жылдың ішінде-ақ жоғарғы көрсеткіштерге жете бастады. Шернияз ағамыз іскер басшы еді. Совхозды басқарған он жылға жуық уақытта аудан көлемінде үнемі алдыңғы қатардан көріне білді. Тың жерден жаңа ферма салдырып, оны Шеңгелді деп атап, бастауыш мектеп, клуб, емхана, дүкен және 40-қа жуық жаңа типті үй пайдалануға берілді. Совхозға №1-ші Өмірлік, 2-ші Шеңгелді, 3-ші Қазақстан және Қызылқайыңнан жылқы фермасы шоғырландырылды. Совхоз ауданның, облыс шаруашылықтарының ішінде алдыңғы орынды тұрақты ұстап тұрды. Осы жетістіктері үшін Үкімет совхоз директоры Шерияздан Жаманбаевты «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және басқа да көптеген медальдармен марапаттады. Кейіннен марқұм Жаманбаев ағамызға Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Шернияз ағамыздан кейін совхоз басшылығында қызмет еткен Мұратбек Күмпейісов, Тияс Түсіпов, Ғалым Жұмағалиев, Сәкен Нұрмұханбетов сынды азаматтар да совхоздың өсіп-өркендеуі үшін өз шамаларынша үлестерін қосты. Сол кездегі совхоз аумағындағы Крупская (қазіргі К.Төгісов), Қ.Сәтбаев, Т.Тоқтаров, Ы.Алтынсарин атындағы мектептер күні бүгінге дейін өз дәрежелерінде жұмыс істеп келеді. Осылардың ішінде Шеңгелдідегі Қ.Сәтбаев атындағы мектептің мен үшін орны ерекше. 45 жылдық ұстаздық еңбегімнің 35 жылы осы мектепте өтті. Мектепті ұзақ жыл Қамсабек Құдайбергенов, одан соң мен басқарған едім.

Иә, одан бері де қаншама уақыт өтті. 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз тәуелсіздігін жариялап, социалистік қоғам формациясы түбірімен өзгерді. Совхоздар таратылып, ел тығырыққа тіреліп, «Енді қалай өмір сүру керек?» деген сұрақ туындады. Осы тұста заман талабына сай ауылымыздың аты да Қабанбай бабамыздың есіміне ауыстырылды. Қазіргі Қабанбай батыр атындағы ауыл округінің құрамындағы Шеңгелді, Қазақстан, Тәуке, Шорға елді мекендерінен іскер азаматтар шығып, көптеген шаруа қожалықтары құрылды. Олар ауылда бос жүрген адамдардың басын біріктіріп, жұмыспен қамтамасыз ете бастады. Бүгінгі күні «Әйгерім», «Еңлік», «Атамекен», «Дарын» шаруа қожалықтары қал-қадірлерінше өз шаруаларын дөңгелетіп отыр.

Еліміз тәуелсіздік алып, қасиетті дінімзбен қайта қауышқан кезеңде ауылымыздың тумасы, ұзақ жыл Өскеменде автобус жүргізушісі болып істеген, екі рет қажылыққа барған Мүрсәлімов Бағдәулет ағамыз өзінің кіндік қаны тамған ауылына келіп, елдің басын қосып, ауылға Алланың үйі – мешіт салу туралы мәселе қойды. Ауыл халқы бұл ұсынысты біркісідей қолдап, ақшалай, малдай көмек көрсететіндіктерін білдірді. Ел бірлігінің нәтижесінде айналасы екі-үш жылда ауылдың ең көрнекті жерінен Ақмешіт бой көтерді. Қазір сол мешітте имам боп істейтін Ғафуров Жапархан жұбайы Раухан екеуі ауыл мешітін талапқа сай, мұнтаздай етіп ұстап отыр. Кеңес заманындағыдай емес, қазір ауыл халқы имандылыққа бет бұрып, жұма сайын мешітке барып, құран оқытып, Аллаға мінәжат етеді.

Сол жылдары мешіт құрылысына арнайы техникамен, жұмыс қолымен, тағы да басқа көмек көрсеткен марқұм Сапаш деген азаматқа, кәсіпкер Қайрат Нәбиевке, бүгінгі таңда ауыл халқына үнемі қолдау білдіріп, демеушілік жасап жүрген аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевқа ауыл халқының айтар алғысы шексіз. Сол кездегі ауыл әкімі (қазір аудан әкімінің орынбасары) Ержан Сабырбаевтың ұтымды ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігін халық күні бүгінге дейін ризашылық сезіммен айтып отырады. Ауылдың өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосқан ауылдық кеңес төрағасы Кәкен Сүлейменовтің еңбегі ерекше еді. Тарбағатай ауданының құрметті азаматы атағымен қоса ауылда сол кісінің атына көше берілді. Ауылымыз әлі де даму үстінде. Қазіргі ауыл әкімі Мейрамбек Мұхатов та өзінің көп жылғы іс-тәжірибесіне сүйене отырып, халықпен бірлесіп жақсы жұмыс істеп келеді.

Бұл күндері өзім Өскеменде тұрсам да, ауылдың жағымды жаңалығына, жылт еткен жақсылығына балаша қуанып, амандықтарын тілеп отырамын. Сонау әкелеріміз негізін қалап, бүгінде ұрпақтары одан әрі дамытып отырған туған жеріміз әлі де өсіп-өркендей берсін. Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман болсын дегім келеді.

Қабылбек Ғафуров,
ардагер ұстаз
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button