Туған елін әнімен әлдилеген
1970 жылдардың басында өскемендік әнсүйер қауым жас сазгер Ерболат Ахмадиев жетекшілік ететін «Әндер» ансамблінің өнерін жалықпай тамашалайтын. Ол кезде тек қазақ жастарынан құрылған алғашқы «Әндер» вокалды-аспаптар ансамблінің атағы дүркіреп тұрды…
Құлақтың құрышын қандыратын әндерімен көпшілік құрметіне бөленген ансамбль мүшелері Ұлан, Жарма, Глубокое, Шемонайха аудандарына гастрольдік сапарға жиі шығатын. Ансамбль құрамындағы Тілеукен Ғаниев, Мұрат Жуанышбаев, Гуля Баяндинова, Тілеш Құрманғалиев және басқалар ионика, электр гитарада ойнаса, зайсандық Файзрахман Тұрдыбеков әуелетіп ән салатын. Ол «Гүлдерайым», «Алатау», «Огонек», Полад Бюль-Бюль оғлының «Долалай», «Позвони» секілді басқа да әндерді шырқаған кезде тыңдармандар тамсанып отыратын. Ендігі әңгіме осынау сайдың тасындай өнерпаздардың ішінен өз орнын тапқан зайсандық Файзрахман туралы болмақ.
Бесінші сыныпта басталған
Қабаш Тұрдыбеков пен жұбайы Фаузияны зайсандықтар ерекше құрметтейді. Отағасы Ұлы Отан соғысының ардагері, сұрапыл жылдары Қарағанды шахтасында еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосқан. Жұбайы Фаузия да шахтада жұмыс істеді. Екеуі Қарағандыда танысып, дәм-тұзы жарасып, кейіннен Зайсан ауданының Дайыр ауылына қоныс аударады. Тұрдыбековтер отбасы 11 баланы тәрбиелеп өсірді, жеткізді. Оқытты. Үлкені – Файзрахман, одан кейін Уәлихан, Төлеухан, Сайранбек, Еркінбек, Жібек, Зейнетолла, Салиха, Асхат, Фариха, Фарида, Аманжол. Қабаш ақсақалдың балаларының бәрі де өздері еңбек еткен саланың мақтаныштары болып, еңбектерімен ел көзіне түскен жандар.
Файзрахманның музыка әлеміне деген құштарлығы бесінші сыныпта басталыпты. Тарих пәнінің мұғалімі, баянда ойнап, ән салған кезде ерекше қанаттанып кететін Қалибек Рахымбаев 12 жасар баланың музыкалық қабілетін байқап, бір күні оны хорға жетектеп әкеледі. Әуезді дауысы бар бала сахнаны жатсынбай, өзін еркін ұстап, ән сала бастайды. Анасы Фаузия баласының бетінен қақпай сырнай, кейіннен баян сатып алып береді. Міне сол сәттен Файзрахманның әншілік ғұмыры басталады. Ол сабақ арасындағы үзілісте баянда ойнап, жоғарғы сынып оқушылары би билейтін. Жоғарғы сыныпта оқығанда концерттерге жиі қатысып, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқовдың әндерін шырқап жүрді.
1966 жылы мектеп бітірген бозбала әскери борышын өтеуге Алманияға аттанады. Әскерде жүргенде де өнерден қол үзбеген ол мәдени іс-шараларға араласады. Басшылары оны гарнизонның ән-би ансамблінің солисі қызметіне шақырды. Бірақ Файзрахман әскери борышын өтеген соң, бірден елге оралады. Туған жеріне табан тіреген жасты Гоголь атындағы мектептің директоры Қайлар Смағұлов әскери дайындық пәнінен сабақ беруге шақырады. Оқу ісінің меңгерушісі Гүлшира Дәуленова да әнші жігіттің талантын ұштауға көп қамқорлық жасайды. Бір айлық арнайы курсты оқып алған Файзрахман мектепте қызмет ете жүріп оқушыларды концерт, байқауларға дайындайды. Арасында ауыл көркемөнерпаздарымен бірге көрші ауылдарға гастрольдік сапарға шығып жүреді. Дауысы құлаққа жағымды, ән салған кезде ерекше толқып, тыңдарманын баурап алатын әншіні көпшілік ұнатты. Файзрахманның әндері-ай деп тамсанатын.
«Әндер» салған әндері-ай!
Уақыт өте келе музыкалық білім алуды аңсаған азамат 1972 жылы Өскемен педагогикалық институтының музыка факультетіне оқуға түседі. Бірінші курста оқып жүргенде Өскемен конденсатор зауыты ансамбль құру үшін талантты жастарды іздестіре бастайды. Ерболат Ахмадиев бір күні Файзрахманды, жармалық Мұрат Жуанышбаев пен Тілеш Құрманғалиевты, пединституттың музыка факультетінде оқитын Тілеукен Ғаниевты жинап алып, зауытта құрылып жатқан ансамбльге мүше болуға шақырады. Жастар келіседі. Вокалды-аспапты ансамбльге «Әндер» деген ат беріледі. Конденсатор зауыты кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Еликин де музыка десе ішкен асын жерге қоятын жан екен, зауыт басшыларына айтып жүріп оларға жаңа киім, қажетті аспаптардың бәрін алып береді. Бірнеше жігітті жатақханамен қамтамасыз етеді. Ал Алманиядан алғызған «Регент» электр аспабы ол кезде тіпті Бари Алибасов құрған «Интеграл» тобында да болмаған.
Арада жыл өткенде ансамбльдің атағы шығып, Өскеменде өткен түрлі байқаулар мен фестивальдарда лауреат атана бастайды. Сол кездері Ерболат Ахмадиевтің «Қоштасқым келмейді» (сөзін талантты ақын Хамит Балшабеков жазған) әні дүниеге келіп, оны Файзрахман орындап жүрді. Жалпы, әншінің репертуарында сол кезде жастардың хитіне айналған «Тұмарым», «Жанарым», «Жаным-ау», «Өз елім», «Алатау» сынды әндер болды. Ансамбль аудандарға жиі шығып, концерт қоятын. 1973 жылы Зайсанға барған сапарында «Әндер» ансамблі Дайыр мен Қараталда, аудан орталығына бірнеше концерт берді. Қайтар жолда Ақжарды ән мен күйге бөлеп, ол жерде өзін музыкаға баулыған ұстазы Қалибек ағасы жастарға батасын берді. Гастрольден келген соң сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Орал Малдыбаев оларды қабылдап, Алғыс хатпен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Комсомол сыйлығын алды
…1974 жыл. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында патриоттық әндердің республикалық байқауы өтуде. Бұл сайысқа облыстық мәдениет саласының басшылары «Әндер» ансамблін жіберуді ұйғарады. Шығыстың өнерпаздары өздеріне сенім білдірген соң, аянып қалсын ба. Сапарға шығар алдында бірнеше күн дайындалады. Байқауда Файзрахман «Қызыл сұңқарлар» әнін орындайды. Арнайы бағдарламамен сахнаға шыққан өнерпаздарға жиналғандар зор қошемет көрсетіп, сахнадан жібермей, бірнеше ән салдырады. Сол жолы «Әндер» ансамблі Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атанып, екінші орынға ие болады. 17 ансамбль қатысқан байқауда бірінші орынды жезқазғандық «Қарагөз» ансамблі иеленеді.
Өскемендегі оқуын бітірген талантты жас арада бірнеше өткенде кіндік қаны тамған ауылына оралады. Дайырдағы мәдениет үйінің директоры қызметін жемісті атқарады. Ауылда театр құрып, бірер жылдан кейін «Халық театры» атағын жеңіп алды. «Қозы Көрпеш, Баян сұлу», «Алдар көсе» спектакльдері тек Дайырда емес, көрші аудандар мен ауылдарда қойылады. Мәдениет үйінің директоры бола тұра өзі спектакльдерде ойнап, тамылжытып ән салатын.
Софияда лауреат атанды
1988 жыл. Файзрахманды аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Рысбек Жұмағалиев қызметке шақырады. Бұл кезде Ризабек көркемдік жетекші, жұбайы Әлия солист болатын. Файзрахман солармен бірге аудан өнерпаздарының атын шығарып, бірнеше республикалық, облыстық байқаулардан лауреат атанып жүрген. Әлі есінде 1989 жыл Болгарияның София қаласында өткен дүниежүзілік фестивальда облыс атынан зайсандықтар қатысып, лауреат атанып қайтады. Қазіргі аудандық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, бұрын музыка мектебін басқарған Серікбол Сиырбаев дауылпазда ойнаса, Файзрахман ән салады. Молдованның «Смуглянка» әнін шырқаған кезде қалың тыңдарман орындарынын тұрып, қосыла шырқаған екен.
Мінезі ақжарқын, жүрген жерін әзіл мен думанға бөлеп жүретін досым Файзрахман биыл 70 жасқа толып отыр.
– Мен туған жерге кіндігімнен байланған адаммын. Кезінде мені Алматыға, Өскеменге қызметке шақырды. Бармадым. Бара алмадым, көз алдыма үнемі Дайырым, достарым, туыстарым тұратын. Ақыры кіндік қаным тамған Зайсанымда қызмет етейін, ел-жұртымды әнге бөлейін деген ой келді. Адамда арман бітуші ме еді, арманым көп, екі ұлым да ерте шетінеп кетті. Олар еске жиі түседі, түсіме де кіреді. Бұрынғы жұбайым, үш бала сүйгізген Раушан 1995 жылы өмірден озды. Қазіргі құдай қосқан қосағым, мыңдаған адамның тісін емдеп, алғысын арқалап жүрген дәрігер Қамар Тымақбаева. Балалардың бәрі өсіп-жетті. Немере сүйгізді. Ал шығармашылыққа келсек, бүгінге дейін «Дәрігер», ақын Ұлықбек Есдәулеттің сөзіне жазылған «Зайсаным», «Туған жер» атты әндерімді жергілікті өнерпаздар шырқап жүр. Аудан әкімі Темірбек Қасымжанов, аудандық мәслихат хатшысы Дәулет Ыдырышев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева, аудандық «Достық» газетінің редакторы Ардақты Бөлдекбаева, басқа да азаматтарға алғысымды айтамын, менің 55 жылдық әншілік қызметімді бағалап, құрмет көрсетіп жатыр. «Әндер» ансамблінің мүшелері Тілеукен мен Ерболат өмірден ерте озды. Мұрат Жуанышбаев әлі де ән салып, өнерімен жұртты сусындатып жүр, – дейді жетпіске келген Файзрахман Қабашұлы.
Оңдасын Елубай,
Зайсан ауданы.