Туған өлкесінің қайта түлегенін қалайды

Бұл күнде кәсіпкер атанып жүрген азаматтар көп болғанымен, олардың араларында еңбегім халық үшін дейтіндердің қатары аз. Ал марқакөлдік кәсіпкер Құмар Бату жайында ел ішінде жағымды сөздер көп айтылады. Туған өлкем өркендесе екен, ауылдастарым ештеңеден тарықпаса екен деген мақсатпен жұмыс істеуде.
Кәсіпкерлікті тақыр жерден бастаған Құмар бизнестің ауыр жолынан өтті. Марқакөл «аудан» мәртебесінен айырылғанға дейін тапқан табысы, отбасын асырауға жетерлік жұмысы болды. Орта техникалық білімімен аудандық тұрмыстық комбинатта шофер болып істеді. Аудандық коммуналдық шаруашылықта механик, бас инженер болып істеген кездері де болды. Жылжымалы механикалық колоннада шебер-механик сияқты жұмыстарды атқарды. Одан автотранспорт кәсіпорнында автобус жүргізді, кейіннен бригадир, өндіріс бастығы тізгінін ұстады. Мекеме тарағанда ол да көппен бірге жұмыссыз қалды.
Кәсіпкерлікті таксистіктен бастаған
Марқакөл ауданы 1997 жылы таратылып, аудан орталығы Күршімге көшкеннен кейін жалғыз Құмарбектің емес, барша марқакөлдіктердің жағдайы қиындап кеткені белгілі. Күнкөрістің қамымен «жерұйық» іздеп, басқа жаққа қоныс аударушылар көбейді. Бұрынғы аудан орталығы Алексеевкадан, әсіресе, жастар көптеп кете бастады. Бірақ Құмарбек өзгелердей үдере көшуді ойына да алған жоқ. Белді бекем буып, саудамен айналысуды құп көрді. Астындағы көне «Москвич» машинасымен әу баста кісі тасуға шықты. Өскеменге барған алғашқы сапарында 2000 теңге таза пайда түсіргеніне масаттанғаны бар. Ол кездің өлшемінде бұл дегеніңіз әжептәуір қаражат болатын. Марқакөл-Күршім-Өскемен аралығында сабыламын деп жүріп, онсыз да ескі көлігінің сау тамтығын қалдырмады. Қыс күндері тәуліктеп жолда қалған кездері де жиі болып тұратын. Алайда, жігерлі азамат мұның біріне де жасымай, уақытша қиындықтар деп түсінді.
Таксистік қызмет тоқмейіл адам үшін жан бағуға жарап жатқан-тұғын. Бірақ ол мұны қанағат тұтпады, сауда-саттықпен айналысуды құп көрді. Сауданың көрігі «Албени», «Сникерс» шоколаттары мен сағыздан басталды. Бара-бара сол кезде ауыл тұрғындары үшін аса қат ұн, қант, сабын, шай сияқты азық-түлік түрлеріне ауысты. Қаладан әкелгендерін ауылдағы коммерсанттарға үстеме бағамен сатып жүріп, біраз қаражат жинауға мүмкіндік алды.
«Көш жүре түзеледі» дегендей, келе-келе ісі оңға басты. Тәуекелге бел буып, 2001 жылы ауылда үлкен дүкен салуды қолға алды. Ауылдастарының арасында: «Жалғыз өзің қытайларға қарсы қамал тұрғызып жатырмысың» деп күле қарағандары да болды. Қазір жерлестері қалжыңға айналдырған сол «қытай қамалы» сәулетті сауда-саттық дүкеніне айналып, тұрғындарға қызмет көрсетіп тұр.
Көп өтпей құлашын кеңге сермей бастады. Бір кәсіпкердің қолына көшіп кеткен кинотеатрды сатып алды. Оны өз қалтасынан 3 миллион теңге мөлшерінде қаржы шығарып, шаруашылық дүкеніне айналдырды. Қазір осы екі дүкен халыққа қымет етіп тұр. Жиыны ауылдың 15 тұрғынына тұрақты жұмыс тауып беріп отыр.
Ауылды жерде тұрғаннан кейін мал шаруашылығымен айналыспауға бола ма? Құмарбек бұл шаруаның да ығын таба білді. Бір ферманы арендаға алып, қожайынымен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Қазір қолдарында 150 ірі қара мен осыншама қой бар, жылқылары өз алдына. Осының бәрін үкіметтен бір тыйын да қарыз алмастан жүзеге асырды, бәрі өз еңбегінің, маңдай терінің жемісі деуге болады. Кәсіпкер ауыл тұрғындарын ғана емес, жеті мектеп пен бір колледжді экологиялық таза етпен қамтамасыз етіп отыр. Тағы бір нәрсені айтпай кетуге болмас. Өзінің жолын қуған кенже ұлы Асқар екеуі облыс орталығында мейрамхана ғимаратын тұрғызу үстінде.
Құмарбектің кәсіпкерлік жолындағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Егер Күршім ауданында екі-үш мың кәсіпкер бар десек, солардың арасынан 2017 жылы оза шауып, ең үздік меценат атанды. «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» мен «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медальдарын омырауына тақты.
Жас кезінде 140 роман оқыпты
Құмарбек Зәкиұлымен болған әңгімеден оның әр нәрседен хабары мол, қоғам өмірінде болып жатқан өзгеріс-жаңалықтарды екшей білетін жан екенін білдік. Тіпті, зиялы қауым атанып жүргендерден ой-өрісі әсте кем емес екенін байқадық. Бұл жас кезінде оқыған 140 роман мен повестің тигізген пайдасы болар, сірә.
-«Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» деген бар емес пе. Мендегі үлкен арман – Марқакөлдің бұрынғысынша жеке аудан болғанын көру. Екі аудан қосылғаннан бері шекаралық Марқакөл өңірі жалаңаш қалды. Осылай кете берсе не болмақ? Бұрындары Марқакөл ауданы табиғаты ғажап, халқы да ең көп аудан саналатын. Шекара сызығы бізден небәрі екі шақырымдай ғана жерде. Күнде көріп жүрміз, көршілеріміз шекараларын жандандыруда.
Шамдарын жарқыратып қойды, асфальт жолдары сайрап жатыр. Шекаралық аймаққа халықты төге түсуде. Біздегідей емес, тікенек сымның арғы жағында қайнаған тіршілік бар, – деп Құмарбек ауыр күрсінген сәтте біздің жүрегіміз де шым ете түскен еді.
Құмарбек біраз үнсіздіктен кейін үзілген сөзіне қайта жан бітірді.
-Жуықта республикалық газеттердің бірінен оқыған едім,- деді не айтар екен дегендей бетіме тура қарап, – Оңтүстік Қазақстан облысында қосылып кеткен екі аудан қайтадан жеке-жеке отау тікпек екен.
Иә, зерделі азамат жаңсақ айтып отырған жоқ. Соңғы кездері жабылып қалған аудандарды қайтадан ашу мәселесі қолға алына бастағаны рас. Оған кейіпкеріміз тілге тиек еткен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтарал және Сарыағаш аудандарының қайта бөлінгелі жатқаны мысал бола алады. Ал, жуықта Алматы облысындағы Райымбек ауданы Кеген және Райымбек ауданы болып, қайта бөлінгені жөнінде БАҚ ресми хабар таратты. Демек, бұл облыстың шекаралық аймағы нығайады деген сөз.
Құмарбектің арманы орындалуы үшін көп жұмыс істеу қажет. Марқаның аузы дуалы ақсақалдары мен қоғам белсенділері, түрлі қоғамдық ұйымдар үкімет алдына мәселе қойып жатса, сірескен сеңнің жібуі бек мүмкін. Бүгінгі күннің жағдайы осыны талап етеді.
…Жастайынан жетімдіктің зарын тартып өскен Құмарбек өзінің еңбексүйгіштігінің, табандылығы мен мақсаткерлігінің арқасында жоғарыдағыдай дәрежеге көтеріліп отыр. Отбасында үш баласы бар, үлкені Жанат мемлекеттік қызметте, «Айбын» орденінің иегері. Қызы Жанар Д.Серікбаев атындағы университетте сабақ береді. Кенжесі Асқар бизнесте. Өсіп келе жатқан талапты да талантты сегіз немересі бар. Салауатты өмірді серік еткен кейіпкеріміз Пайғамбар жасынан асып кетсе де, өзін орда бұзар отыздағы жігіттердей сергек сезінеді.
Мұрат Әміренов,
ардагер журналист
Күршім ауданы.