Туған күнге тамаша тарту

Астананың туған күніне фонтан сыйладық. Облыстың атынан. Ашылу рәсіміне қатысқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев ерекше фонтанды «Шығыс Қазақстанның Астанаға лайықты тартуы. Ол елорда халқы мен қала қонақтарына ұзақ жыл қызмет етіп тұрады» деп атап өтті.

Рас, «субұрқақтар қаласы» деген бейресми атауы бар шаһарға фонтан таңсық емес. Неше атасы көкке шапшып тұр онда. Астана көгалдандыру құрылыс мекемесінің ақпаратына сенсек, субұрқақ кешенінің саны 40 екен. Оның құрамына үлкенді-кішілі 120 қайнар кіреді. Таңғы сағат 8-ден бастап, 23.00-ге дейін соның бірде-бірі тыным таппайды.
Астананы былай қойып, жерден атқылаған бұлаққа далалықтардың ешқайсысы да таңғалмайды негізі. Табиғатта жиі ұшырасатын мұндай бұлақтарды бабаларымыз таспен қоршап, күтімде ұстаған. Ал мына жасанды фонтандардың да тарихы әріде жатыр. Нақты уақытын қайдам, алғашқысын көне Рим сәулетшілері жасап шығарған көрінеді. Қысым қуатты болуы үшін күйдірілген қыш құбырларды пайдаланыпты-мыс.
Сонымен не керек, таңғалмаймыз деген дүниеге де таңғалатын болдық бүгін. Таңғалмасымызға жүрдек заман ерік берді ме? Берген жоқ. Алысқа бармайық. Кеше ғана республика көлеміндегі үлкен фонтан Өскеменде ашылғанда таңғалғанымыз рас па? Рас. Табиғатта жиі ұшырасатын қайнар емес еді ол өйткені. Иә, одан мың есе қуатты. Әмбе дәл бір арулардың өзіндей мың бұралып би билейтінін айтсаңшы. Өңі де неше алуан түрге еніп, сан құбылады.
Ал одан кейін ашылған Астанадағы мынау фонтан ше? Ол да таңғалдырарлық па? Аспанға шапшыған суға әлі де таңғала бере ме ел? Субұрқақ ісінің шеберіне айналған біздікілердің қолынан шыққан осы жолғы туынды бұрынғылардан несімен ерекшеленеді?»..
30 метр биікке су атқылайды
Ерекшелігі көп. Бірсін-бірсін баяндай берейік. Әзірге бұл республика көлеміндегі ең үлкен субұрқақ. Пішіні шеңбер тәрізді. Сыртқы диаметрі 73 метрді құрайды. Оның қақ ортасында таза мыстан құйылған тайқазан орналасқан. Шымкент шаһарында даярланған бұл қазанның биіктігі 6,5 метр болса, алып жатқан аумағы 7,8 метрге тең екен. Тайқазанның тұмандатқышы іске қосылғанда, ішіндегі су қайнап шығып жатқандай көрініс береді. Қайнардың нақ өзі дерсіз. Ең бір таңғаларлығы, бүріккіштер суды 30 метр биікке атқылай алады. Есептеп көрсек, бұл 10 қабатты үйден де жоғары секілді. Оған қараған жанның басынан қалпағы түсері анық.
Бірақ суды әлгіндей биікке атуға болмайды. Мамандар 12 метр жеткілікті екендігін айтып отыр. Әйтпесе, жел соққанда маңайындағы жұртқа қауіпті. Жайшылықта үш метр биікке көтеріліп, бірқалыпты атқылап тұра бермек. Фонтанның тағы бір ерекшелігі – ондағы су қоймасының (резервуарының) көзден таса, жер астына жасырылғандығында. Тайқазаннан атқылаған су бейне бір жерге сіңіп, жоқ болатындай. Бірақ олай емес. Ол жасыл алаңдағы сүзгіден өтіп, жасырын қоймаға жетеді.
Осы сүзгінің (немесе жасанды көгалдың) арқасында фонтан қыс түскенде де аса қатты әуре-сарсаңға салмайды. Шамдары, су бүріккіштері мен басқа да жабдықтары түгелдей сүзгінің астында қалады. Сондықтан қымтап жабудың керегі жоқ.
Бұл фонтанды іздеген жан Қабанбай көшесінің бойындағы ботаникалық бақтан табады.
Ерхат Бердіұлы, Астана қаласының тұрғыны:

– Жаз болса, атасы мен апасының балалары бізге қыдырып келеді. Сонау Шығыс Қазақстаннан, Тарбағатай жерінен. Олардың келуі – бізге де той. Мәре-сәре болып, күнбе-күн өзгеріп жатқан қаламызды балалармен бірге аралаймыз. Әсіресе күннің ыстығында «Нұрлы жол» бағында серуендеп, алып субұрқақты саялаймыз. Балалар фонтанды ерекше жақсы көреді ғой. Өзіміз де ұнатамыз.
Иә, «Нұрлы жол» бағындағы фонтаннан енді асып түсетін дүние жоқ деп ойлаушы едік. Бірақ олай емес екен. Таяуда ашылған мынау фонтан одан асып түсті. Жерлестеріміз Астана күніне тарту етіпті дегенді естігенде шын қуанып, көруге асығып жеткенбіз. Ашылу салтанатында іске қосылғанын көріп таң-тамаша болдық. Бір рет көрсе, бала деген жанды қоя ма? Енді тұрақты жұмыс кестесіне ауысқанын тағатсыздана күтіп жүрміз.
Көктем Қарқынқызы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті, Астананың құрдасы:

– Біз де, біздің қаламыз да 20 жасқа толдық. Мектеп бітіріп, арман қуып келген шаһарымыз екі жылдың ішінде мүлде өзгерді. Жайнай түсті. Біз де бой жеттік.
Туған күнімізге тамаша сыйлықтар алып жатырмыз. Өз басым туған-туыстарыма, достарыма шексіз алғыс айтамын. Астана да еліміздегі бауырлас аймақтарға риза деп ойлаймын. Мәселен, Атырау облысы Есілдің екі жағасын жалғап тұратын көпір салып берді. Жетісу ботаникалық бақ ашпақшы. Ал Шығыс Қазақстан таңғажайып фонтан сыйлады.
Тасқын Болатұлы