Қоғам

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҰТҚАСЫ

Қазіргі кезде ақпараттың негізгі көздеріне айналып отырған  ватсап, инстаграмм, фейсбук сияқты бәлелерді ашып қалсаң: «Ойбай, Шығысты Қытай басты, Марқа жақтың бүкіл жерін солар алып қойыпты, ел дүрлігіп көшіп жатыр екен» деген сияқты қауесеттен көз тұнады. Бүгінде ешқандай нақты дәлелі болмаса да, біреуден естіген алыпқашпа сөзді одан әрі үрлеп, жініктіруге құмар желауыздардың көбейіп бара жатқаны саналы адамды алаңдатпай тұрмайтыны белгілі. Қаншама басу айтып, айқын айғақтарды көлденең тартсаң да, осы бір лапылдап алған өсектің оңайлықпен сөнбей жатқаны жалған емес.

Біз ауданның шалғай нүктелерінің бірінен саналатын Марқа өңіріндегі Төсқайың ауылына түске тармаса жетіп, ат басын осындағы ең ересек әрі аузы дуалы деген қариялардың бірі Беткенбаев Карлхан ақсақалдың үйіне тіреген едік. Ол кісі үйде екен, шақырусыз қонақ болсақ та, еш жатырқамастан, әзіл-қалжыңын айта жүріп қарсы алды. Осыдан кейін қарияның келіні Гүлсара жайған мол дастарқан басында емен-жарқын әңгіме басталып жүре берген болатын.

– Өз басым Марқа өңірінде еркін жүрген ешқандай қытай азаматын көрген жоқпын, – дейді Карлхан аға. – Қауесетке ермейміз де, туған жердің бір қарыс бөлшегін ешкімге бермейміз. Өзім осы ауылда туып-өстім, жетілдім. Енді, міне, туған жердің тұтқасындай болып, кейінгі буынға білген кеңесімізді айтып, көрген өнегемізді үлгі етіп, тірлік кешіп жатырмыз. Ешқайда көшетін, жақсы өмір іздеп жөңкілетін ойымыз жоқ. Біз үшін, әсіресе менің өз басым үшін осы Төсқайың ауылынан асқан жұмақ та, жайлы жер де жоқ.

Әкесі атын кешегі коммунизм идеясының авторы, сол идеяны ұстанған қауымның пірі Карл Марксқа ұқсатып қойған Карлхан аға жеті кластық білім алған соң, сол шақтағы барша бозбалалардай ауыр еңбекке жегілуге мәжбүр болыпты. Бұл ауыл алдымен Калинин атындағы колхоз, соңынан Қаба совхозы деп аталған екен. Жас жігіт басшылар қайда жұмсаса сонда барып, алуан түрлі мамандықтың тізгінін ұстайды. 1956 жылы әйгілі генсек Н.Хрущевтың шешімімен Ақмола облысы Тың өлкесі атанып, қаланың атауы  Целиноград болып өзгертілгені тарихтан белгілі. Сол аймаққа жас механизаторлар қажет болып, ішінде 16 жастағы Карлхан бар бір топ жігітті Борандағы кәсіптік-техникалық училищеде тракторшы мамандығына оқытып, даярлаған екен. Бірақ соңынан Қаба совхозының басшылығы «өзімізге де тракторшы керек»,  деп оларды жібермей алып қалады. Сөйтіп, жас маманның техника тізгінін ұстаған алғашқы қадамы басталған екен.

– Алдымен У-2 деп аталатын «Универсал» тракторын айдадым, – деп еске алады Кархан аға. – Доңғалақтары, тіпті руліне дейін темірден жасалған қолапайсыздау техника еді. Ол кезде баға жетпес құрал саналған кабинасы да жоқ осы трактормен жазда ғана жұмыс істейтінбіз. Біраздан соң әйгілі шынжыр табанды НАТИ тракторы келді. Оның да тізгініне алғашқылардың бірі болып мен отырдым.

1960 жылы техникаға ыңғайы мол талапты жігіт аудан орталығы Алексеевка ауылына жөнелтіліп, онда жүргізуші мамандығын алу үшін 6 ай оқыған екен. Сонда жүргенде өмірлік серігі Қазиза Қоңырқызына жолығып, шаңырақ көтереді. Екеуі 47 жыл тату-тәтті ғұмыр кешті, бес бала өсіріп, саналы ұрпақ тәрбиеледі. Өкінішке қарай, қосағы 2007 жылы ауыр науқастың салдарынан бақилық болып, қарттың иығына қайғының ауыр салмағы түсті.

– Тағдырға шара бар ма? – дейді қария. – Дегенмен құдайға шүкір, балаларым жетті. Өзім оқи алмасам да, осылардың барлығын оқытып, жоғары білім алып бердім. Қазір ұлым Әлижанмен бірге тұрып жатырмын. Келінім Гүлсара Қызылорданың Қазалы ауданының тумасы. Тәуба дейін, ол бір құдайға қараған, тәрбиелі бала болып жолықты. Бетіме қарамайды, қолынан келгенше қамқорлық жасап, күтіп жатады. Ең бастысы, қайбір келіндердей «мына табиғаты қиын, жолы нашар қиянда тұрмаймын» деп ұлымды төркініне сүйрелеген жоқ.

Осыны айтып, қулана күлген  атасын Гүлсара барынша байсалды түрмен қостады.

– Мен осында келін болып түскелі 27 жыл болыпты, – дейді ол. – Жылы жақтан келген басым алғашқыда бұл өңірдің қақаған аязы мен кісі бойы жауатын қарына үйрене алмай қиналғаным рас. Бірте-бірте қалыптастық, бауыр бастық, енді  мен үшін де бұл аймақтан жақсы мекен табыла қоймайтын сияқты.

Техниканың барлық түрін тізгіндеген

Жүргізуші мамандығын алып келгеннен кейін техникаға жетік маманға зәру өңірде Карлхандай жігіттің бағасы аспандап шыға келген екен. Ол нетүрлі мамандықтың тізгінін ұстап, алуан қызметті атқарады. Автомобильдің барлық маркасын жүргізіп, жаңадан келген техника атаулыны өз қолымен сыннан өткізеді.  Бір күні облыстан «Өскеменге Челябинскіден пойызбен сол тұста теңдесі жоқ үш С-100 қуатты тракторы жеткізілді. Солардың бірі табиғаты қатал Қаба совхозына бөлінді» деген хабар жетеді. Сол тракторды алып келу үшін жанына Гордеев деген тракторшыны алып, совхоздың экспедиторы Карлхан Беткенбаев аттанады.

– Біз Өскеменнің Сол жағалауына әкеліп қойылған алып тракторды қабылдап алып, жолға дайындадық, – дейді Карлхан аға. – Ол кезде  гидравлика деген түсінік жоқ, троспен көтерілетін күрегі жерге тіреліп қалатын болғандықтан, бұл пәтшағарың тек артқа ғана жүреді екен. Қыбырлап жүріп кеттік, мен автокөлікпен еріп келемін. Сол жүргеннен  11 күн дегенде Зайсанға жеттік. Қара Ертістегі көпірге келсек, ондағы күзет «көпірді талқандап кетесіңдер» деп өткізбейді. Басшыларға хабарласып, олар ауданға шығып, әрең дегенде көпірден өттік. Сонымен, он бес күн дегенде ауылға табан тіреп, кейін осы өңірге көп пайдасы тиген қуатты тракторды аман-есен жеткіздік.

Туған елдің кәдесіне молынан жараған Карлхан Мұқатайұлы шаруашылықтың барлық саласында тер төкті. Ол кім болып жұмыс істемеді, жылқышы, тракторшы, шопыр, ферма басқарушысы, директордың орынбасары, омарта шаруашылығының бастығы дейсіз бе, қысқасы, ауылда нендей шаруа бар, соның бәрін атқарды. Сондай-ақ қайда жүрсе де тыңғылықты да тиянақты маман ретінде танылып, мақтау мен алғыстың сан түрін иеленді.

Мұқағали Мақатаевпен қалай кездесті?

Ең бір қызықты естелік ретінде қария 1972 жылы Марқакөлге келген қазақтың әйгілі ақындары Мұзафар Әлімбаев пен Мұқағали Мақатаевты қалай қарсы алғанын баяндайды.

– Ол кезде Қабаға Өскеменнен екі мәрте, Алексеевкадан үш мәрте АН-2 ұшағы қатынайды, – дейді қарт. – Мемлекет шекаралық аймаққа өте жіті назар тігіп, барлық жағдайды жасады ғой. Бір күні «әлдеқандай құрметті  қонақтар келіп қонады, соларды қарсы алыңдар» деген жарлық түсіп, мен ГАЗ-66 автокөлігімен әуежайға бардым. Бір кезде ұшақтан түскен бірі елулердегі, екіншісі қырықтың шамасындағы екі азамат өздерінің Алматыдан келгендерін айтты да, кабинада үш адам отыратын орын болмағандықтан, менің көлігімнің қорабына шығып жайғасты. Ас ішіп, әлденіп, бұл жақтағы шаруалары ыңғайланған соң, олар Марқаның көлін көру үшін әдейі келгендерін айтып, сонда жеткізіп салуымды өтінді. Басшылар рұқсат беріп тұрса мен несіне бәлденемін, алдым да жөнелдім.

Марқакөлдің жағасына келгенде екеуі керемет сүйсініп, табиғаттың көркемдігіне таңырқап, бас шайқаумен болды. Өздерін таныған жұртқа автограф беріп, өлеңдар жазып жатты. Мен болсам, орысша оқыған шалақазақпын, әрі ол кезде мұндай ақындарды орыстың билігі жүріп тұрған, тек сол тілде сөйлесетін біздің өңірдің халқы естіген де жоқ болатын.

Ақындардың жастауы маған да арнап дәптердің бір бетіне өлең жазып берген болатын, әлгі парақ сол күйі мәшиненің ішінде қала беріпті. Қазір күнделікті ана тілімізде теледидар көріп, қазақша газет-журнал оқып, «көзіміз ашылған» кезде сол парақты сақтап қоймағаныма өкініп, ішім удай ашиды.

Карлхан ағамыз сол бетімен әлгі қонақтарды Алесеевкаға апарып, жүгіріп жүріп билет тауып беріп, облыс орталығына ұшырып жібергенін айтады. Кім екендерін жыға танымаса да, қазақтың бетке ұстаған азаматтарына сәл де болса қолғабыс жасап, көмек көрсеткенін мақтаныш тұтады. Олардың осынау шалғай өңірге не  шаруамен, қалай келіп қалғандарын тәптіштеп сұрамағанына өкініш білдіреді.

Карлхан ағаның жас кезінде той-думанның гүлі болғанын да естігеніміз бар-тын. Осы жайлы сауал қойғанымызда ол кісі қашқалақтай жауап қатып, «соны қайтесіңдер» дегендей сыңай білдірді. Бірақ осы арада бізге қарияның келіні Гүлсара көмекке келіп, атасының шынайы өнерпаз болғанын «мойындатты».

– Атамыз бертінге дейін гармоньмен ән айтатын, – дейді ол. – Көбінесе орысша салатын еді. Осы ауылда өмір бойы биология пәнінен сабақ беріп, құрметті ұстаздардың бірінен саналған шешеміз екеуі «Ах, Самара, городокты» қосыла шырқағанда таңданбаған жан қалмаушы еді.

Осы өңірдің дамуына, ел-жұртының өркендеуіне соншама үлес қосып, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектенген Карлхан ағамыз бен оның ұлы Әлижанға совхоз таратылып, мал-мүлкі пайға бөлінген уақытта жауыр ат та тимей қалыпты. Бірақ оған реніш білдіріп, күйініп отырған қарт жоқ, ол қайратының барында мал өсіріп, техника сатып алып, «Қаба» атты шаруа қожалығын құрды. Тыным таппай, уақытпен санаспай еңбек етті. Соның арқасында бұл үй тракторы да, мәшинесі де сай, жүзден артық жылқы ұстап отырған ауқатты отбасының біріне айналды. Бір кездегі сауда саласының маманы Гүлсара дүкен ашып, шаруасын өз бетінше дөңгелентіп отыр.

Атаның беделі, ұл-келіннің қонақжайлылығы арқасында Қаба өңірінің би болмаса да, би түсетін үйіне айналып отырған осынау құтты шаңырақтың қонақтан арылатын кезі болмайтын сияқты. Оның үстіне Карлхан ағаның төртінші баласы Әлижан – Төсқайың ауылдық округінің әкімі. Оған шаруа ыңғайымен күндіз-түні келіп жататын жұрттың жөні тағы бір басқа. Қалай дегенмен де, бұл үйдің кім келсе де есігі әрдайым ашық, дастарқаны әркез жасаулы. Осының өзін аудан, облыс, тіпті республиканың шығыс аймақтағы ең шеткі нүктесінен орын тепкен шағын ғана ауылдағы береке мен бірліктің, ата дәстүріне деген адалдықтың айқын мысалы деп білуге болады. Халқы үдере көшіп, үй-орманы селдіреп қалған шалғай ауылда туған жердің тұтқасы, ел мен жұрттың ақыл айтар тиянағы болып отырған Карлхан ағамыз бен басқа да ескікөздерді көріп, көңіл төрінде қанағатты да қуанышты бір сезімнің бас көтергені рас еді. Олар барда ел – орнында, жер – иесінің қолында. Осындай аузы дуалы, қадамы киелі қарттарымыз аман болғай!

Хасен ЗӘКӘРИЯ

Күршім ауданы      

Осы айдарда

Back to top button